12.02.2015, 7:27
Оқылды: 21

Тасқалада тың жобалар ЖҮЗЕГЕ АСПАҚ


Дүйсенбі күні Тасқала ауданының әкімі Санжар Әлиев өткен жылдың қорытындысы жөнінде тұрғындар алдында есеп берді.


Бұл жиынға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев, облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар, облыстық мекеме-кәсіпорын өкілдері және аудан тұрғындары қатысты.

Аудан басшысының баяндамасында көрсетілгеніндей, Тасқалада кәсіпкерлік жыл өткен сайын қанат жайып келеді. Мәселен, шағын бизнес субъектілерінің саны 2013 жылмен салыстырғанда 5,4%-ға артып, 882-ні құрады.  Олар 710,4 млн. теңгенің өнімін өндіріп, қызмет көрсетіп, бюджетке 48,4 млн. теңге салық төледі. Бұл салада жұмыс істейтін адамдардың саны 1835 адамға жетті. Ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығы жақсы дамып келеді. Төрт түлікте және құс санында айтарлықтай өсім бар.


Былтыр 4,5 мың  тонна тірі салмақта ет, 15,5  мың тонна сүт,  3,7 млн. дана жұмыртқа, 89,1 тонна жүн өндіріліп, жоспар толығымен орындалды. Аудан бойынша 1112 бас асыл тұқымды ірі қара малы тіркелсе, соның ішінде 145-і - асыл тұқымды бұқа. «Сыбаға» бағдарламасы арқылы 4 шаруа қожалығымен 34,5 миллион теңге несиелік қаражат тартылып, оған 176 бас аналық мал, жеті бас асыл тұқымды бұқа алынды. «Алтын асық» бағдарламасы бойынша үш шаруа қожалығы 882 бас қойға қол жеткізді. Ал «Құлан» бағдарламасы аясында 7 шаруа қожалығы 222 бас жылқыға ие болды. «Агробизнес - 2020» бағдарламасының он шеберлік жоспары аясында ауданда 155 млн. теңгеге 12 жаңа жоба іске асырылуда. Биыл ауданның тауарөндірушілері асыл тұқымды 100 бас отандық, 950 бас шетелдік селекция ірі қара малын, 600 бас қой және 40 бас жылқы сатып алуды жоспарлап отыр. Тұрғындардың малдарын асылдандыру мақсатында 9 қолдан ұрықтандыру пунктінде 2000 бас сиыр ұрықтандырылып, жылдық жоспар толығымен орындалды. Ал дәнді дақылдардың 20,4  мың гектарынан 11,3 мың тонна өнім жиналды. Бұл көрсеткіш 2013 жылмен салыстырғанда 27%-ға аз. Жиналған көкөніс өнімдері  - 1460, картоп - 1440, бақша өнімдері 264 тоннаны құрады. Сонымен қатар мал азығының құнарлығын арттыру мақсатында 7291 гектар жерге екпелі егістік шөптер отырғызылды. Бұл көрсеткіш 2013 жылмен салыстырғанда үш есе артық.

«Аумақты дамыту» және «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» мемлекеттік бағдарламалары арқылы жұмыссыздарды әлеуметтік қорғау шараларымен 1568 адам қамтылды, соның ішінде қоғамдық жұмысқа 681 тартылып, жоспар 170,3%-ға орындалған. Кәсіби даярлау, қайта даярлау, біліктілігін арттыру курстарына 69 адам жолданып, олар толықтай оқуын аяқтап, қазір 26 адам осы бағытта өз нәпақасын тауып жүр. 130 әлеуметтік жұмыс орны ашылып, жолданған 198 адамның 69-ы тұрақты жұмыс тапты. Есепті кезеңде 32  мекемемен   келісімшарттар  жасалып, 34  жас маман  жастар тәжірибесіне жолданды. Жастар тәжірибесін аяқтаған 30 адамның 20-сы жұмысқа орналасты. Жалпы, аудан бойынша есепті кезеңде 832 адам жұмысқа орналастырылды, ол 2013 жылмен салыстырғанда 147 адамға артық.

«Қолжетімді тұрғын үй - 2020» бағдарламасы бойынша жеке тұрғын үй құрылысын жүргізушілер үшін Тасқала ауылының солтүстік бөлігінде 118 тұрғын үйге арналған инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарын дамыту және жайластыру бағытындағы жұмыстар аяқталды. Аудан орталығындағы жаяу жүргіншілер жолына ұзындығы 454 шаршы метр жерге брусчатка төселіп, ауыл-ішілік жол жөнделіпті. Көшелерге қосымша 4 бейнебақылау камерасы мен мүгедектерге, жаяу жүргіншілер өткелдеріне дыбыс, жарық қондырғылары және жол белгілері дайындалып, орнатылды.

- 2013 жылдың қорытындысы бойынша өткізген есепті кездесу барысында түскен ұсыныс-пікірлерге сараптама жасалып, 15 сауал, ескертпе-ұсыныстар іс-шаралар жоспарына енгізілді. Соның ішінде ауыз сумен қамту, газдандыру, нысандарды күрделі жөндеу, жол жөндеу мәселелері қозғалды. Нәтижесінде 9 мәселе толығымен шешілсе, алтауы қара-жат тапшылығына және басқа да себептерге байланысты кейінге қалып тұр. Өткен жылғы есепті кездесу барысында таныстырған 15 тармақтан тұратын ұзақмерзімді жоспарымның бүгінгі таңда 8-і толығымен, біреуі елу пайызға орындалып, жоғары баяндалған есебімде айтылса, қалған алты тармақ бойынша жұмыстар жалғасуда, соның бірқатары жеке инвесторларды тарту арқылы орындалатын болады.

Бекітілген кестеге сәйкес биылғы жылы ауданымызда 14 қаңтар - 9 ақпан аралығында өткен есепті кездесулерге жалпы 1321 адам қатысып, 41 адам сөз сөйлеп, 45 ұсыныс-пікір айтылды. Түскен ұсыныстар сарапталып, орындалуы бойынша нақты іс-шаралар жоспары жасақталады, - деді Санжар Әлиев.

Жарыссөз барысында тасқалалықтар аудан әкімінің жыл бойы атқарған жұмысына жақсы баға берді. Ардагер ұстаз Клара Алимова бүгінгі таңда аудан мектептері жаңарғанына риза болса, аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Ақылбек Қодаров жергілікті басшылықтың жастарды барынша қолдап отырғандарына қуанышты. Соның арқасында “Дипломмен ауылға” бағдарламасы бойынша келген 210 маман көтермеақы, 190 жас үй алды.

Өз кезегінде сөз алған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев өткен жыл еліміз, соның ішінде облысымыз үшін де табысты болғанын жеткізді. – Тасқалада да көп жұмыс атқарылды. Биыл да осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. «ОралТасқала» бағытындағы жолдың биыл 32 шақырымы күрделі жөндеуден өтеді. Жалпы, бұл жол Елбасымыздың биылғы Жолдауына байланысты жасақталған іс-шаралар жоспарына кірген өңіріміздегі жалғыз жоба екенін де айта кетейін. Сол себепті оның құрылысы кешігеді не жөнді жүргізілмейді деп уайымдаудың қажеті жоқ. Санжар Әлиевтің әкім болып келгеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Соған қарамастан тұрғындармен тіл табысып, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай өз үлесін қосқаны көрініп тұр. Алдағы жылы да бәрімізге амандықта, толағай табыста кездесуге жазсын, – деді Нұрлан Асқарұлы.

Жиыннан соң облыс басшысы аудан орталығындағы бірқатар нысандарды аралады.


 

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале