17.11.2016, 11:19
Оқылды: 40

«Мәңгілік Ел – мәңгілік мұра» атты форумы өтті

????????????????????????????????????

  Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналып Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта жастардың «Мәңгілік Ел – мәңгілік мұра» атты форумы өтті.

Айтулы шараға жиналғандарды құттықтай келіп, Ақжайық ауданы әкімі Әділ Жоламанов «Бабаларымыз сан ғасыр аңсаған егемендікті баянды ететін, келешегімізді кемелдендіретін, дәуірдің қозғаушы күші әрине, жастар. Сондықтан ел үшін еңбек етіп, тер төгуде еш аянып қалмайтындарыңызға жұртымыз сенеді»,-деді ол.


Бұдан соң аудан әкімі жастар саясатының жүйелілігі мен жарқын жетістіктерін тілге тиек етті.

Мысалы, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында 210 жас тұрақты жұмысқа орналасып, 25 жас қайта оқуға жолданды. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша соңғы 5 жылда туған жерінің тыныс-тіршілігіне жаңа леп, тың серпін берген 400-ге жуық жас маман келді. «Жастар практикасы» бойынша жұмыспен қамтылғандар аз емес. Басқа да жақсылық қаншама.

Ә.Т.Жоламанов ауданымыздың қоғамдық, саяси-әлеуметтік, мәдени-спорттық өміріне белсене атсалысып жүрген бір топ жасты естелік сыйлықпен қошеметтеді. Бұлар: қазақ күресінен облыс чемпионы және республика жүлдегері Еркебұлан Беляков, велоспорт шебері Аслан Нұрымов, үздік қосымша білім беру педагогы, облыстық «Дала дарындары» байқауының бас жүлдегері Қайсар Сисенғазиев, облыс көлемінде жүзеге асырылып жүрген «Танылмаған талант» байқауының авторы Олжас Сейтімов, Тәуелсіздік құрдастары, дәрігерлер Мұратбек Социалов, Ұлдай Гайсина.

Олардың арасынан Олжас Сейтімов сөз сөйлеп, ата-баба арманы болған қастерлі, тәу етер тәуелсіздіктің құндылықтарына тоқталды. «Егемендік үшін ғасырлар бойы арпалысқан күресті жаңғыртқан, ақыры дүниені дүр сілкіндірген Желтоқсан көтерілісін, оның қаһармандарын қашанда айтып жүрейік, ерлеріміздің рухтарын аялап жүрейік»,-деген Олжас пен жас өнерпаз Асылхан Елемесов «Қазақ жастары», «Қазақстан» әндерін шабытпен, жастық жігермен шырқады. «Сымбат» бишілер тобы «Өрнек» биін мың бұрала орындады.

Форум мінберінен Қайсар Сисенғазиев тұстас-құрдастарының Отанымыздың игілігі үшін, Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясының жүзеге асуы үшін жарқырап көрінетіндеріне зор сенімін жеткізді.

«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасына қатысушы, Абай атындағы мектеп-гимназияның мұғалімі Гүлмаржан Айтова байтақ елімізде қыз-жігіттерге жасалып отырған қамқорлық жайында айта келіп, жастарды алтынбесік ауылдың жарқын келешегі үшін еңбек етуге шақырды. Осы шақыруды қуаттап, сахнадан Бақтияр, Мадияр Мұхамбетовтер «Жаным қазақ» әнін жүректерге жеткізе әуелетті. Ал дәрігер Абзал Дүйсенов пен айтыскер ақын Бекболат Қаленов Тәуелсіздік тойына арнаған жырларын оқыды.

Аудан орталығында іске қосылғанына көп болмаған өндіріс ошақтарының бірі, марқа етін өндіретін «БатысМарқаЛамб» ЖШС директоры, тәуелсіздіктің құрдасы Руслан Темірболат та бұл форумда толғамын іркіп қалған жоқ. Егемендіктің еңсемізді көтерген елеулі сәттерін, оқиғаларын, жаңалықтарын, ауданның инвистиция салуға оңтайлы жағдайын тілге тиек ете келіп, «заманның үніне сай кәсіптерді игеріп, жаңа өндіріс орындарының нығаюына, көбеюіне мүдделілікпен ұмтылайық»,-деді ол.

Елбасының жастар үшін жасап отырған сарабдал саясатының тағы бір көрінісі – «Серпін» бағдарламасы. Осы бағдарламаға қатысушының бірі, Ақжайық аграрлық-техникалық колледжінің студенті, маңғыстаулық Маусымжан Дүйсенова бұл ежелгі кадрлар ұясының бүгінде жасана түскен келбеті жайында айтты.

Әділжан Елешов, Ермұрат Ерболатов, Гүлсезім Қуанышқалиева, Аружан Әділхан, Аслан Бақтығалиевтар патроиоттық әндер шырқап, жиналғандардың көңіл-хошын еселей түсті.

Форумға қатысқан «Батыс Қазақстан облысының жастар қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің төрағасы Ермек Мұхамбетқалиев құттықтау сөз сөйледі.

– Жасампаз елдің жалынды жастары азаттықтың әр күнін бағалап, болашаққа қарымды қадам жасап, елдің келешегі үшін қолдарынан келгенше еңбек етулері керек. Осы орайда Ақжайық ауданы басшыларынан жас толқынға қамқорлық пен назар өте жақсы байқалады. Бұған жастардан жауап – тың бастамашылдық, игі өзгерістерге деген өршілдік көрінетіні сөзсіз деп білемін,-деді ол.

Ермек Самұратұлы айтқандай, ауданда іске ұмтылған жастарға әрдайым қолдау бар. Айталық, жас кәсіпкер Зарина Нұрматова аудан орталығында мемлекет пен жекеше серіктестігінің арқасында балабақша ашты. Тәуелсіздігімізбен бірге нығайып, күш алған кәсіпкерлердің қатарында зергер Ерлан Бектенов, ағаш өңдеу цехының иесі Шынтас Қашимов сынды азаматтар бар. Олардың еңбегіне шара барысында зор ілтипат арналды.

Немесе мына мысал: «Болашақ» бағдарламасы бойынша бүгінге дейін Мұраш Нұралиев, Ғазиза Әбдірахманова, Абай Бердешов, Нұргүл Хайрудинова, Бауыржан Қоспаев сынды 12 ақжайықтық өрен АҚШ, Еуропа мен Азияның мықты деген жоғары оқу орындарында білім алып, қазір еліміздің түкпір-түкпірінде ел игілігіне қызмет етуде.

Самбодан бірнеше дүркін әлем чемпионы Ерболат Байбатыров, белгілі спортшы, гір спортынан ел құрамасының мүшесі Жомарт Тілеуішов, ұлттық ат спортының өкілдері Жанәділ Ғазез бен Құбайдолла Биғазиев, талантты әншілер, республикалық байқаулардың жүлдегері Дәуренбек Мерғалиев, Жаңылсын Хасанова, Еркін Өтегенов, айтыскер ақындар Айнабек Бисенғалиев, Мейірман Шәкенов, дәстүрлі ән мектебінің мақтаныштары Данияр Елеуов, Ақмарал Таудаева сынды мерейлерін ақжайықтықтар мақтан тұтады. Форумда осындай шамшырақтарға теңелуге ұмтылу туралы түйінді сөз болды.

Бек СҮЙІНІШ

Ақжайық ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале