29.06.2017, 12:23
Оқылды: 23

26 тұрғынның ісі сотқа жолданды

 

 

terektiЕлімізде 2011-2020 жылдарға арналған тұрғын үйлерді жаңғырту бағдарламасы іске қосылған болатын. Оған негіз болған – Елбасының «Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы. Мәнісі – тозығы жеткен коммуналдық жүйелерді  жаңғырту және дамыту. Соның ішінде тұрғын үй қорын, көп пәтерлі үйлерді жөндеу. Яғни, кіреберіс, шатыр, есік-терезе жаңарту. Су бұрып кіргізу.  Жылудың ысырап болмауы үшін еден, жертөле бүтіндеу. Яғни, тұрғын жайды адам өміріне жайлы жасау. Бұл орайда мемлекет ұзақ мерзімді (кемінде 20 жылға)  және арзан (1 %  жуық)  қарыздар беру жолымен көмек көрсетіп отыр.


Ауданда жаңғырту 2014 жылы басталды. Сол кезде «алақайлап» болмаса да, түсіндіру жұмыстары нәтижесінде Федоров, Подстепный, Аңқаты, Ақжайық ауылдарындағы 6 көп пәтерлі үйдің тұрғындары жаңғырту жүргізуге келісім жасаған болатын. Сөйтіп, үйлерін жөндеуден өткізіп алғандар бар.

Қазір аудан орталығындағы Юбилейная 15 үйі жөнделіп жатыр. Жаңадан жабылған шатыры «менмұндалап» тұр. Енді, кіреберіс жөнделіп, «сықырлауық» сары есіктің орнына темір есік салынады. Аулаға жолтас төселеді. Су құбыры жаңартылады. Айта берсең, іс көп-ақ. Осындай әлеуетті бағдарлама арқасында үйлері әдемі боларына тұрғындар  қуанышты.

Қуанышты дейміз. Кезінде, осындай әдіспен жаңғыртылған үйдің иелері мемлекет берген қарызды өтейміз деп, келісімге отырған еді. Үйлері жөнделгенде қуанған. Тек, қазір ақша қайтарар кезде «танымай» кеткісі келеді-ау кейбірі. Мемлекет берген мүмкіндікті «майшелпек» көріп, қарызын қайтарудан жалтарып, тіпті, сот алдында шешуге дейін барады. Жаңғыртуды жүргізуші «Теректі үй жөндеу» ЖШС қарызға алған қаржыны қайтармай, міндеттерін орындамай  жүргендерді түгендеуде.Сол мекеме берген мәліметке сүйенсек, 26 адамға осы іс бойынша сотқа талап жолданыпты.  17 істің шешімі шығыпты. Сот шешімі бойынша 2 тұрғыннан қарыз ақша жалақысынан ұстау арқылы қайтарылады. Біреуі қарызын қайтарды. Ал қалған 14 іс әкімшілік іс қозғау үшін сот орындаушысы үстеліне түсіпті.

Жақсы басталған жаңғыртудың соңы осылай, сот алдына жеткізгені бар. Маусым басында қайтаруы тиіс 7 361 000 теңгенің жартысынан астамы, 4 123 118 теңгесі қайтарылыпты. Яғни, әлі де «судың да сұрауы» бар екендігі санасына жетпей жүргендер бар-ау. Оларға айтарымыз – «Алмақтың салмағы бар».

Алда бағдарламаның ІІІ кезеңі. Жолдаудан бастау алған «Жаңғырту» бағдарламасы 2020 жылға дейін жалғасады

 Камелия ӨТЕУ

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале