10.11.2016, 13:04
Оқылды: 25

Өзектілігімен өткір болған форум

%d1%82%d0%b5%d1%80%d0%b5%d0%ba%d1%82%d1%96-%d1%84%d0%be%d1%80%d1%83%d0%bc%d1%8b1 ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырылып Теректі ауданы орталығындағы Достық үйінде қоғамдық келісім кеңесінің ІІІ форумы болып өтті. Форумды аудандық келісім кеңесінің төрағасы Мусағали Төлегенов жүргізсе, форум жұмысына аудан әкімі Мұрат Мұқаев, бөлім басшылары, селолық округ әкімдері және жастар өкілдері  қатысты. Құрметті қонақтардың қатарында «БҚО қоғамдық келісім кеңесі» мемлекеттік мекеме басшысының орынбасары Жамал Ихсанова және  қоғамдық келісім кеңесінің кәсіби медиаторы Талшын Италиева болды.


Алдымен, аудандық келісім кеңесінің төрағасы М.Төлегенов  сөз алып,  аудандығы қоғамдық келісім кеңестерінің жұмыстарын саралады.

-Аудандарда алғаш болып қоғамдық келісім кеңестері бізде құрылды.  Оны мақтанышпен айтамыз. Қазіргі таңда 15 селолық округтердің барлығында кеңестер жұмыстарын мүлтіксіз атқарып келеді. Қоғамдық келісім кеңестерінің құрамына ел ағалары, ауылдардағы беделі бар азаматтар, ауданымыздың құрылуы мен гүлденуіне сүбелі үлес қосқан тұлғалар кіреді. Ал бүгінгі шараның басты мақсаты – ұлтаралық саясат саласында тәжірибе алмасу болып табылады, - деді өз сөзінде Мусағали Орынғалиұлы.

Одан соң аудан әкімі Мұрат Рахметұлы 29 ұлттың басын қосқан ауданның жетістіктерін айтып, қоғамдық келісім ұғымын  халық болып қалыптастыру керектігін тілге тиек қылды. Сонымен қатар, ұрпақ тәрбиесі, көше мәдениеттілігі, ауданымыздың тазалығы жөнінде ой қозғап, күн тәртібінен түспес мәселелермен жұмылып күресу керектігін қадап айтты.

Облыс орталығынан келген «БҚО қоғамдық келісім кеңесі» мемлекеттік мекеме басшысының орынбасары Жамал Ихсанова аудандағы оң өзгерістерге жақсы бағасын беріп, өзге аудандар мен ауылдарда атқарылып жатырған жұмыстарды мысал ретінде де келтіре кетті.

Форум жұмысында сөз алған аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Асан Ажғалиев  2016 жылдың 10 айында атқарылған жұмыстар бойынша баяндама жасады. Ал Подстепный ауылдық округінің қоғамдық келісім кеңесінің төрайымы Зәуреш Шатикова  аталмыш ауылдағы қарттардың бірлесе жұмыс жасайтындығын, жастар тәрбиесіне белсене атсалысатынын айтты. Кәсіби медиаторлардың қызметі, өзге елдердегі дауды шешу жолдарын мысал еткен қоғамдық келісім кеңесінің кәсіби медиаторы Талшын Мукатқызының да баяндамасын атап өткен жөн.

Форум барысында  қарар қабылданып, оны жиылғандарға аудандық жастармен жұмыс жөніндегі  ресурстық орталығының басшысы Мирхат Ибраев жеткізді.  Маңызы бар шараның соңында бірқатар азаматтарға аудан әкімінің атынан алғыс хаттар табысталып, гүл шоқтары ұсынылды. Марапат алып, мәртебелері өскен жандардың арасында Шалқар селолық округі қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Е.Қоңқашев, Подстепный селолық округі қоғамдық келісім кеңесінің  төрайымы З.Шатикова, «Сябры» беларусь этномәдени орталығының төрайымы М.Плетеная және Ақсоғым ауылдық округінің жастармен жұмыс жөніндегі маманы С.Нуменов бар. Аудандық мәдени-демалыс орталығының өнерпаздары дайындаған концерт көпшіліктің көңілін көтеріп, форумның әдемі нүктесі бола білді.

 

Әділет Орынбасаров

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале