12.10.2016, 14:19
Оқылды: 25

Ұшқыш батыр ұрпақтарының ұлағаты

 %d0%b6%d1%8b%d0%bb%d0%b4%d0%b0%d1%80     Көкірекке  мұң, санаға  ауыр ой салған екінші дүниежүзілік соғыс кім-кімге болмасын оңай тимеді. Сонау қасіретті 1943 жылдың тамыз айында Чеботарев ауылы маңында ұшақ жарылып, екі адамның өлі денесі табылған болатын. Ұшқыштардың жасы не бары 18-20 жаста ғана екен. Белгісіз ұшқыштар аталмыш ауылдағы орыс мәйітіне жерленген. Соғыстан кейінгі жылдары ауыл тұрғындары оларға ескерткіш қойып, қоршау орнатқан.


Араға жыл салып жаңағы ұшқыштың біреуінің есімі, яғни Александр Григорьевич Кукушкин  екені анықталып, Ресей Федерациясының Мәскеу қаласынан А.Кукушкиннің немересі Ольга Степанова жұбайы Владислав Степанов екеуі арнайы келді.

Ұшқыш ұрпақтарын Перметный ауылынан аудандық мәслихат депутаты Нұржан Ешмұратов бастаған аудан   өкілдері жылы шыраймен күтіп алып, құрмет көрсетті. Содан соң олар Александр Кукушкин жерленген ауылға аттанды. Бұл жерде меймандарды аудан әкімінің орынбасары Асылұлан Досжанов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басышысы Талшынай Жүніс, Чеботарев селолық округінің әкімі Әдемі Жұманиязова бастаған ауыл тұрғындары қошеметпен қарсы алды.

Аман-саулықтан соң барлығы ауыл маңындағы ұшқыштар зиратына барып, Ұлы Отан соғысы кезінде қаза  тапқан сарбаздардың рухына тағзым етті.

- Бізге бейбіт өмір сыйлаған азаматтардың ерліктері ел есінде мәңгі сақталмақ. Ел үшін жанын пида еткен сарбаздардың алдында қарыздармыз. Осы уақытқа дейін есімдері белгісіз болып келген ұшқыштың аты-жөні анықталып, міне, біздің жерімізге Александр Григорьевичтің ұрпағы ат басын тіреді,- деді аудан әкімінің орынбасары.

Одан әрі сөз алған А. Кукушкиннің  немересі Ольга Степанова:

- Атамызды батыр деп  бағалап, құрмет тұтқан барлық азаматтарға ықыласым шексіз. Ұзақ жылдар бойғы  іздестіру жұмыстарының нәтижесінде атамның аты-жөні анықталып, қуанып жатырмыз. Өмір бойы армандап   кеткен ата-бабамыздың аманаты орындалды. Бұл бақытты ата-әжелеріміз көре алмай кетсе де, бізге көруге  бұйырды. Қазақ жерінің топырағы бұйырған атамның басына туған жерінің топырағын әкеліп, қабірінің басына  қою - мен үшін бақыт. Батыр бабамыздың есіміне арналып қойылған бұл ескерткіш тақта туралы елге  барғаннан соң, тума-туыстарыма, дос-жарандарыма қуанышпен әңгімелеп беремін. Ерлікпен қаза тапқан атам  Александр Григорьевичті нағыз батыр деп қадірлеген аудан, жергілікті жердің басшыларына алғысымды  білдіремін,- деп ағынан жарылды.

Сұрапыл жылда орын алған бұл оқиғаның куәгерлері сол кезде бала болса да, есте қалған әңгімелері туралы  бізбен ой бөліскен еді. - Мен ол кезде бұл оқиға жайында түнгі күзетте мал бағуда болған өз атамнан естіп, ертеңіне досым екеуміз бір атқа мінгесіп, ұшақ құлаған жерге барған болатынбыз. Күл-талқаны шыққан  ұшақтың бөлшектері жан-жақта шашылып жатты. Көп ұзамай машинамен әскери адамдар келіп, қаза болған  ұшқыштарды біздің ауылдағы зиратқа әкеліп жерледі,-деп еске алады ауыл ақсақалы Рахметолла Жүнісов.

Иә, осы уақытқа дейін белгісіз болып келген ұшқыштардың бірінің есімі анықталды. Енді қасындағы серігінің де аты-жөні табылып, туған жерінің топырағы бұйыратынына ауыл тұрғындарының сенімі бек.

Гүлжан   Аязбаева

                                                                                              www.zhaikpress.kz  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале