4.08.2016, 10:05
Оқылды: 34

Өкініштен өзегіміз өртенбесін

Ақжайық ауданында аудан прокуроры Нұрлыбек Сәбитов, БҚО дін істері басқармасының дін мәселелерін зерттеу бөлімінің теологы Наурыз Убаев, «Таным» деструктивтік діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Құрман Бисеғалиев ауылдар тұрғындарымен кездесуде.

Жаңабұлақ, Самал, Бударин ауылдары жұртымен дидарласуда бөгде болмыстан сақтану жайында кеңінен әңгіме болды.

– Осыдан оншақты жыл бұрын елімізде теолог мамандар жетіспейтіні талай қиындық тудырған еді. Бүгінде ондай проблема жоқ. Әрине, бірақ радикалды идеологиядан сақтануды тек сол мамандардың немесе құқық қорғау органдарының иығына артып салып, қарап отыруға болмайды. Жан-жағымызға сергек үңілетін уақыт жетті. Ауданнан төрт азамат Сирияда жүргені анықталды. Олардың бір-екеуі қаза тапты деген сыбыс бар. Шекара асып, ақыры интернет арқылы байланысқа шығып, бізден көмек сұрап жүрген қыздар бар. Міне, бөтен болмыстың зияны,-деді өз сөзінде аудан прокуроры Н.Сәбитов.теолог

Теолог Н.Убаев та өкініштен өзегі өртенгендерге қатысты мысалдар келтірді. «Белгісіз топтармен байланыс жасап, ақыры темір тордың аржағына кеткендердің еңірегенде етегі жасқа толып, кешірім сұрағандарын естігенде жүрегің шаншиды. Рақымшылық сұрайды. Облысымызда діни тұрғыда адасқан 25 азамат жазаларын өтеуде. Солардың ішінде алтауы бұрынғы қателіктерінен қорытынды шығарып, Ханафи мәзһабына бет бұрды. Әрине, біразын райынан қайтару оңайға соқпай тұрғанын да жасыруға болмайды. Дегенмен, олармен жұмыс жалғаса береді. Солардан басқа, біздің басқарма соңғы кезде 60 шақты азамат, азаматшалардың қадамдары түзелуіне ықпал жасады»,-деді ол.

Кездесулерде сондай-ақ Қ.Бисеғалиев, ауылдардағы ақпараттық-ұғындыру топтарының мүшелері теріс діни ағымдардан сақтану, діни сауатты көтеру жайында кеңінен әңгімеледі. Діни тақырыптағы сауатты әдебиеттерден талай нәрсеге қануға болатыны нақты мысалдармен баяндалды.

                                                                                                        www.zhaikpress.kz

Бекем Бекұлы

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале