6.11.2017, 11:20
Оқылды: 72

 Аудандық газет сынаған асханаларға айыппұл салынды

 

Тасқала аудандық «Екпін» газетінің №39 санында, облыстық «Орал өңірі» газетінің №116 санында жарық көрген тілші Е.Елекеновтың Тасқала ауылындағы кейбір асханалардың санитарлық талаптарды сақтамай отырғандығы жөнінде «Көрген көзде жазық жоқ» атты сыни мақаласына және келіп түскен арызға орай Тасқала аудандық тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасы тексеріс жүргізді.

 Тасқала ауданы, Тасқала ауылы, Абай көшесі №15 мекенжайында  орналасқан «Ақниет» асханасына, Абай көшесі №13 мекенжайында орналасқан қоғамдық тамақтану орны «Шайханаға», Тасқала шекара бақылау бөлімшесінің жанында орналасқан «Караван» кафесіне  жоспардан тыс тексеру жүргізілді.

Тексеру барысында ҚР ҰЭМ 2015 жылғы 19 наурыздағы № 234 бұйрығымен бекітілген «Қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидасына қатысты кемшіліктер анықталды. Анықталған кемшіліктер бойынша «Ақ ниет» асханасының иесі, жеке кәсіпкер Ниғметова Күнсұлуға, «Шайхана» қоғамдық тамақтану объектісінің иесі Қалиева Лидияға, «Караван» кафесінің иесі Тапалова Бахытжамалға – әр қайсысына 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Анықталған кемшіліктерді жою жөніндегі ұйғарым беріліп, кейін кемшіліктердің жойылғандығын тексеру мақсатында қайтадан жоспардан тыс тексеру жүргізілетін болады.

Әлия ЯЛПАҚОВА,

Тасқала аудандық тұтынушылардың құқығын қорғау

басқармасы басшысы міндетін атқарушы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале