19.07.2016, 13:05
Оқылды: 21

Сәбиін жоғалтқан әйелдің оқиғасы жалған болып шықты

Баткаева        Бұл туралы БҚО ІІД тергеу басқармасының бастығы Мағауия Құрмашев мәлімдеді.


Ағымдағы жылдың 26 маусымында Орал қалалық ІІБ Абай бөліміне Зеленов ауданының тұрғыны Любовь Баткаеваның өзінің дүниеге келген нәрестесін облыстық перинаталдық орталықта медбике қолынан түсіріп алғаннан кейін көрмегендігі жөнінде арызы түсті.

Оқиға бойынша 26 маусым күні ҚР Қылмыстық кодексінің 317-бабы 3-тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу кезінде Любовь Баткаева өзінің бұрын Зеленов ауданына автокөлігімен бірнеше рет келген Дмитрий Алиев деген азаматпен кездесіп жүріп, жүкті болғандығын айтты. Алайда ол жөнінде басқа мәліметтерді (мекен-жайы, автокөлік нөмірі) білмеймін деген.

Кейін Баткаева жауабын өзгертіп, баласын қолынан түсіріп алған медбике мен Дмитрий Алиев 25 маусым күні түнде сәбиі екеуін автокөлікпен белгісіз емханаға алып барды деген. Жолшыбай өзін нашар сезініп, таза ауа жұту үшін машинадан шыққан кезде Дмитрий Алиев Баткаеваның жаңадан туған сәбиін  ұрлап қашқанын айтқан.

Сондықтан жәбірленуші деп танылған Баткаеваның ісі Қылмыстық кодекстің 125-бабы 2-тармағы бойынша қайта дәрежеленеді. Тергеу тобы құрылып, қылмыстық іс ІІД тергеу басқармасының тергеушісіне тапсырылады. Тергеу барысында Баткаева деген азаматшаның облыстық перинаталдық орталықта арызда көрсетілген күндері болмағандығы анықталды. Сонымен қатар, анкеталық мәліметтер бойынша Дмитрий Алиев есімді 50-ге жуық азамат тексерілді. Алайда ондай есіммен мәліметтерге сай азамат табылмады. Облысымыз бойынша тіркелген ақ түсті Toyota Camry көліктерінің барлығы тексеріліп, көлемді жұмыс атқарылды. Басқа да фактілерге сүйенген тергеушілерге Баткаеваның жауабы күмән туғызады.

Жиналған құжаттар мен дәлелдер бойынша қайтадан жауапқа тартылған Баткаева өзінің осыған дейін айтқан жауаптарының, оқиғаның бәрін ойлап тапқанын айтып, ешқандай жүктілік болмағандығын мәлімдеді. Бастапқыда басқа адамнан жүкті болдым деген қауіппен ата-анасына жүктілігін айтқан. Артынан жүкті еместігін білген Баткаева өзінің қателескенін мойындағысы келмей, ата-анасына жүктімін деген өтірікті жалғастыра берген. Күмән туғызбау үшін, жиі тамақтанып, әдейі толықтаған. «Босанатын күні» жақындағанда Баткаева Орал қаласынан 10 күн пәтер жалдап тұрған. Ал ата-анасына перинаталдық орталықтамын деп хабарлаған. Ата-анасы немересі мен қызын көруге қалаға келгенде Баткаева оқиғаның бәрін ойлап шығарды.

Баткаеваның ағзасынан жүктілік болған фактіні тексеру үшін дәрігерлік сараптама өткізілді. Комиссиялық қорытынды Баткаеваның ешқашан жүкті болмағанын, бала босанғандығы жөнінде ағзасында іздер жоқтығын көрсетті. Тергеушілер Баткаеваның жеке куәлігін 10 күн бойы жалдап тұрған пәтердің иесінен алады.

Қазір тергеу жүріп жатыр. Тергеу аяқталған соң Баткаеваның ісі бойынша құқықтық баға беріледі.

Аида Зайнуллиева

www.zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале