21.01.2020, 11:05
Оқылды: 219

 «16 қыздың» авторын білесіз бе?

Әнші Сағадат Рахметжанов ағамды сырттай танып жүретінмін. Әнді әуезімен айтып, бүгінгінің емес, бұрынғының нақышын құлағыңа құйып беретін өнері ұнайтын.

Шертіп қағып жүректің пернесін сөйлетіп, төге тартып тамырыңдағы қаныңды қыздыратын домбырашылығы да тамаша. Әрбір әннің тарихын зерделегенде сөзге шебер, тарихын тартымды баяндайды. Зерлі шапанды желбегей жамылып, үкілі бөрікті маңғаз тербеп, ақ домбырасын айқара құшып, сахнада тұрған келбеті де өзгеше. Бұрынғы серілерді көзіміз көрмеді, бүгіннің серісі осы кісі деп топшылайтыным да сондықтан. Өнері де, ой-толғамы да ерекше әсер қалдырған осы ағамен тереңірек танысудың сәті «Ғарекең жүрген жолдармен...» атты концерттік сапармен Шыңғырлау ауданына келгенде түсті. Ән тербеген сол әдемі кеште Сәкеңнің сахнаны сазымен елітіп, тебірентіп барып келесілерге кезек берген тұсында сахнаның сыртынан жолықтырдым. Сәлемімді жылы қабылдады. Жергілікті басылымнан екенімді айтып, оңаша әңгімелесуге шақырдым. Өмір, өнер жолы туралы тез-тез сұрап жатырмын. Жымиып қойып, жауап беріп отыр. Сол сырбаздығын, маңғаздығын жоғалтпай, әдемі, әрлі әңгімені төгілтіп жібереді. Шешен сөйлейді, тақпақтай тартып, мақалмен әдіптегенде орайлы сөзге жаның сүйінеді. Сол кездесуде Сағадат аға бір әннің тарихын айтып берген-ді.

Енді соған көшейін. Ол өзіміз жиі естіп жүрген кәдуілгі «Он алты қыз» әні. Бұл әннің осы шыңғырлаулық ақынның шығармасы екенін де осы кісіден естіп, таң қалдым.

sagadat (1)

         -Осы Шыңғырлау өңірінде Дәуке Шолақұлы деген адам өмір сүріпті. Ержан, Нұржан деген екі ағасымен үш болыс елді басқарыпты. Дәукенің өзі әрі ақын, әрі әнші болғанға ұқсайды. Жаңағы мен шырқаған «Жас дәурен» әнінің авторы сол Дәуке Шолақұлы.

Патша заманында Орынборда Романовтар әулетінің 300 жылдығына арналған үлкен той болыпты. Сол тойға қатысуды ұйымдастыру Қаратөбе өңірінің тумасы Мұхамеджан Сарғожин деген азаматқа тапсырылады. Тойға жақсы әнші, күйші, ақын әкелуге және орысшасы аралас әзіл ән даярлауға тапсырма берілген көрінеді. Сол тойға Мұхамеджан болыс Дәуке Шолақұлын алып барыпты. Тойда тапсырмаға сәйкес, орысшасы аралас, бүгінде «16 қыз» деп айтылып жүрген әннің алғашқы нұсқасын Дәуке орындаған екен. Онда бүгінде «второй, третий сорт толып жатыр, первый сорт қайдан шыққан сенің өзің...» деп айтылатын жолдар «сендей қыз Лондонда, Парижде жоқ, особый қайдан шықтың сенің өзің» деп айтылған.

Ал жоғарыда айтылып өткен Мұхамеджан Сарғожинның ұлы, кадет корпусының түлегі болған Сабыр Сарғожин кейіннен Алаш Орда үкіметінің әскерін басқарған. Рухани жаңғыру дегеніміз де осы ұмытылып бара жатқанымызды қайта жаңғырту, бүгінгі уақытқа икемдеп, қайта жаңарту деп түсінгеніміз абзал,- деп түйді ойын әнші.

Қаршыға Елемесов,

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале