17.10.2016, 15:24
Оқылды: 36

Қасым рухын тірілтті ұрпақтары

Зеленов ауданы орталығындағы Қасым Аманжолов атын иеленген мектепте ақынның 105 жылдығы мен Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай волейболдан облыстық турнир өтті. Мектеп ұжымы мен алағашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Аслан Дәкешев ұйымдастырған әуе доп сайысына Тасқала, Ақжайық, Теректі аудандарының, Орал қаласындағы 34 мектептің, Асан ауылының және аталмыш мектептің командалары қатысты. Ақын рухын жаңғыртқан жарыстың ашылу салтанатына аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Бибігүл Ахметжанова, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Дүзбатыров қатысты. Алдымен жарыс қатысушылары мен қонақтарға мектеп директоры Роза Тасанова қош келдің айтты. Содан соң Нұржан Тоғызбайұлы сөз алып, Қасым ақынның өмірі мен шығармашылығы жайын да және Алматы шаһарында тұрып жатырған ақынның қызымен болған кездесуі туралы кеңінен әңгімелеп, Дариға Қасымқызының естеліктерінен де сыр шертті.

Ал жарысқа келер болсақ, командалар екі топқа бөлініп, мықтыны анықтады. Алғашқы топқа түскен Қасым Аманжолов, Тасқала және Орал қаласынан келген 34 мектеп командалары да екінші топтағы Асан ауылы, Теректі және Ақжайық аудандарының ойыншылары да волейболсүйер көрерменнің көңілінен шығатын ойын өрнегін көрсетті. Ешбір ұжым жеңісті оңай бере салуды ойламады. Әр доп үшін талас тартысқа толы болды. Дегенмен, басқаларынан шеберліктері басымдау болған Қасым мектебі мен Асан ауылының спортшылары өз топатарынан үздік нәтижемен шығып, жарыс чемпионы атағына таласуға мүмкіндік алса, топтық сайыс қорытындысында екінші нәтиже көрсеткен Тасқала ауданы мен теректілік волейболшылар үшінші орын үшін таласты.

Жүлде үшін өткен бәсекелерді Тасқала мен Теректі ойыншылары ашты. Тартысты өткен партиялар қорытындысында жеңіске %d2%9b%d0%b0%d1%81%d1%8b%d0%bc-%d0%ba%d1%83%d0%b1%d0%be%d0%b3%d1%96деген жігер танытқан тасқалалық ойыншылар қарсыластарын қапы қалдырып, үшінші орынды иеленді. Ал финалдық ойында Асан ауылының волейболшылары мен Қасым Аманжолов мектебінің ойыншылары жиылған көрерменге ұмытылмас ойын көрсетті. Шеберліктері біріне-бірі тең екі команданың ойын өрнегі, айқай шуы мен жеңіске деген жігері көрермендерге берілді. Доп ойынға қосылған бойда қиқуға басқан волейболсүйер ағайының қолдауынан жігерленген ойыншылар қателік жібермеуге тырысып бақты. Барлық жағынан тең болған ойын қорытындысында өз көрермені алдында жеңілуді ар санаған Қасым Аманжолов мектебінің волейболшылары асандықтардан жеңісті жұлып алды. Осылайша, алғаш рет ұйымдастырылған жарыстың бас жүлдесі алаң иелеріне бұйырды. Сондай-ақ ойындар барысында жақсы жағынан көзге түскен теректілік Азамат Құлмұханов «Үздік қорғаушы», тасқалалық Сұлтан Хаменов «Үздік шабуылшы» атанса, Орал командасын өрге сүйреген Асқар Ақылбеков жарыстың «Үздік ойыншысы» аталымын иеленді. Жарыс жеңімпазы мен жүлдегерлеріне бағалы сыйлықтар мен медалдер және кубоктар табысталды.

             Түгелбай Бисен

www.zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале