27.09.2016, 14:25
Оқылды: 35

Сергей - жігіт сұлтаны

%d0%b6%d0%b3%d0%b8%d1%82-%d1%81%d1%83%d0%bb%d1%82%d0%b0%d0%bd1Зеленов ауданы Янайкин ауылында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен тілдер мерекесіне орайластырылған аудандық «Жігіт сұлтаны» байқауы оздырылды. Қазақ тілінің мәртебесін асырып, мемлекеттік тілге деген құрметті арттыру және өзге ұлт өкілдерін ана тілімізде сөйлеуге шақыруды мақсат еткен сайыста ауданның Чувашка, Мичурин, Переметный, Дариян, Үлкен Шаған және Янайкин ауылдарынан келген үміткерлер бақтарын сынады. Өзге ұлт өкілдері арасында өткен өнер бәйгесін тамашалауға аудан әкімінің орынбасары Асылұлан Досжанов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Бибігүл Ахметжанова, аудандық мәдени-демалыс орталығының директоры Асылбек Ищанов, аудандық мәслихат депутаты Тілек Залмұқанов, Янайкин ауылдық округінің әкімі Исатай Жұмағұлов, аудандық мәдениет үйінің әдіскері Толқын Исмағұлова келді.

Жігіттер жарысы «Таныстыру», «Білімді мыңды жығар», «Күш атасын танымас», «Өнерлінің шоқтығы биік» делінген турлардан тұрды. Әр кезеңге тыңғылықты дайындалып келген қатысушылар өздерін жақсы қырынан көрсете алды. Алғашқы турда бірі өзін өлең жолдарымен, бірі ту ұстаған әдемі қолдаушыларын ертіп, енді бірі қара сөзбен қазақы әзілді араластыра таныстырып жатты. Әсіресе, переметныйлық Сергей атты жігіттің «Затым орыс болса да жаным қазақ»,-деген сөзі көпшіліктің көңілінен шықты. Бір сөзбен айтар болсақ, таныстыру кезеңінде әр сайыскерлер залға жиналған көрерменді таң қалдыра алды. Екінші «Білімді мыңды жығар» кезеңінде қатысушылар  мақал-мәтелдің жалғасын тауып, орыс тілінде берілген сөзді қазақшалап, сөйлем құрау керек болды. Аталған бөлімде де жігіттер барын салды. Барлығы бірдей мақал-мәтелдің жалғасын таппаса да сөзді аударып, сөйлем құрауда ешқайсы мүдірген жоқ. Осылайша екі кезеңді артқа тастаған сайыс қатысушыларын гір тасын көтеру сыны күтіп тұрды. «Күш атасын танымас» кезеңінде жігіттер шамалары келгенше тырысып бақты. 16 келілік гір тасын тістене көтергендерді қолдай келген көрермен қиқуынан күш алды ма? Әйтеуір  ауыр тасты бірінен-бірі асыра көтеріп жатты. Ал төртінші «Өнерлінің шоқтығы биік» атты турда қатысушылар қазақ тілінде ән айтып, өлең оқыды. Әсіресе дариян ауылынан келген Виталий Божедомов «Елім менің» әнін гитарада орындап, көшілікті таң қалдырса, «Алматының түндірі-ай» әнімен янайкиндік Василий Шуфляк ортаға шыққан кезде қолдаушылар қошеметінен құлақ тұнды. Тамаша қолдаудан арқаланған Василий де көрермен қауымды тамаша әртістік шеберлігімен баурап алды.

Осылайша өнерімен де, тапқырлығымен де, күштілігімен де көрерменнің көңілінен шыққан жігіттер сайысының соңында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Асылұлан Досжанов: -Биыл еліміз тәуелсіздіктің ширек ғасырлық тойын тойлағалы отыр. Осы сайыс қатысушыларының өнері сол тойымызға арналған сыйлары деп білемін. Сахнаға шығып, тілі басқа болса да тілегі бір, жаны басқа болса жүрегі бір екендіктерін көрсетіп жатырған жігіттерге ризашылығым шексіз. Барлықтарыңызды келе жатырған тәуелсіздік мерекесімен құттықтаймын,-деп жарыс жүлдегерлері мен қатысушыларын марапаттады. Алдымен өздерін жақсы қырынан таныта алғанымен жүлдеге бір табан жетпей қалған дарияндық Виталий Божедомов пен Үлкен Шағаннан келген Дәурен Назаров белсене қатысқаны үшін дипломымен марапатталса, үшінші орын мичуриндік Иван Ерофеевке, екінші орын жарыстың ең жас қатысушысы Александр Егоровқа, бірінші орын янайкиндік Василий Шуфлякқа бұйырса, сайыстың бас жүлдесі мен «Жігіт сұлтаны» атағын Переметный ауылының намысын қорғаған Сергей Еремин жеңіп алды.

Марапаттан соң Янайкин мектебінің Директоры Жасталап Сабиров сөз алып, ауыл намысын қорғаған Василий Шуфлякқа мектеп ұжымы атынан арнайы сыйлық ұсынды.

Әр қатысушының өнеріне разы болған янайкиндік ағайын да жігіттерге қолдауларын көрсетіп, осындай өнер сайыстары ауылда жие болып тұрса деген тілектерін айтып тарқасты.

Түгелбай Бисен

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале