11.07.2016, 19:39
Оқылды: 34

Хан зиратын зерттеуге ғалымдар келді

Құлпытастар Бүгін «Жайық Пресс» медиахолдингінде өңірімізге келген Алматы қаласындағы Р.Сүлейменов атындағы Шығыстану институтының ғалымдарымен кездесу өтті.


Басқосуда Қазақстандағы құлпытастарды, эпиграфикалық ескерткіштерді зерттеу бағытында «Қазақ халқының мәдени ескерткіштері - рухани мұраны сақтау мен жеткізудің жолы (Батыс Қазақстан облысының эпиграфикалық ескерткіштері негізінде)» атты жобасы таныстырылды.

Кездесуде тарих ғылымдарының кандидаты, жоба жетекшісі Айтжан Нұрманова, Р.Б.Сүлейменов атындағы Институттың шығыстанушысы Дина Медерова, «Жайық Пресс» ЖШС-ның бас директоры Жантас Сафуллин, «Жайық Пресс» ЖШС-ның Баспасөз зерттеу орталығы басшысы Қазбек Құттымұратұлы көне ескерткіштерді зерттеу мәселелерін ортаға салды.

Айтжан Нұрманованың айтуынша, бұл жобаға жапон ғалымдары да қызығушылық танытуда. Ол құлпытастарды оқу арқылы шежірелік мәні бар тарихтың жаңа беттері ашыларын сөз етті. Бөкей Ордасында орналасқан құлпытастарды зерттеу – үш жылдық жобаның бір бөлімі ретінде қарастырылған. Өңіріміздегі құлпытастарды зерттеу – қызығушылықпен басталып, ғалымдардың араласуымен үлкен ғылыми жобаға айналып кетті. Осыған дейін де Алматыдан, Астанадан келген ғалымдардың қатысуымен өнімді жұмыс істелді.

Енді, жаңа жобаның мақсаты – Бөкей Ордасындағы Хан зиратының толық зерттелмеген 150-ге тарта құлпытасын оқып, суретке, картаға түсіріп, өлшемін жасап, мәтінін аударып, қағазға түсіріп, ғылыми айналымға қосу болып отыр. Ғалымдардың бұл еңбегі қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде кітап болып жарық көрмек.

www.zhaikpress.kz
Аида Зайнуллиева 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале