11.08.2016, 10:53
Оқылды: 24

Су беру станциясындағы сүзгілерді жаңарту керек!

           Жаңақала ауданының тұрғындары ауыз су сапасының сын көтермейтіндігін айтып дабыл қағуда. Маусым айның ортасынан бастап ауыз судың түсі сарғыш тартып, лайланған судан өткір, сасық (балдыр,  балық иісі) иісі шығып, дәмі өзгеріп кеткендігін айтуда.

Ауыз су Пятимар су қоймасынан тікелей аудан орталығындағы ауыз су қоймасына беріледі. Ол жерден бірнеше су тазартқыш сүзгілерден өтіп барып  тұрғын үйлерге беріледі. Аталмыш қондырғы осыдан екі жыл бұрын «таза су» бағдарламасымен 200 млн. теңгеден астам қаржыға салынған болатын. Бүгінде аудан орталығындағы су беру станциясында әр қайсының  сиымдылығы 160 текше метр болатын екі су беру мұнарасы орнатылған. Бұрын тұрғындарға күніне 400 текше метр су берілген болса, қазір бұл мұнаралардан күніне 1000 текше метр су беріп тур.

     Осы жерде ауыз судың сапасы жөнінде сұхбат берген «Коммунал»  мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Мұхтар Тапашұлы:су-сүзгілер

  • Ия, бүгінгі таңда судың түсінде де, дәмінде де өзгеріс бар. Бірақ оны ішуге жарамсыз деуге болмайды. Аудандық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасы ауыз судың құрамын сараптап, адам ағзасына қауіпсіз деп тауып отыр. Енді түсі мен дәміне келер болсақ, оның бірнеше себебі бар. Біріншіден, көлде балдырдың көбеюі. Осы уақытта балдыр гүл атады, ал сол балдыр гүлінің түсі суға шығып кетеді. Екіншіден, Пятимар суқоймасы мен аудан орталығындағы су айдағыш сорғы арасын қосып жатырған 32 шақырымдық темір құбыр ескіріп, тат басқан. Міне осыдан келіп ауыз судың түсі де, дәмі де өзгеріп отыр,- деп ауыз су  сапасының нашарлауының басты екі себебін атады.

Келесі кезекте түсірілім тобы ат басын аудан орталығындағы ауыз су қоймасына бұрды. Мұндағы судан дәм татып көрді. Бұл жердегі қызметкерлердің айтуы бойынша сүзгілер күніне 2-3 рет тазартылып, ауыстырылып турады. Және суды залалсыздандыру мақсатында 1 тонна суға 00,30 гр. езілген хлор қосылады екен.  Бірақ соның өзінде судың түсін тазарту мүмкін болмай отыр.

  • Ауданымыз бен ауылдық округтердегі таза суды біз үнемі қадағалап, ай сайын химиялық және бактериялық сынама алып отырамыз. Соңғы сынама 22 шілде күні алынған болатын. «Жаңақала аудандық санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы» санитарлық-химиялық зертханасында су үлгілерін зерттеу нәтижелері Жаңақала ауылы тұрғындарына беріліп жатқан ауыз судың түстілігі мен лайлығы нормативтік көрсеткіштерден асып кеткенін анықтады. Нарматив бойынша судың лайлылығы 2О болу керек болса, қазір бұл көрсеткіш 3,77О- қа жоғарлаған. Түсі 20О-тан 25,5О көтерілген. Ал судың микробиологиялық, бактериялық көрсеткіштері нормативтік құжаттардың талаптарына сай.  Тұрғындардың арасында ауыз судан ауруға шалдыққандар жоқ,- деді аудандық тұтынушылар құқығын қорғау басқармасының басшысы Р.Ибрагимов өз сұхбатында.

Жылдан жылға өзендерге судың келуі азайып барады. Осы мәселенің шешілу жолына тоқталған аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Ерлан Абдиров:

  • Ауыз судың сапасын  қалпына келтіру үшін жұмыстар жасалып жатыр. Ауыз судың түсінің бұзылып, иістенуіне байланысты су жинағыш сыйымдылықтар тазартылып, залалсыздандырғыштар  көлемі 2-3 есеге дейін көбейтілген.  Апта сайын судың құрамы тексерілуде. Судың сапасы санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сай.

Мұхтар Батырханов айтып өткендей біздегі құрылғылар ескірді, әрі ол судың иісі мен түсін тазарта алмайды. Ауылдық округтердегі осыдан 14 жылдай бұрын қондырылған су тазарту құрылғыларының да тозығы жетіп тұр. Аудан халқы жыл санап көбейіп келеді. Алдағы уақытта 384 үйге су жалғанады. Сол кезде қазіргі су тазарту құрылғымыздың күші мүлде жетпей қалуы ықтимал. Бұл мәселені шешудің жалғыз-ақ жолы - «Құлшық» елді мекенінен  жерасты суын тарту. Құлшықтан су келер болса аудандағы ауыз су мәселесі толығымен шешілер еді.

Нұрғали Ғаббасов

Жаңақала ауданы

www.zhaikpess.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале