22.11.2016, 10:27
Оқылды: 17

Тәуелсіздік тынысы: табыстар мен міндеттер

%d0%b6%d0%b0%d0%bd%d0%b0%d0%ba%d0%b0%d0%bb%d0%b0-%d1%82%d3%99%d1%83%d0%b5%d0%bb%d1%81%d1%96%d0%b7%d0%b4%d1%96%d0%ba-%d1%82%d1%8b%d0%bd%d1%8b%d1%81%d1%8b-%d1%82%d0%b0%d0%b1%d1%8b%d1%81%d1%82%d0%b0   Тәуелсіздік. Осы бір ауыз сөзге ата-бабамыздың аңсаған арманы, мұраты мен тілегі, кешегі желтоқсан оқиғасындағы жастардың жалыны мен жігері, отаншылдық асқақ рухы, бүгінгі ұрпақтың қуанышы мен шаттығы, жарқын болашаққа сенімі сыйып тұр десек, қателеспейміз.

   Сол құны қымбат Тәуелсіздігімізге биыл ширек ғасыр толғалы отыр. Осыған орай Ұлт Көшбасшысына айналған Елбасымыз жыл басынан бері торқалы тойға әзірлік іс-шараларын жүйелі жүргізіп, тәуелсіздігіміздің қадірін жұртшылыққа сезіндіре түсуді міндеттеді, тәуелсіздік тынысын кеңінен насихаттауды тапсырды. Әрине, орынды.

Ширек ғасырда тұтас ғасырда атқарылар істер атқарылды. Оны ешкім жоққа шығармайды.  Десе де, той алдында әр еңбек ұжымы осы жылдар ішінде атқарылған істерге шолу жасап, саралап, көңіл толтырар табысын да, олқы тұсын да біліп отырса, алдағы даму жолына айқын бағдар болары даусыз.

Сонымен, тәуелсіз байтақ еліміздің бір бөлшегі – Жаңақала ауданы 25 жылда неге қол жеткізді? Табысымыз толымды ма? Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекіте түсер игілікті іске құлшынысымыз қай деңгейде? Етектен тартар енжарлығымыз жоқ па? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрейік.

Ауданның негізгі өндірісі – мал шаруашылығы. Сондықтан алдымен ауданның экономикалық деңгейін мал басымен сипаттап кеткеніміз артық болмас.

Күні бүгін 24317 тұрғыны бар ауданда 48503 сиыр, 191039 қой мен ешкі, 19191 жылқы, 915 түйе бар. Бұл мал әр адамға шаққанда орташа 2 сиыр, 8 қой, 1 жылқыдан келсе, әр отбасына есептегенде орташа 11 сиыр, 42 қой, 4 жылқыдан келеді. Демек, ауданның қазіргі экономикалық әлеуеті жаман емес. Бұл «ортақ өгізден оңаша бұзау» қағидасымен үндескен жекешелендіру саясатының жемісі деуге де болады.

Округтер бойынша айтсақ, Қызылоба, Бірлік ауылдық округтерінің көрсеткіштері өте жоғары да, керісінше, Жаңақала, Жаңажол, Жаңақазан округтерінің көрсеткіштері төмендеу екенін жасыруға болмайды.

Қысқартып айтқанда, ел тәуелсіздігін алғаннан бергі аудандағы мал шаруашылығының дамуы, асыл тұқымды мал үлесін көбейту, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңалау, ауданға инвестиция тарту, мемлекеттік бағдарламалармен жұмыс облыс бойынша алдыңғы деңгейде. Яғни бұл сала табысын толымды деуге толық негіз бар.

Аудан экономикасының келесі бір көрсеткіші құрылыс екені белгілі. Ал осы ширек ғасыр ішінде аудан құрылысы өте қарқынды дамыды. Салынған құрылыстардың келбеті мен сәулеті заманауи сипат алып, көркеюі тұрғындар көңіліне қуаныш ұялатуда. Алдымен осы жылдар ішінде салынған әлеуметтік нысандарды еске сала кетейік.

Білім саласы бойынша 25 жыл ішінде алты мектеп ғимараты жаңадан салынды. Атап айтсақ, 1991 жылы 302 орындық М. Мирманов атындағы орта мектебі, 2006 жылы Мәстексай ауылдық округінде 108 орындық Ә. Жангелдин негізгі мектебі, 2007 жылы аудан орталығында 360 орындық №3 қазақ орта мектебі, 2015 жылы Жаңақазан ауылдық округінде 108 оқушыға есептелген Қ. Нұрымғалиев атындағы орта мектеп, Жаңажол ауылдық округінде 108 орындық Абай атындағы орта мектеп, аудан орталығында 600 орындық мектеп-гимназия ғимараттары  салынып,  пайдалануға  берілді.

Мұндай жаңа ғимараттар денсаулық сақтау саласында да аз емес. Ауданның сегіз елді мекендерінде салынған дәрігерлік пункттер осы жылдар жемісі десек, 2009 жылы облыста бірінші рет ауданаралық сауықтыру-оңалту орталығы ғимараты, 2015 жылы аудан орталығында бір ауысымда 250 адам қабылдайтын, озық технологиямен жабдықталған аудандық орталық аурухана салынып, бүгінгі таңда ел игілігін көруде.

Сол сияқты осы жаңа құрылыстар қатарына аудандық мешіт, оның жанынан салынған діни оқыту орталығын, аудандық прокуратура, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы ғимараты мен бірнеше жеке кәсіпкерлік нысандарды да қосуға болады.

Ал 25 жыл ішінде салынған коммуналдық және жеке тұрғын үй құрылыстарын түгел атап шығу мүмкін емес.

Тек үстіміздегі жылдың өзінде аудан орталығында ауыл шаруашылығы техникаларының қосалқы бөлшектерін сататын жеке дүкен, «Шашбау» сұлулық салоны, автокөліктерге газ құю стансасы, екі азық-түлік дүкені тіркеліп, жұмыс жасап тұрса, таяу күндері жиһаз жасау цехы, шаштараз, басқа да жеке нысандар ашылғалы отыр.

Ауданда ет комбинаты қайта іске қосылып, жаңа иелері 56 млн. теңге несиелік қаржыға ішкі жабдықтарын жаңартып, шұжық цехын ашуға, сүт өнімдерін өндіруге жұмыстануда.

Тек биылдың он айында аудан бойынша 5527 шаршы метр немесе 52 тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның 5410 шаршы метрі (51 үй) аудан орталығынан болса, енді біреуі Қызылоба ауылдық округінде. Үстіміздегі қараша айында Бірлік және Қырқопа ауылдық округінде екі үйдің  құрылысы аяқталып, құжаттары тапсырылса, аудан орталығында 16 коммуналдық тұрғын үйлер де қоныстойларын күтіп тұр. Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін көбейе түседі. Демек, құрылыс саласында да тәуелсіздік жылдарындағы табысымыз көңіл толтырады.

Табысы ауыз толтырып айтар тағы бір жұмыс – кәсіпкерлік саласы. Тәуелсіздік алған күндерден бастау алған кәсіпкерлік  нысандар саны қазір  аудан бойынша 1094-ке жетті. Оның 917-сі немесе 90 пайызы қазір белсенді жұмыс істеп тұр. Оның 79-ы – жауапкершілігі  шектеулі серіктестіктер, 460-ы – шаруа қожалықтары, 555-і – кәсіпкерлер.

Тек 2016 жылдың өткен он айында 93 жұмыс орны ашылды. Оның 22-сі сауда саласында, 47-сі шаруа қожалықтарында, 3-еуі көлік, байланыс, 21-і басқа салаларда.

Ауданда несие алу да жақсы жолға қойылды. Соңғы бес жылда (2012-2016 жылдар аралығы) аудан бойынша 690 адам 3195 млн. теңге несие алып, шаруашылықтарын жүргізсе, тек биылғы он ай ішінде ауданда 566  адам 509 млн. теңге несиемен қамтылды. Бұл да Тәуелсіздігіміздің жемісі.

Міне, тәуелсіздік жылдарындағы Жаңақала ауданының толымды істеріне осы көрсеткіштер нақты дәлел  болатындығы  даусыз.

Халық қазір кәсіп ашып, өзінөзі жұмыспен қамтып, шаруасын жүргізуге, мемлекеттік бағдарламаларға белсене араласуға бейімделіп қалды. Елдің ертеңіне сенімі нық, бақытқа бастар жолдың  еңбек  екенін  ұқты.

Әрине, осы толағай табыстар көлеңкесінде әлі де болса енжарлықтан айырыла алмай келе жатқанымыз да жасырын емес. Мысалға, ауданның оңтүстік округтерінде мал басы әлі де аздау. Жаңақазан ауылдық округінде асыл тұқымды мал өсіретін бірде-бір шаруашылықтың болмауы  көңіл  қынжылтады.

Құрылыс саласы бойынша да Жаңақазан, Жаңажол ауылдық округтерінен жекелердің баспана салуы мардымсыз.

Аудан бойынша жұмыссыздар есебінде 84 адам болса, оның 63-і аудан орталығынан, 5-еуі Мәстексайдан, 4-еуі  Жаңажолдан, 3-еуі  Жаңақазаннан. Бұл орын алған көрсеткіштер – етектен тартқан олқы тұстарымыздың айғағы.

Ендігі міндет – аз жылда игілігін ел көріп, дәмі таңдайымызға татыған тәуелсіздігіміздің тұғырын биіктете түсуге жұмыла үлес қосу. Оған олқы тұсымызды түзеп, еңбегімізді еселеп, бірлігімізді  бекемдеп, табысымызды тасыта түсу арқылы  жетуіміз керек.

Өмірзақ  АҚБАСОВ

Жаңақала  ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале