21.09.2016, 14:33
Оқылды: 20

Өз ісінің шебері

%d0%ba%d0%be%d1%81%d1%82%d1%8e%d0%bc%d0%b5%d1%801Барлығымыз түрлі мәдени шаралар мен концерттерге барамыз. Ол жерде тамаша ән салып, мың бұрала би билегендерге қошеметімізді көрсетіп, өнеріне тәнті болып жатамыз. Ал сол концерттің өтуіне бір кісідей араласып, сахналық киімдерін сайлап қоятын костюмердің еңбегін елей бермейміз. Былай алып қарар болсақ, сахна сәнін келтіруде, өнерпаздың көрерменге ұнауына костюмердің тигізер үлесі зор.

Сахнадан көрінбесе де сыртында жүріп-ақ мерекелік шаралардың сәнін келтірер, концерттер пен түрлі шараларға қажетті киім-кешектің кем-кетігін жөндеп,өнерпазға қонымды әрі ыңғайлы болуын қадағалап, тазалап тұратын Зеленов аудандық мәдениет үйінің костюмері Светлана Гумарованы білмейтін өнерпаз кемде-кем ауданда. Жиырма жылға жуық мәдениет үйінде қызмет жасап келе жатырған Светлана Николаевна Переметный ауылының тумасы. Сол жерде мектепті тәмәмдаған соң Алматы қаласына аттанып, ол жақтан метеоролог мамандығын иегіріп, елге оралады. Біраз жыл ауылшаруашылық бөлімінде еңбек еткен ол тұрмыс құрып, бірнеше жыл бала күтімімен отырады. Кейін қайтадан жұмысқа шыққанымен қысқартуға түсіп,  қалады. Бірақ, бос отырғанды жаны сүймейтін Светлана апа жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне жұмыссыз ретінде тіркеуге тұрады. Заманның қиындығына қарамастан қазір Зеленов колледжі аталатын оқу орнынан тігінші мамандығын игеріп алған оны еңбек биржасы мәдениет үйіне костюмер етіп орналастырады.

–Өткен ғасырдың 90-шы жылдары еліміздегі жағдай қазіргідей жақсы болмағанымен мемлекет ешкімді далада қалдырмауға тырысты. Өзім де көп уақыт жұмыссыз отырмадым. Ол дегеніміз үкіметтің қай кезде де халық жағдайын ойлағандығының көрінісі деп білемін,-дейді өзінің жаңа жұмысқа орналасқан кезін есіне алған Светлана Николаевна. Дәл сол кезде оның жаңа жұмысы екінші үйіндей болып кетерін білмеген де болар?

-Мәдениет үйіне алғаш орналасқанымды қазіргідей сахна костюмдері көп болған жоқ. Бірақ концерттер үзілмейтін. Әншілер мен бишілердің сахнаға әдемі болып шығуын барынша қамтамасыз етуші едім. Тіпті сахналық киімдерді үйіме алып кетіп, жуып жүрген кездерім де болды,-деген ол әр концерт сайын қатты қоблажып тұратынын да жасырмайды. Өйткені, көрермен әншінің әні мен бишінің биін ғана емес, киген киіміне де мән береді ғой,-дейді.

Бұ күндері өз ісінің нағыз шебері атанған ол әр әнші мен бишінің, өнер ұжымдарының киімін жазбай таниды. Тіпті кейбір өнерпаздар сахнаға қалай киініп шығуы керектігін онымен ақылдасып  тұратын көрінеді. Заманның да түзеліп, өнерге, өнерпазға жақсы көңіл бөлініп тұрғанын әрдайым айтып жүретін кейіпкеріміз жұмысы туралы: -Жұмысымның ең қиын жері концерттің қалай өтіп жатырғандығын көре алмайтыным. Өйткені, жұмыс орнымда отыруым керек. Өнерпаздар киімдерін ауыстыруға келеді. Ал мен орнымда болмай қалсам, концерттің сәні кетуі мүмкін. Сондықтан қай әншінің қандай киіммен жүргенін білсем де концерттің қалай өтіп жатырғанын білмей отырамын,-дейді күлімсіреп.

Қай кезде барсаң да керек киіміңді дайындап, күлімдеп қарсы алатын Светлана Николаевнаны мәдениет саласының мамандары еркелетіп «мама» атап кеткен. Оның бұл жаңа есімі тек өнерпаздар арасында ғана емес, мәдениет үйінің әр қызметшісіне ұнап қалса керек осы күні басқа жұмысшылар да оны тек «мама» атайтын болған. Бұл да бір еңбектің жемісі болар?

Бұдан бөлек қол өнермен де айналысатын кейіпкеріміз бос уақытын таспа жіппен кестелеп, ілмек бізбен тоқып, крест тігісімен тігуге және бисермен түрлі картинларды салуға арнайды. Қолынан шыққан бұйымдарын туыс, достарына сыйлап, қосымша қаражат болсын деп сатып та тұрады. –Жұмысың бір бөлек. Ал, қолөнері қашан да бағаланған,-дейтін ол жұмыстастары мен таныстарының ұл-қыздарына өзінің білгенін үйретіп тұруға да уақыт табады.   «Жұмыссызбын. Маған мемлекет көмектесуі керек»,-дейтін замандастастары мен ауылдастырының қол қусырып отырғандығына қатты қынжылатынын да айтады.

-Жұмыс жасайтын, жалқаулықты білмейтін азаматқа қай кезде де жұмыс табылады. Тек білсем, үйренсем деген ниет керек. Қиын заманда да жұмыссыз қалған адам болмады. Қазір қалаған жұмысыңа орналаса аласың,-дейді.

Алғашқы мамандығы басқа болғанымен жаңа жұмысын жанындай сүйіп, өзі де басқалардың сүйікті костюмері атанған Светлана Николаевна жары Рашид екеуі бір ұл бір қыз тәрбиелеп өсірген. Жұмыстан соң немерелерін бағып, солардың қызығына бөленіп жүреді.

Түгелбай Бисен

www.zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале