20.01.2017, 18:12
Оқылды: 19

Зеленовта дәрігерлер жетіспейді

????????????????????????????????????

  Зеленов ауданының әкімі Кәрім Жақыповтың халық алдындағы есебі шалғай ауылдардан басталды.

  Сұлукөл округінің әкімі Нұрлан Әжиевтің айтуынша, былтырғы жыл аудан шаруалары үшін жемісті болған. 1301 гектар жерге егілген күздік бидайдың әр гектарынан жергілікті шарулары 38 центнер өнім алған болса, жаздық дақылдардың гектарынан 10 центнерден өнім алыпты.


  Сондай-ақ мал асырап отырған ағайын да төл басын көбейткен. Бақша дақылдарын егіп отырған шаруалар да біраз табысқа кенеліпті былтыр. Атап айтар болсақ, 690 тонна картоп, 341 тонна көкөніс жиналған. Ауылдық ағайынды қуантатын тағы бір жақсы жаңалық былтыр елді-мекенде ветеринариялық ауру болмаған. Әлеуметтік салада да ауылда біраз іс қолға алыныпты. Бір сөзбен айтар болсақ, ауыл өмірі бірқалыпты жүруде. Барлық салада оң өзгерістер бар. Ауыл әкімі болашақта ауылда кәсіпкерлікті одан әрі дамытып, медпунктты жөндеп, ауыл көркін кетіріп тұрған күл-қоқыстарды жөнге келтірмекші.

  Ал Чеботарев ауылында өткен кездесуде аудан және ауыл әкімдерінің есебін тыңдаған халық өздерін мазалап жүрген сұрақтарын қойды. Ауыл мектебіне басқа елді-мекендерден қатынап оқитын балаларды таситын көліктің тозығы жеткені, интернет желісіне қосылу жайы, ауыл көшелерін жарықтандыру жайы мен медициналық қызметкердің жетіспейтіндігі көтерілді. Бұл мәселелер күн тәртібінен түспейді деді аудан әкімі Кәрім Кәрімоллаұлы. Ауыл көшелерін жарықтандыру «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша шешілмек. Ал медқызметкердің жетіспеуі мен ауылға келген жас маманның тәжірибесіздігі жайында қойылған сұраққа аудандық аурухана директоры Ғабитжан Ислямов: «Бұл мәселе барлық округтерде бар десем өтірік айтқаным емес. Тәжірибелі мамандар алыс ауылға барғысы келмейді. Алдағы уақытта мектеп медицинасы денсаулық сақтау саласына өтпек, сол кезде бұның бір шешімі болады»,-деді.

Түгелбай Бисен

Зеленов ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале