19.07.2016, 11:55
Оқылды: 41

Қоғамдық кеңесте өзекті мәселелер талқыланды

Қоғамдық кеңесте өзекті мәселелер талқыландыЖәнібек аудандық  қоғамдық  кеңестің төрағасы Бекет Әліпқалиевтің төрағалық етуімен  қоғамдық кеңестің кезекті отырысы оздырылды.  Отырысқа аудан әкімі Наурызбай Қарағойшин, мәслихат хатшысы, аудан әкімінің орынбасарлары,  аудан әкімі аппаратының басшысы, бөлім, мекеме басшылары, БАҚ өкілдері  қатысты.


Отырыста аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы  Жанар Қошанова  «Жәнібек  ауданы бойынша  жастар саясатының  орындалуы туралы»,  аудандық тұтынушылардың құқығын  қорғау басқармасының  басшысы  Нұрлыбек  Мұстаев «Жәнібек  ауданы бойынша   санитарлық-экологиялық жағдай туралы» баяндама жасады.

Жанар Қошанова өз баяндамасында  ауданда  мемлекеттік  жастар саясатын жүзеге асыруда жастардың  әлеуметтік құқықтары мен кепілдіктерін, білім алу, денсаулығын сақтауға қолжетімділігін қамтамасыз ету, жұмысқа орналасуға көмек беру, жас отбасыларға қолдау көрсету, саламатты өмір салтын  қалыптастыру бағытында  атқарылатын іс-шараларға  аудандық  жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық  орталықтың  ұйытқы болып отырғанын атап өтті.

Нұрлыбек Мұстаев үстіміздегі жылдың алты айында  аудан бойынша  санитарлық-эпидемиологиялық жағдайдың қалыпты болып, вакцинаға бағынышты аурулар тіркелмегендігін, апта сайын  басқарма  қызметкерлерімен  санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізіліп, жұқпалы аурулардың асқыну болжамын жіті қадағалап отыратындығын айта келе, балалар мен жасөспірімдер гигиенасы  бойынша басқарманың қарауындағы білім беру мекемелерінде жүргізілген тексерістер барысына тоқталды.

Қоғамдық кеңесте өзекті мәселелер талқыланды1Қоғамдық кеңес отырысында сөз алған аудан әкімі Наурызбай Қадырбайұлы жастардың қоғамның жетекші күші ретіндегі ықпалын арттыру бағытында сөзден гөрі нақты істердің атқарылуы қажеттігін, бұла күші бойында тасқындаған оларды жұмыспен қамтуда сергектік танытып, бос жүрмеуін қадағалау керектігін қадап айтты. Әйтпесе, «жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық, аздырар адам баласын» дегендей бос жүрген, әлеуметтік тұрғыдан қамтылмаған жастарды радикалдық ағымдағы теріс жолға түсушілердің, ел қауіпсіздігі мен тыныштығына қатер төндірушілердің пайдалану ықтималдығы артатындығына тоқталып, аузы дуалы ақсақалдардың  жастармен жиі кездесіп, өмірлік тәжірибесімен бөлісуі  аса маңызды екендігіне көпшіліктің назарын аударды.

Отырыста қоғамдық кеңестің мүшелері Меркен Кенжеғалиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев, Жәнібек ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Ерсайын Кұбашев сөз сөйлеп, жастарға өз ақыл-кеңестерін айтты.

«Ақсақалы елдің болмаса, жастары болар диуана» деп Махамбет ақын айтқандай, ақылдың кені іспеттес ел ағалары  өзекті тақырыптар аясында келелі ой өрбітіп, кесімді ұсыныстарын білдірді.

www.zhaikpress.kz

Меңдігүл ҒАРИФОЛЛАҚЫЗЫ

Жәнібек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале