19.09.2016, 11:12
Оқылды: 15

Шаруалар тәжірибе алмасты

_dsc0019 Зеленов ауданы Краснов ауылында ауылшаруашылығы өнімін өндіруші кәсіпкерлерге арналған «Суарылмайтын жерлерге өсірілетін майлы дақылдар» атты семинар-кеңес оздырылды. Аудандық кәсіпкерлер палатасы ұйымдастырған шараға «Уральсклесхоз» ЖШС-нің суарылмайтын жерлерді өңдеу және мал азығын дайындау бөлімі басшысының орынбасары Төлеген Бөлеков, «ЕвразияГруппКазахстан» ЖШС-нің аймақтық менеджері Дастан Садықов, аудандық кәсіпкерлер палатасының директоры Әсел Қартқожақова және аудан кәсіпкерлері қатысты. Семинар-кеңесінің бірінші бөлімінде жиналғандарға майлы дақылдарды егу және өнімділігін арттыру жайында лекция оқылды. Төлеген Ахметұлы жүргізген  сабақ барысында  өңіріміздің ауа-райына бейімделген, суаруды онша қажет етпейтін күнбағыс, мақсары, рапс, зығыр сияқты майлы дақылдардың қандай сұрыптарын еккен дұрыс болатындығы мен осы күнге дейін жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының қорытындысында күнбағыстың  «Саратов-20» және Украин елінен әкелінетін сұрыптары өңірдің климаттық жағдайларына жақсы  бейімделгендігі айтылды._dsc0029

Семинар барысында шаруалар баяндамашыға өздерін мазалаған майлы дақылдар жиі ұшырайтын аурулармен қалай күресуге болады? Егу барысында жерді қандай технологиямен жырту керек? әр дәннің арасы мен әр қатардың алшақтығы қандай болу керектігі жайында сұрақтарын қойып, өздерінің тәжірибелерімен де бөлісті.

Жоғарыда аталған майлы дақылдардың барлығын облыс аумағында егіп, жақсы өнім алуға болады. Тіпті шетелге шығаруға мүмкіндік бар көрінеді. Тек оларды егетін жерлердің көлемін арттырып, жаңа технологиялар мен техниканы пайдалануымыз керек екен.

Ауылшаруашылығы өнімін өндірушілерге арналған семинардың екінші бөлімінде жиналғандар майлы дақылдарды егу барысында пайдаланылатын техникаларын көріп, күнбағыс егілген алқапқа барып, шаруалардың жұмыс барысымен танысты. Дақылдарды егудің тек теориялық қана емес, практикалық жағымен де танысқан шаруалар атынан «АсанАул» ЖШС-нің басшысы Бейбіт Асанов сөз алып, семинар ұйымдастырушыларына ризашылықтарын білдіріп, мұндай кеңестер жиі өткізіліп тұрса деген тілегін айттты.

Семинар соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.

Түгелбай Бисен

Зеленов ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале