29.08.2016, 16:00
Оқылды: 29

Өнерлі қариялардың фестивалі

ДомбырашыАудандық мәдениет үйінде ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Тәуелсіздікке тағзым» атты ардагерлердің шығармашылық фестивалі болып өтті. Жерлесіміз, мемлекет және қоғам қайраткері М.Ықсановтың 90 жылдығына арнап оздырылған шарада қариялар өз өнерлерін киелі сахна төрінде ортаға салды.

Алдымен, аудандық ардагерлер ансамблі Құрманғазының  «Қызыл қайың серперін» төкпелетіп, одан әрмен осы ансамбльдің сүйемелдеуімен Клара Темірәлиева «Ахау, керім» әнін қалықтата шырқады. Қазақтың қара өлеңін жанына серік етіп жүрген Меңсұлу Жұмақұлова «Тәуелсіз Қазақстан» атты авторлық туындысымен көрермендердің ерекше ықыласына ие болды. «Ақниет», «Надежда» ансамбльдері бірнеше қазақ, орыс әндерінен шашу шашса, Елеусін Зейнуллин «Туған жер өзің дегенде» әнімен концерттің көркін қыздырды. Фестивальдің шымылдығы Уахит Сариевтің орындауындағы «Республикам – байтағым менің» атты авторлық туындысымен жабылды.

Шара соңында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Біржан Меңешев зейнет жасына келсе де ауданның қоғамдық өміріне белсенді араласып жүрген ардагерлерге ризашылығын білдіріп, қатысушылардың бәріне алғыс хаттарды табыс етті.

Д.Зеннат

Жәнібек ауданы   

www.zhaikpress.kz  

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале