10.08.2016, 10:50
Оқылды: 36

Қарты бар елдің қазынасы бар

DSC_0127Теректі аудандық Мәдениет үйінде ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Қазақ елі осындай» атты аудан зейнеткерлері арасында фестиваль-байқау өтті.


Өнегелі һәм өрелі ой айтатын ақсақалдырымыз бен ақ жаулықты аналарымыз қоғамның түрлі саласында белсенділік танытып, жастарға үлгі болуда. Өнерді өн бойларына дарытып, киелі сахна төрінде жылдар бойы қалыптасқан, түрлі даму сатыларынан өткен таланттарын паш етуді де  ұмыт қалдырмады.

Байқауға аудандағы ауылдардың барлығынан дерлік үміткерлер қатысып, өз-өздерін сынап көруге тамаша мүмкіндік алды. Алыс жолға қарамай, жастары біразға келсе де шаршаңқы кейіп танытпаған қатысушылардың әрбіреуі жеңімпаз деп айтуға лайық еді.

Аудан әкімдігінің қолдауымен, мәдени-демалыс орталығы және ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен фестивалдің бәсі жоғары болды. Себебі, әр аталым бойынша жеңімпаз атанған қатысушылар облыс көлемінде аудан намысын қорғау құрметіне ие болады.

Өнер додасын тамашалауға аудан әкімі М.Мұқаев арнайы келіп, құттықтау сөз сөйледі.

  • Еліміздің бүгінгі жеткен жетістіктеріңде сіздердің қосқан өлшеусіз үлестеріңіз бар. Біздер осындай ақылгөй ардагерлеріміздің, даналықтың үлгісі болған зейнеткерлеріміздің арқасында өсіп-өніп, бақуатты күн кешудеміз. Елбасымыздың өзі әр бастамасын ақыл таразысына түсіріп, содан соң сіздермен кеңесіп отырады. Жуырда аудан көлемінде де біздер қарттарымызбен кездесіп, көптеген маңызы зор әңгімелер айттық. Жастар сіздерді құрметтейді, сіздерден үлгі алады. Амандықтарыңыз бен осылай сахна төрінде жарқылдап жүргендеріңіз-қымбат,- деді Мұрат Рахметұлы өз сөзінде.

Түрлі жанр бойынша байқауға қатысам деп келген қарттардың жасында да, санында да шек болмады. Мысалы, барлық музыкалық нөмірлерді баянмен сүйемелдеген Мұхамедқалиев Жолдығали атамыздың шеберлігін, жасы сексенді еңсерген ақсоғымдық Аманғалиев Самиғолла атамыздың қара домбыраның көмегімен көрсеткен өнерін ерекше атауға болады. Сонымен қатар, ардагер Петр Фефелов өлең оқығанда, Дусембаев Еркін атамыз билеп тұрып ән салғанда залда қол соқпаған жан қалмаған шығар. Берісі елуден, арысы сексеннен асқан ата-әжелеріміздің өнерге деген шексіз махаббаттарын көргенде таң қалмау мүмкін емес.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Қоқашев бастаған, аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы М.Төлегенов, «Теректиночка» халықтық вокалдық ансамблінің жетекшісі Л.Локтионова, мәдени-демалыс орталығының әдістеме бөлімінің меңгерушісі Г.Ғилымқызы, Достық үйінің әдіскері Н.Ғайсақызы бастаған қазылар алқасына барлық нөмірлерден ең мықтыларын таңдау оңайға соқпады. Дегенмен, жарыс бар жерде жеңімпаздардың болары ақиқат. Сонымен, хор ұжым аталымы бойынша «Япурай» зейнеткерлер клубының хор ұжымына(Подстепный селолық округі) тең келер ешкім болмаса, вокалдық ансамбль аталымы бойынша ақсоғымдық «Ақ отау» әжелер вокалдық ансамблі жеңімпаз атанды. Жеке вокал бойынша жүлделі 1 орынға Г.Айбергенова(Подстепный селолық округі) лайық болса, 2 орынды Р.Клименко(Покатилов селолық округі) місе тұтты. Ал 3 орынның мінберіне С.Аманғалиев(Ақсоғым селолық округі) жайғасты. Ал көркем сөз оқу бойынша төңкерістік қарт П.Фефелов үздік атанса, екінші орынды  ақжайықтық ақсақал С.Ахметжанов қанағат етті.  Аспаптық жанрда ақжайықтық күйші М.Нуменов жеңмпаз атанса, аталымның екінші орын жүлдесі Федоров ауылы атынан қатысқан Н.Крутькоға бұйырды. Эстрадалық вокал жанрының «дуэт» аталымы шеңберінде ұзынкөлдік әншілер А.Кубиев пен Б.Баданова мықтылықтарын дәлелдеді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлердің бәріне ұйымдастырушылар бағалы сыйлықтар дайындап, алғыс хаттар табыс етті.  Қазыналы қарттар аудан өмірі мен өнеріне осылайша сүбелі үлес қосты.

 

Әділет Орынбасаров

Теректі ауданы

www.zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале