12.12.2016, 17:00
Оқылды: 67

«Әсемдіктің ғажайып әлемі»

      Осындай атаумен Жәнібек ауданында суретші, қолөнер шебері Төлебек Есімғалиевтің отбасылық көрмесі ашылды. Отбасылық делінген себебі көрмеге суретшінің егіз ұл-қызы М.Өтемісұлы атындағы  БҚМУ-дың «Мәдениет және өнер» факультетінің  «Сурет», «Бейнелеу және дизайн»  факультеттерінің  төртінші курс студенттері Нағым мен Нағиманың  қолынан шыққан туындылар да қойылған. Аудандық мәдениет үйінің фойесінде ұйымдастырылған шығармашылық көрме ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды.

Кескіндеме саласын терең меңгерген, сан алуан өнер бағыттарын игерген, ағаштан  түйін түйген шебер Төлебек Шұғайұлының отбасылық көрмесінің тұсауын аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешов кесті.

Көрмеге отбасының мыңға тарта туындыларының ішінен қырық шақтысы қойылған.

Аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешов жиылған жұртшылықты аудан әкімі Наурызбай Қарағойшиннің атынан құттықтап, талантты отбасыға жылы лебізін ақтарып, талантты жанұяға аудан әкімінің алғыс хаты мен бағалы сыйлығын табыстады.

Өнердегі әріптесі, суретші Самиғолла Лұқпанов Төлебек ағаның жүрекпен сезініп, оймен сараланған, қолынан туған әсем туындыларының  кәсіби жоғары талғаммен салынғандығына тоқталды.

Отбасылық суретшілердің көрмесі 2017 жылдың 16 қаңтарында Орал қаласындағы Қадыр Мырза Әлі атындағы өнер орталығында облыс халқына да ұсынылмақ.

Меңдігүл Ғарифоллақызы,

Жәнібек ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале