18.07.2016, 10:24
Оқылды: 42

Шұғылалы өңірде өткен шырайлы шара

Шыңғырлау        «Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасы аясында Шыңғырлау ауданына Жаңақала ауданының делегациясы ат басын тіреді.


Жаңақала ауданының әкімшілік аппараты мамандары мен бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері мен аудан кәсіпкерлері, өнер ұжымы Шыңғырлау ауданының шаруашылық құрылымдарын аралап,  кәсіпкерлік қанат жайған орталығында болып, өңірдің тыныс-тіршілігімен танысты.

Қонақтарды күтіп алған Шыңғырлау ауданының әкімшілігі  өнер ұжымдары, ұлттық мәдени орталықтары сазды сәлемінен соң делегацияны күн мен жел энергиясын қуат көзіне айналдырып, шаруашылығын өркендетіп отырған «Ғайни» шаруа қожалығына бастап жүрді. Жоспарлы межесін алдағы жылдарға белгілеген Шаруашылық басшысы Жасқайрат Айсиев бүгінгі таңда қолданып отырған гибридті, күн мен жел энергиясынан қуат беретін қондырғысымен таныстырып, алдағы құс өсіру жұмысын ұлғайту, мал шаруашылығындағы ілгері жоспарларын жүзеге асыру, дуальды оқыту жүйесі бойынша жергілікті аудан колледжімен жұмысы тұрғысында түсініктер беріп, студенттерге жасалатын жағдай, жалпы, аудан жастарына көрсетілетін қамқорлық пен қолдау туралы өз ойымен бөлісті. Шыңғырлау

Бұдан соң аудан қонақтары орталықта орналасқан «Даңқ» ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, жастығы жалынға орнағандардың рухына тағзым етті. Жаңақала ауданының әкімі Лавр Хайретдинов ерліктері әнге, дастанға айналған Ұлы Жеңістің сарбаздары, ауданның қос ардагері Сүйеу Ығылманұлы мен Андрей Иосфовичке бағалы сыйлықтар тапсырып, ерлікті құрметтеу, ардагерді ардақ тұту адамгершілік парыз, отаншылдық рухтың көрінісі екенін жеткізді.

Бұдан кейінгі күн тәртібі аудан орталығындағы «АкРам» мейрамханасы, «Астана» сауда орталығы, «Теща» супермаркеті нысандарын аралап, кәсіпкерліктің кең ауқымын тамашалау, танысу рәсімдерімен жалғасты.

«Нұр Отан» ғимаратыны мәжіліс залында жалғасын тапқан «Бейбітшілік пен келісім – мәңгілік ел тұғыры» атты дөңгелек үстелде ұлтаралық татулық, конфессиялар түсіністігі, бүгінгі қоғамдағы ұлттық ерекшеліктер мен олардың бір мақсат, бір мүддеге жұмылуы барысында тақырыптар талқыға түсті.

Мегажоба сапарының түйіні аудандық Мәдениет үйінде Жаңақала ауданы өнерпаздарының сазды, әуезді концерттік бағдарламасымен түйінделіп, Жаңақала ауданының басшысы Лавр Хайретдинов Шыңғырлау ауданының әкімі Альберт Есаливке «Тілек кітабын», мегажоба эстафетасын салтанатты түрде табыс етті.

www.zhaikpress.kz
Қаршыға Елемесов
Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале