26.02.2015, 16:31
Оқылды: 27

Ассамблеяның үндеуін қолдауда


Орал қаласындағы «Стекло-Сервис» ЖШС-ның еңбек ұжымы Қазақстан халқы Ассамблеясының ҚР Президенті сайлауын өткізу туралы бастамасын бірауыздан қолдау жөнінде жиналыс өткізіп, қаулы қабылдады.


Стекло-Сервис» компаниясы - әйнек және әйнек өнімдерін шығарып, ел экономикасының дамуына өзіндік үлес қосып жүрген отандық өндірісшілердің бірі. Бастамада тек әйнек кесумен шұғылданған шағын цех мемлекеттік қолдау-көмектің арқасында өнім түрлерін молайтуға мүмкіндік беретін жаңа технологияларды өндіріске енгізді. Қазір мұнда жарық диодты көпқабатты, флоат, термооқшаулағыш және өзге де әйнек түрлері өндіріледі.

Кәсіпорын цехында өткен жиналыста сөзді алдымен компанияның директоры Аркадий Рубцов алды.

- Қазақстан халқы Ассамблеясының Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын биыл өткізу туралы бастамасын қолдаймыз. Қазіргі әлемді шарлаған дағдарыс кезінде Мемлекет басшысы ұсынған «Нұрлы жол» бағдарламасын, «Мәңгілік ел» идеясын және «Қа-зақстан-2050» ұзақ мерзімді Стратегиясын іске асыру үшін елімізде тұрақтылық, келісім және бейбітшілік болуы керек. Сайлау осыны қамтамасыз етеді. Барлық қазақстандықтардың қалауы – осы.

Біздің ұжым да бастаманы қолдайды, – деді ол.

Кәсіпорын жаңадан ашылғанда еңбек жолын жүкші болып бастаған Рауан Жолдыбаев - бүгінде білікті жұмысшылардың бірі. «Зауыт көз алдымда өсті, алдағы уақытта да өндіріс орнының өркендеп, елімізде тыныштық болғанын қалаймыз. Сондықтан Президент сайлауын биыл өткізуді қолдаймыз», - деді Рауан Жолдыбаев жұмысшылар атынан.

«Стекло-Сервис» компаниясына қарасты «Элита» фирмасының ұжымы да Қазақстан халқы Ассамблеясының биыл Президент сайлауын өткізу жөніндегі бастамасын толықтай қолдайды. Әлемдік экономикалық дағдарыс кезінде ел Президентін сайлауды ең дұрыс шешім деп білеміз. Мұны мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайтудың, қоғамдағы тұрақтылықты сақтаудың кепілі болады деп білеміз, - деді  «Элита» ЖШС-ның менеджері Наталья Природа.

Жиналыс соңында еңбек ұжы-мы ҚХА-ның ҚР Президентін сайлауын биыл өткізу туралы бастамасын қолдау жөнінде қаулы қабылдады.

Гүлбаршын  ДЫБЫСҚАЛИҚЫЗЫ,

«Орал  өңірі»


Оралдағы Достық үйінде облыстағы этномәдени бірлестіктер өкілдері Ассамблея жылы өткізілетін шараларды талқылап, ҚР Президент сайлауы жайында пікір алмасты.

Басқосуға ұйытқы болған «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Александр Әжіғалиевтің айтуынша, 1995 жылғы 1 наурызда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Соған орай наурыздың 1-і күні Достық үйі орналасқан шығармашылық орталықта мерекелік шаралар өтеді. Этномәдени бірлестіктердің өкілдері мереке күні Ассамблея жұмысымен танысқысы келген қала тұрғындары мен қонақтарды қарсы алып, бірлестіктердің бөлмелерін аралатып, жұмыстарымен таныстырады. Одан кейін «Жастар» шығармашылығы орталығы өнерпаздарының күшімен мерекелік концерт өтеді.

Басқосуға жиналғандар Қазақстан халқы Ассамблеясын құру бастауында тұрған этномәдени бірлестіктер жетекшілері Данильбек Саратовтың, Сергей Погодиннің естеліктерін тыңдады. «Сол бір қиын кезде Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, асқан парасаттылық пен көрегендік танытты. Елдегі әлеуметтік-экномикалық, саяси тұрғыдағы қиындықтарға қарап шетелдік сарапшылар мемлекетімізді этникалық, конфессиялық белгілер бойынша бөлініп кетеді деп болжады. Ассамблеяны құру туралы тамаша идеяны Президентіміз дүниежүзілік құрылтайда алғаш рет айтып, артынша іске асырды. Мемлекетіміздің барлық табыстары, халықаралық қауымдастықтың Қазақстанды қалыптасқан, күшті, экономикалық дербестікке ие деп мойындауы, ішкі шаруалардағы жетістіктер - осының барлығы этносаралық, конфессияаралық келісімнің арқасы және мұнда Ассамблеяның рөлі зор», - деді «Орыс мәдениет орталығы» облыстық қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Сергей Погодин.

Жиында «Яик» фольклорлық-этнографиялық казактар орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Владимир Новиков, «БҚО кәріс этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің өкілі Виктор Ан, «Бірлік» әзірбайжан мәдени-ағарту қоғамы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Наджаф Мамедов және өзгелері Қазақстан халқы Ассамблеясының ҚР Президент сайлауын биыл өткізу жөніндегі бастамасын қолдады. «Еліміздің ұзақ мерзімдік даму жоспарлары бар, стратегиямыз жасалған. Тәуелсіздігіміздің 20 жылы ішінде Қазақстан талай биіктерге шықты. Облыстық Ассамблея өкілдерінің барлығы да Президент сайлауын биыл өткізу жөніндегі бастаманы қолдайды», - деді «Татар мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Альфия Лежнина.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

«Орал өңірі»


«Бейбітшілік пен келісімнің жол картасы» мегажобасының эстафетасын табыстау мақсатында Зеленов ауданының әкімі Кәрім Жақыпов бастаған делегация Тасқала ауданында болды.

Делегацияны Тасқала ауданының әкімі Санжан Әлиев әріптестерімен аудан орталығының шекарасынан қарсы алған соң, екі тарап Ұлы Отан соғысында қаза болған батырларға арналып қойылған «Азалы ана» ескерткішіне  гүл  шоқтарын  қойды.

Әрі қарай делегация мүшелері аудандағы соғыс ардагерлеріне барып, олардың қал-жағдайларымен танысып, сый-сияпат көрсетті. Кейін қос аудан спортшылар арасында өткен волейбол бәсекесін тамашалап, үздік шыққан команданы марапаттады. Кейін мегажобашылар Тасқала ауданы әкімдігінде өткен «Қазақстан – татулықтың тал бесігі» атты дөңгелек үстелге жиналды. Шараны ашып жүргізген Санжар Жұматайұлы: «Елбасының Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында берген тапсырмасын жүзеге асыру үшін бірлесіп, еңбектенуіміз керек. Еліміздің негізгі байлығы – ынтымақ пен бірлік. Осының негізін салушылар – біздің ата-бабаларымыз.

Біз сол дәстүрді бұзбауымыз керек» дей келе, бұл мегажобаның түпкі мақсаты ел бірлігін одан әрі нығайтып, жұдырық болып жұмыла білген елімізді игі істер мен ізгі мақсаттарға табыстау екендігіне тоқталса, одан кейін сөз алған Зеленов ауданының әкімі Кәрім Жақыпов: «Біздің аудан биыл өңіріміздегі аудандар арасында бірінші болып, мегажоба эстафетасын қабылдап алды. Енді сіздің ауданға табыстап жатырмыз. Бұл ынтымақ пен бірлікті ту еткен акция әрі қарай жалғасын таба берсін» дей келіп, қос ауданның жан-жақты қарым-қатынасы нығая беретініне сенімін білдірді. Ал осы жиынға арнайы қатысқан  Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары  Ғайса Қапақов та сөз алып, барлық жиналғандарды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылымен, Қазақ хандығының 550 жылдығымен құттықтай келе мегажоба еліміздегі бірлік пен рухани келісімге тікелей байланысты екендігіне тоқталды. Жиын барысында сөз алған өзге де қатысушылар екі ауданның тарих табыстырған өткеніне тоқталып, ел бірлігі турасындағы ойларын да  ортаға  салды.

Дөңгелек үстелден кейін жиналғандар аудандық мәдениет үйінде зеленовтықтардың концертін тамашалады.  «Нұр-ай» би ансамблінің «Шашу» биімен ашылған концерт сахнаға шыққан «Ақниет» әжелер тобы, ұлттық мәдени бірлестіктердің бір шумақ өлеңдерімен көмкеріліп, ауданның жас әншілері Ақан Жекеков пен Аида Габдеева орындаған әнге ұласты. Асхат Қажығалиев пен Артур Сисенов дәстүрлі әнімізден шашу шашса, «Шежіре» фольклорлық ансамблінің орындауындағы күй өнер-сүйер қауымның көңілдеріне көрік бере түсті. Сондай-ақ сахна төріне «Скифы» халықтық фольклор ұжымы да шығып, талайды өнерімен тамсандырды. Осылайша сәні мен салтанаты келіскен концерттен соң Тасқала ауданының әкімі Санжар Әлиев өнерпаздарға ризашылықтарын білдіріп,  ықылас гүлін тарту етсе, «Бұл шара ешқашан өзінің мән мағынасын жолғалтпайды. Елбасымыздың бастамасымен бастау алған осынау шара – тек ауданның ғана емес, барша еліміздегі татулықтың айғағы. Еліміз дами берсін! Өнеріміз өркендеп, достығымыз нығая берсін!»  деген Зеленов ауданының әкімі Кәрім Жақыпов мегажоба эстафетасын табыстады.

Түгелбай БИСЕНОВ,

Зеленов ауданы


Жақында облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының ұйымдастыруымен «Елімнің алаңсыз ертеңі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оған медицина ұйымдарының басшылары, кәсіподақ өкілдері, жас дәрігерлер қатысты.

-Біз Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесі мүшелерінің Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы Үндеуіне қолдау көрсету мақсатында дөңгелек үстелге жиналып отырмыз. Қазіргі әлемдік экономикалық дағдарыс және көршілес елдерде орын алып жатқан саяси күрделі жағдайларды ескере отырып, Президент сайлауын өткізу туралы бастама өте орынды деп есептейміз. Сайлау өткізу арқылы Елбасымыз ұсынған «Нұрлы жол» бағдарламасын және «Қазақстан – 2050» ұзақ мерзімді стратегиясын жүзеге асыруға мүмкіндік беруі-міз қажет. Өңіріміздегі 2000 дәрігер, 6000-ға жуық медицина қызметкерлері аталмыш Үндеуге үн қосып, қолдайтындықтарын жеткізеді, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мәншүк Аймырзиева.

Сонымен қатар дөңгелек үстелде №3 қалалық емхана директоры Қ. Әжіғұлова, медициналық колледж директоры А. Хайрекешов, «Қамқор» жастар денсаулық орталығының меңгерушісі Ә. Бе-рікқалиев өз салалары бойынша баяндамалар жасады.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»


Сейсенбі күні Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да Қазақстан халқы Ассамблеясының Қазақстан Республикасының Президент сайлауын өткізу жөніндегі Үндеуін қолдау мақсатында  жиын өтті.

Шараға аталмыш оқу ордасының білім алушы жастары мен профессор-оқытушылары қатысты.

- Елбасының ел дамуы жолындағы сүбелі еңбегінің арқасында талай сыннан сүрінбей өттік. Қаржылық қиыншылықтарға қарамастан, жастардың білім алу мен денсаулық сақтау саласына бейжай қараған емес. Жастар - қоғамның белді мүшесі. Білім жолын таңдаған жастар отандық жоғары оқу орындарымен қоса, шетелдерде білім алуда. Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынған Үндеуі саяси тұрақтылық үшін дер кезінде қабылданып отыр, - деді жиын барысында БҚАТУ ректоры, профессор Нұрлан Серғалиев.

Сөз кезегін алған экономика ғылымдарының кандидаты, ардагерлер кеңесінің төрағасы Әскерғали Шамғонов, Қазақстан тарихы және әлеуметтік гуманитарлық пәндер кафедрасының  оқытушысы, профессор Тілекжан Рысқалиев және педагогика ғылымдарының кандидаты Әскен Мұханбетқалиев Президент сайлауын биыл өткізудің оң шешім екенін айтты.

Аталмыш білім ордасының студенттері Айнұр Калимулдина мен Анастасия Сафина жастар атынан Елбасы сайлауын қолдайтындығын жеткізді.

Гүлсезім БИЯШЕВА,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале