5.03.2015, 17:11
Оқылды: 22

Өңірлердің әлеуеті ЖҮЙЕЛІ ТҮРДЕ ДАМЫМАҚ

sam_1314


Қаңтардың 1-інен бастап Өңірлерді дамытудың бірыңғай бағдарламасы күшіне енді. Оның құрамына «Қолжетімді баспана – 2020»,  «ТҮКШ-ны жаңғырту», «2012-2020 жылдарға арналған моноқалаларды дамыту», «Ақбұлақ» пен «Өңірлерді дамыту» бағдарламалары кірді.


Мамандар бес бағдарламаны негізге алған бұл құжаттың енді күшейетінін, атқаратын қызметтер саны ауқымдала түсетінін айтады.

-Мемлекет басшысының Жолдауындағы міндеттерге сәйкес, Үкіметтің 2014 жылғы 28 маусымдағы №728 қаулысы бойынша Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы бекітілді. Бес бірдей бағдарлама не үшін біріктірілді? Алдымен, соған тоқталайық. Талдау көрсеткендей, бұл бағдарламаларда шығыстар бағыттарының жиі қайталануы және нысаналы индикаторлардың ұқсастығы байқалды, сондай-ақ оларды үйлестіруде және әкімшіліктендіруде қиыншылықтар болды. Сондықтан бағдарламалардың бағыттары жүйеге келтірілді.

Елбасы Жолдауында белгіленген бағдарлардың бірі урбандалуды 55-тен 70%-ға дейін арттыру болып табылады. Осыған байланысты бағдарламаның шеңберінде 2-деңгейдегі қалаларды (облыс орталықтары, Семей мен Түркістан қалалары) дамытуға үлкен назар аударылды. Облыс орталықтарын экономикалық жағынан тиімді дамыту және оны өңірдің барлық ауданы үшін «локомотив» ретінде жетілдіру көзделуде. Соның нәтижесінде аудандарда тауар өндіру, қызмет ұсынуға жете мән беріліп, оларды сату жолдары қарастырылмақшы. Индустриялық-инновациялық бағдарламаларға орай инфрақұрылымды дамыту технопаркпен, индустриялық аймақпен байланысты болады.

Бағдарламада әлеуеті жоғары ауылдар мен шекара маңындағы аумақтарға назар аударылған. Тірек ауылдық елді мекендер мен аудан орталықтарын жетілдіру кешенді дамытудың жеке жоспарларының негізінде жүзеге асырылады. Оларда қолданыста бар өндірістерді кеңейту және жаңғырту, шағын және орта бизнесті, әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылым нысандарын, тұрғын үй құрылысы, мемлекеттік, қаржылық және сервистік қызметтерді өрістету бойынша шаралар көзделмекші. Ауылдың кадрлық әлеуетін арттыру, яғни ауылдық жерге жұмыс істеу және тұру үшін келген мамандарға көтерме жәрдемақы төлеу, тұрғын үймен қамтамасыз ету түрінде мемлекеттік қолдау  да  қарастырылған.

Аталмыш құжат жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі реформалармен үйлестірілгенін атап өткен жөн. Ол өз ауылдарын әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан алға бастыруда тұрғындардың рөлін күшейтуді көздейді. Шекара маңындағы аумақтардың ірі қоныстарын серпінді дамыту оларға еңбекке қабілетті халық ресурстары мен көші-қон ағындарын тартуға әкеледі, бұл елдің демографиялық және экономикалық әлеуетіне жағымды әсер етеді, - дейді облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының өңірлік даму және мониторинг бөлімінің басшысы Райса Еркеғалиева.

Енді 2011 жылы қабылданып, осы кезге дейін жүзеге асқан «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы аясында облысымызда атқарылған жұмыстарды бір шолып өтейік. 2012 жылы аталмыш бағдарламаға сәйкес республикалық бюджеттен инженерлік инфрақұрылымды дамытуға 950 млн. теңге трансферт қаралды. Бұл қаржы Орал және Ақсай қалаларының кәріз жүйелерін, жол мен көшелерді жөндеуге бағытталды. Ал жергілікті өзін-өзі басқаруды қаржылық қолдауға бөлінген 42 млн. теңгеге ауылдық елді мекендердегі күл-қоқыстар шығарылып, көшелер жарықтандырылып, абаттандырылып, балалардың ойын алаңдары салынды. Ал 2013 жылы облыс орталығындағы екі-үш жолды, жылу желілерін қайта құруға 491,3 млн. теңге жұмсалды. Ауылды көркейтіп, абаттандыру бағытындағы 212 жобаға 213,3 млн. теңге бөлінді.

Былтыр инженерлік инфрақұрылымдарды дамытуға қаралған 1 002,5 млн. теңгеге Оралдағы бірнеше көше жолдары қайта құрылып, жаңа алаңдар салынды. Жергілікті өзін-өзі басқару бойынша 320,4 млн. теңге (соның ішінде 288,1 млн. теңге субвенция) қаралып, ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша бұл қаржының 94,2 пайызы игерілді. Нәтижесінде 160 жоба жүзеге асты. Өткен жылы да бұл бағытта ең көп қаржы, яғни 50 237 мың теңге Зеленов ауданына бұйырды. Соған орай аудандағы отыздан аса ауылда жарықтандыру желілеріне ағымдағы жөндеу жүргізіліп, он ауылда балалардың ойын алаңы салынды. Шыңғырлау ауданына бөлінген 14 млн. теңгеге жуық қаржы, негізінен, ауылдарды абаттандыруға жұмсалыпты. Былтыр қаратөбеліктер де осы мәселеге жете көңіл бөліпті. Яғни ауданда жүзеге асқан тоғыз жобаның сегізі абаттандыруға қатысты. Бағдарлама аясында Сырымда 18,8 млн. теңгенің алты жобасы қолға алынды. Соған байланысты әлеуметтік нысандар жөнделді, ал Жосалы ауылдық округіндегі бөгет тазартылды. Ауыл әкімі Қобланды Ғабдешевтің сөзіне қарағанда, бұл жоба жосалылықтарға жаңа мүмкіндік сыйламақ. Нақтылап айтсақ, биылдан бастап «Туған жер» шаруа қожалығының ұйытқы болуымен осы бөгет маңында ұжымдық, отбасылық бақша егу ісі қолға алынбақшы. Теректіліктер биыл ауылішілік жолдарды жөндеуді назарға алыпты. Соның арқасында Аңқаты, Новопавлов, Покатилов, Пойма ауылдарындағы жолдар жаңарып қалды. Ал Бөрлі осы бағдарлама аясындағы іс-шараларға жергілікті бюджеттен қаржы қарастырып отырған облысымыздағы жалғыз аудан екенін айта кетейік. Мысал үшін, ауданда 2013 жылы республикалық трансферт есебінен 18 елді мекенге көше жарықтары өткізілсе, аудандық бюджеттен бөлінген 5 586,1 мың теңгеге Қызылтал, Ақбұлақ ауылдарындағы бөгеттер жөнделді, 941,3 мың теңгеге Пугачев ауылдық округінің Бесағаш елді мекенін сумен жабдықтау мақсатында сорғы (насос) орнатылды. Өткен жылы аудандық бюджет қаражаты есебінен 3 ауылда балаларға ойын алаңдары орнатылып, екі ауылдағы бөгеттер жөнделді. Ал 27 007,6 мың теңгені 14 ауылдық округтегі әкім аппараты өз аумағындағы көшелердi жарықтандыру, көгалдандыру, қатты тұрмыстық қалдықтар және мал қорымдары полигондарын жайластыру секілді ағымдағы жұмыстарға бөлді. Биыл бұл бағдарламаның шарапатын березовтықтар молынан көрмекші. Яғни ауылда балалар ойын алаңы орнатылып, бөгет жөнделіп, ауылдағы жолға асфальт төселмекші. Сондай-ақ Ақсу, Александров, Тихонов ауылдарында балалар ойын алаңдары пайда болса, Приурал, Киров, Успеновтағы бөгеттер жөнделмек. Жарсуат, Приурал, Пугачев ауылдарында жолдар жаңармақшы.

«Ағымдағы жылдан бастап шекара маңындағы және тіректі елді мекендерді дамыту бойынша жұмыстар жоспарланды, - дейді Бөрлі аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Гүлнар Шамғонова. - Олардың біразы Бөрлі ауылына қатысты. Мәселен, осы ауылға инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым жүргізіліп, 140 орындық балабақша салынып, ауылішілік жолдар жөнделмекші. Сонымен қатар Қанай ауылындағы су құбырын қайта жаңарту, Жаңаталап ауылын сумен қамтамасыз ету, Березов ауылында әкімшілік ғимаратын салу  жұмыстары  жүргізіледі».

Халықтың өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз етуді және ауылдың экономикалық әлеуетін көтеруді көздейтін жаңа бағдарлама аясындағы іс-шаралар биылдан бастап ауқымдыланбақшы. Мысал үшін, жергілікті өзін-өзі басқаруды қаржылық қолдау бағытына 288,1 млн. теңге қарастырылды. Ал ауылдық елді мекендерге кадрлар әлеуетін тарту мақсатындағы әлеуметтік қолдау шараларына 174,4 млн. теңге, біржолғы көтермеақыға 775,9 млн. теңге бюджеттік несие бөлініп отыр. Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы саласы мамандарын да әлеуметтік қолдау шаралары басталмақшы. Яғни біржолғы көтермеақыға 70 АЕК мөлшерінде 138 740 теңге, тұрғын үй сатып немесе салып алуға 2 973 000 теңге (1 500 АЕК) көлемінде бюджеттік несие берілмекші. Жалпы алғанда, ауылдық елді мекендерді дамыту бекітілген кешенді жоспарлар шеңберінде жалғасын табатын  болады.


Сәкен МҰРАТҰЛЫ,

«Орал өңірі»


Роберт БИҒАЛИЕВ,

Күйгенкөл  ауылдық  округінің әкімі (Жәнібек  ауданы):

- Бұл бағдарлама жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамытуға өз үлесін қосуда. Тұрғындардың ұсынысы бойынша 2012 жылы ауылда тау болып үйілген 1,3 тонна қоқыс шығарылса, 2013 жылы саябақ салынып, онда балалардың ойын алаңы мен субұрқақ орнатылып, ауылдағы ағайынның сәнді де мәнді демалуына жағдай жасалды. Ал былтыр бұрынғы балабақша ғимаратын жөндеп, тұрмыстық үйге айналдырдық. Онда «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша несие алып, өз кәсібін бастаған жандар тұрғындарға қызмет көрсетуде.

 

Нұр ҚИМАТОВ,

Ақтау  ауылының  тұрғыны (Тасқала  ауданы):

- Ауылымыздың ортасынан Ақбұлақ өзені ағады. Өзеннен өту үшін кеңес заманында көпір салынған еді. Оның әбден тозығы жетті. Көктем-күз айларындағы лайсаң кездерде ол көпірден өту қиындық тудыратын. Сол себепті арғы бетте тұратын мектеп жасындағы балалар, мұғалімдер, дәрігерлік амбулаторияға баратын жандар айналма жолмен 3-4 шақырым жүретін еді. Былтыр «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша осы көпіріміз жөндеуден өткесін жолдың қашықтығы үш есеге дейін қысқарып, көпшілік қуанышқа бөленді. Осыған дейін көпірден тек жеңіл аутокөліктер жүрсе, енді одан жүк көліктері де қиналмай өте алады. Биіктігі 1,2 метр болған көпіріміз 1,8 метрге жетті. Сондай-ақ өзен де тазартылып, топырағы тереңдетілді, судың жүруіне қолайлы жағдай туғызылды. Бұрын асты тайыз болғасын онда су тұрмайтын. Енді өзенге келген су жайылып, далаға кетпейді. Осыны пайдаланып, тұрғындар бау-бақша өсіруді кең түрде қолға алмақшы.

 

Дәметкен ТАСЕМЕНОВА,

Чиров  ауылының  тұрғыны (Зеленов  ауданы):

- Ауылымыздағы ішкі жолдар көптен жөндеу көрмегесін жағдайы мәз емес еді. Өткен жылы аталмыш бағдарлама бойынша 460 мың теңге бөлініп, ауыл ішіндегі барлық жол жөндеуден өтіп, грейдер салынды. Жолдарды сапалы жөндегені үшін «Асфа» ЖШС-ға алғысымызды білдіреміз.

 

Айтқали ЕГІЗӘЛИЕВ

Көнеккеткен  ауылдық  округінің тұрғыны (Ақжайық  ауданы):

- Біздің Қамыстыкөл ауылында 50-ге жуық үй бар. Соның қырыққа жуығы ауыл ортасындағы құдықтан ауыз су алады. Он шақты жыл бұрын салынған бұл құдық ашық-шашық жатқасын оған мал да, ит те баратын. Тіпті балалардың да түсіп кету қаупі туындайтын. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасына орай қаржы бөлініп, осы құдық былтыр жақсылап жөнделді. Аузына есік орнатты, жанына қоршау салды. Ауылдағы қордаланған мәселелерді шешуге арналған осындай бағдарламаны дайындауға тапсырма берген Елбасына, оны табысты жүзеге асырып жатқан Үкімет пен жергілікті атқарушы билікке ризамыз.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале