1.09.2016, 17:12
Оқылды: 43

Қособа мектебі ашылды

ШыныбековБілім күні күрделі жөндеуден өткен Қособа орта мектебінде ерекше екпінмен тойланды. Салтанатты шараға аудан әкімі Абат Шыныбеков, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Қуанышалиев, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Зәмзагүл Ерғазиева, мердігер "Ақсай Строй Сервис" ЖШС учаске басшысы Мұрат Мамбетов, аудандық мәслихат депутаты Жеңіс Шапешов қатысты.
Әнұранның әуелеуімен басталған алғашқы қоңырау салтанатында қонақтар құттықтау сөз сөйледі. Мердігер ЖШС  мектепке музыкалық аппаратура сыйға тартты. Мектеп оқушылары өнер көрсетіп, жап-жаңа білім ордаларымен қауышқанына қуанышты. Әп-әдемі кейіпке енген мектептеріне деген таңданыстарын жасыра алар емес. Көк аспанмен астасып, түстесіп, алыстан жарқырап, мен мұндалаған мектептің күрделі жөнделуі үшін мемлекет қазынасынан 138 млн теңге бөлінсе, жөндеу жұмыстары белгіленген мерзімнен үш ай бұрын тәмам болып отыр. Қособа орта мектебі осы оқу жылын 124 оқушымен бастады.
11 сынып оқушылары 1 сыныпқа қадам басқан бүлдіршіндерге сауат ашу оқулығын табыс етті. Жез қоңырауды сыңғырлата соғу рәсімін 11 сынып оқушысы Данияр Бақытжан мен мектеп табалдырығын аттаушы Айсезім Қаспай жүргізді.
Салтанатты шарадан соң аудан, облыстан келген басшылар мектепті аралап, 11 сыныпта Гауһар Досқалиева өткізген "Мен - елімнің патриотымын!" атты сабаққа қатысты. Сабақ соңында аудан басшысы Абат Абайұлы қорытынды сөз сөйлеп, патриот болу үшін міндетті түрде үлкен ерлік жасау шарт емес, қасыңда жүрген жолдасыңа жақсылық жасаудың өзі отансүйгіштіктің белгісі деген пікірін білдірді.

Шынар Молданиязова

www.zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале