2.11.2016, 11:57
Оқылды: 28

Ненің ақ, ненің қара екенін айыратын уақыт жетті

????????????????????????????????????

  Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта республикалық ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері: Павлодардағы «Ақ мешіт» мешітінің имамы Жолдас Бермұратов, Алматы облысының Дін мәселелерін зерттеу орталығының маманы Құрметхан Байғара, БҚО Дін істері басқармасының бас маманы, теолог Нұржан Стамбакиев тұрғындармен, ауылдардағы мектептер директорларымен, мұғалімдермен, сынып жетекшілерімен, жастар жетекшілерімен жүздесті.


Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Тілек Ғабдушев осында алдымен діни бірлестіктердің жұртымызды бірлікке, ұғыныстыққа үндеуіндегі ілгері істерге тоқтала келіп, дәстүрлі діндерді насихаттау бағытында биыл ақпараттық түсіндіру топтарының өзі 165 ықпалды шара ұйымдастырғанын, облысымыздағы белгілі дінтанушы, исламтанушы мамандарды шақырумен ауылдарда 28 кездесу өткенін, тек қана прокуратура, «Таным» деструктивті діни ағымдардан қорғау орталығының өкілдері 42 жүздесу өткізгенін атап көрсетті. «Соның бәрінің нәтижесі аз емес. Тұрғындардың дінде мазмұнынан гөрі сыртқы форманы қуу жараспайтынын, дін қағидаларын бұрмалап, мұны саяси мақсатқа пайдалану өте қауіпті екенін ұғынуы өрістей түсті»,-деді Тілек Александрұлы.

Ж.Бермұратов кездесу барысындағы өз сөзінде Әбу Ханифа Мәзһабының айтулы тарихын, халқымыздың болмысымен, дүниетанымымен жіті қабысқанын қызықты, тартымды әңгімеледі, сұрақтарға жауап берді. Жолдас Қоспақұлы өз облысында қайбір жылдары бірсыпыра жастың «Хизб ут-Тахрир» атты бөтен ағымның ықпалына түсіп, кетіп жатқанда, барынша шара қолданудың арқасында олардың көпшілігін дәстүрлі дінімізге қайтарудың сәті түскенін жанды мысалдармен баяндады, қыз-жігіттермен жұмыстағы тәжірибесімен бөлісті.

Радикалану үдерісінің алдын алып, оған қарсы дайындық жасап үлгерген бірде-бір ел әлемде жоқ. Бұл туралы Қ.Байғара өз сөзінде ерекше тоқталды. Діни, құқықтық сауаттың адамға ауадай қажеттігін қаперге салған ол темір торға тоғытылғанда ғана естерін жиып, қателіктерін ұғынып, өкініп жатқандары жайында да әңгімеледі.

Сондай-ақ теолог Н.Стамбакиев әлеуметтік желілерден ненің ақ, ненің қара екенін айыра білуді ұл-қыздарға үйретуден әке-шешенің, үлкендердің, мұғалімдердің жалықпауы қажет екенін атады. Ол дәстүрлі діндерге қатысты сауатты сайттарды көрсетті, осы орайда сұрақтарға жауап берді. «Жат болмысқа тек өзіміздің дұрыс, берік идеологиямызбен тойтарыс беруге болатынын ұмытпайық. Қаракөздеріміздің теріс қылыққа тап болып, түрмеге түсуі түптеп келгенде, нағыз қасірет. Оған жол бермеудің амалы – кесірдің алдын алу»,-деді Нұржан Жақсылықұлы.

Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 14 қаңтардағы №26 бұйрығына сәйкес, мектеп үлгісіне қойылатын талаптар «білім берудің зайырлы сипатын іске асыруға және орта білім беру ұйымдары білім алушыларының арасында әлеуметтік, мүліктік және басқа да өзгешеліктердің белгілерін жоюға бағытталған». Кездесуде осы жайында жан-жақты сөз болды. «Білім туралы» Заңның 47-бабының 15-1-тармағына сәйкес, «Орта білім беру ұйымдарында білім алушылар білім беру саласындағы уәкілетті орган белгілеген, міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды сақтауға міндетті. Өзге білім беру ұйымдарында білім алушылар білім беру ұйымында белгіленген киім формасын сақтауға міндетті». Конституция мен заңдарымыз азаматтарға барынша кең құқықтар берумен қатар, олардың мемлекет пен қоғам алдындағы міндеттерін де айқындап берген. Мұны тайға таңба басқандай білуге тиіспіз. Дінді білу, дінді ұстану киімдегі ерекшелікпен ешқандай өлшенбейтінін ұғынатын уақыт жетті. Кездесуде бұл жайында да әсерлі әңгімеленді.

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале