7.10.2016, 12:37
Оқылды: 567

ПРОЦЕСТІК  КЕЛІСІМ  ТУРАЛЫ

c%d1%8a%d0%b5%d0%b7%d0%b4Процестік келісім – қылмыстық процестің кез келген сатысында прокурор мен күдікті, айыпталушы немесе сотталушы немесе сотталған адам арасында Қылмыстық процестік Кодексінде көзделген тәртіппен және негіздер бойынша жасалатын келісім.


Кодекстің 612-бабының талаптарына сай, процестік келісім кінәні мойындау туралы мәміле және ынтымақтастық туралы келісім нысандарында жүргізіледі.

Кінәні мойындау туралы мәміле онша ауыр емес, ауырлығы орташа не ауыр қылмыстар бойынша – күдікті, айыпталушы келтірілген күдікпен, айыптаумен келіскен жағдайда жүргізілетін болса,  ынтымақтастық туралы келісім қылмыстық топ жасаған қылмыстарды, өзге де адамдар жасаған аса ауыр қылмыстарды, сондай-ақ экстремистік және террористік қылмыстарды ашуға және тергеп-тексеруге ықпал ету кезінде барлық санаттағы қылмыстар бойынша жүргізіледі.

Процестік келісім жасау адамды, жәбірленуші деп танылған адамдарды азаматтық талапкер алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершіліктен босатпайды.

Кінәні тану туралы мәміле түрінде процестік келісім жасау үшін келесі жағдайлар бар:

-Күдікті, айыпталушы іс жүргізу келісімін жасасуға өз еркімен ниет білдірсе;

-Күдікті, айыпталушы қылмыс жасау күдігін, айыптауды және іс бойынша қолда бар айғақтарды, онымен келтірген зиянның сипаты мен мөлшерін дауламаса;

-Жәбірленуші процестік келісім жасауға келіссе;

Кінәні мойындау туралы мәміле нысанындағы процестік келісім:

-қылмыстардың жиынтығына қатысты, егер олардың ең болмағанда біреуі осы Кодекстің осы бабында және 612-бабында көзделген талаптарға сәйкес келмесе;

-егер жәбірленушілердің ең болмағанда біреуі процестік келісім жасасуға келіспесе, жасала алмайды.

Процестік келісімде: оның жасалған күні мен орны; процестік келісімді жасасушы прокуратура органының лауазымды адамы; айыпталушының жеке басы туралы мәліметтер, оның қорғаушысының тегі, аты, әкесінің аты; қылмысты оның жасалған уақытын, орнын, сондай-ақ осы Кодекстің ережелеріне сәйкес дәлелденуге жататын басқа да мән-жайларды көрсете отырып сипаттау; Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің осы қылмыс үшін жауаптылық көздейтін тармағы, бөлігі, бабы; процестік келісімде көрсетілген шарттарды сақтаған және міндеттемелерді орындаған кезде айыпталушыға қатысты қолданылуы мүмкін, қылмыстық жауаптылық пен жазалауды жеңілдететін мән-жайлар және қылмыстық заңның нормалары; процестік келісім жасасқаннан кейін айыпталушы жасауға міндеттенетін әрекеттер; прокурор сот алдында ол туралы өтінішхат беретін жазаның түрі мен мөлшері; процестік келісім жасасудың салдары; жәбірленушінің процестік келісім жасасуға келісетіні туралы көрсетілуге тиіс. Процестік келісімге прокурор, күдікті, айыпталушы, оның қорғаушысы қол қояды.

Процестік келісім жәбірленушінің келісімі болған жағдайда ғана жасалатын болса, келіскен жағдайда қылмыспен келтірілген зиянды өтеу мәселесі жөніндегі пікірі міндетті түрде ескеріледі. Сонымен бірге, жәбірленуші өз еркімен келісіп, оның ішінде зиянның сипаты мен мөлшері және азаматтық талап қою мәселесі бойынша келісімге келгеннен кейін, оның құқықтары шектелмей, керісінше, әрі қарай сот отырыстарына бару, жауап беру міндеттерінен босатылған. Сәйкесінше, сотпен айыптау үкімі шығарылғанда азаматтық талап қою меселесі бойынша шешім қабылданып, келтірілген залалды процестік келісімнің талаптарына сәйкес өтеу мерзімі де белгіленеді.

Осы санаттағы істер бойынша сот талқылауы келісілген өндірісте және қысқартылған тәртіпте 10 күндік мерзімде қаралады, ерекше жағдайда бұл мерзім судьяның уәжді қаулысымен 20 тәулікке дейін ұзартылуы мүмкін. Процестік келісім жасауға келісім берген жәбірленуші одан әрі зиянды өтеу мөлшері туралы талаптарды өзгертуге құқылы.

Сонымен қатар күдікті, айыпталушы сот шешім қабылдау үшін кеңесу бөлмесіне кеткенге дейін кез-келген сәтте процестік келісімнен бас тартуға құқылы.

Процестік келісім жәбірленушіні және азаматтық талапкерді осы қылмыстық істе немесе азаматтық іс жүргізу тәртібінде азаматтық талап ұсыну құқығынан айырмайды. Тараптардың процестік келісім жасаудан бас тартуы оны қайта жасау туралы өтініш мәлімдеуге кедергі келтірмейді.

Жоғарыда көрсетілгендей, Кодекстің осы нормаларын қылмыстық процеске қатысушылардың дұрыс түсініп, оны кеңінен қолдана білуі қылмыстық процеске қатысатын мемлекеттік органдар мен адамдардың барлығына тиімді болатыны сөзсіз.

  С.Уразгалиева,       

Казталов ауданының

№2 сотының судьясы

www.zhaikpress.kz

                                              

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале