25.01.2017, 18:11
Оқылды: 79

«Мал шаруашылығын дамыта түсу қажет»

Janibek Borsi 01  Жайылым жері мол Жәнібек ауданының әкімі Наурызбай Қарағойшин Жақсыбай, Талов, Борсы ауылдық округтеріндегі есеп беру жиындарында осылай деді. Ауылдық округтердің әкімдері Алмат Қаратаев, Марат Мұхамбетжанов және Айгүл Бекқалиева тұрғындар алдында атқарған жұмыстары туралы есеп берді.


  Аудан басшысы асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын шаруашылықтарды құру, ауыл шаруашылық құрылымдарының машина-трактор паркін жаңарту, кооперативтер құру, сапалы мал азығын дайындау, мал сою алаңдары мен мал өнімдерін өңдейтін цехтар ашу, ет экспорты мен бау-бақша өсіретін жылыжайлар желісін дамытуды қолға алу керектігін баса айтты.

  Аудан әкімі аталған ауылдық округтерге қатысты алдағы жылдарға жоспарланған жұмыстарды атап өтті. Оның ішінде Жақсыбай ауылындағы М.Ықсанов атындағы орта мектеп пен медпунктті күрделі жөндеуден өткізу, Талов ауылына «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша ауыз су тарту, жазғы спорт алаңының құрылысын аяқтау, Майтүбек елді мекеніне көгілдір отын жүргізу, Борсы ауылындағы мәдениет үйі мен Тегісшіл елді мекеніндегі Шәрімбет сайына құятын каналдарды күрделі жөндеуден өткізу сияқты жұмыстар бар.

  Есептік кездесулер барысында жақсыбайлықтар ауылды құлап жатқан ескі ғимараттардан арылту керектігін және мал ұрлығының алдын алу жұмыстарын күшейту қажет екенін жеткізді. Талов ауылдық мәдениет үйінің директоры Жасұлан Пайдин ауылға жаңа музыкалық аппарат сұраса, аталмыш ауыл тұрғындары дәрігерлік амбулаторияға дәрі-дәрмек жетіспейтіндігін, аудан орталығымен қарым-қатынастың қиын екенін және ауыл тазалығын сөз етті. Борсылықтар аудандық аурханадағы халыққа көрсететін қызметті оңтайландыруды және ауылдағы бұралқы иттерді жою мақсатында шаралар қолдануды сұрады. Бұл мәселелер бойынша аудан әкімі мен құзырлы мекеме басшылары толыққанды жауаптар берді. Жиындар соңында ауданық бөлім басшылары тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Д.ЗЕННАТ

Жәнібек ауданы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале