16.03.2017, 18:28
Оқылды: 19

Жымпитыда көшпелі көрме жұмысын бастайды

Сырым ауданында Алаш қозғалысының 100 жылдығы мен Алашорда үкіметінің қайраткері Жаһанша Досмұхамедовтың дүниеге келгеніне 130 жыл толуына және дала реформаторы Сырым Датұлының 275 жылдығына орай С.Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейі мен Алаш мұражайының көшпелі көрмесі жұмысын ұйымдастырады. Бұл туралы «Алашым – айбыным!» музей қызметкерлерінің облыстық семинар – кеңесінде айтылды.


Кеңес жұмысына Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков, өлкетанушы, Сырым ауданының құрметті азаматы Жайсаң Ақбай, алаштанушы Дәметкен Сүлейменова, БҚО тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев және Ж. Досмұхамедовтың жиені Маржантас Дәулетова қатысты. Семинар қатысушылары әуелі аудандағы тарихи – мәдени нысандарда болды.

Тыңдаушылар М.Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиевтің «Алаш арыстарының арманы: тарих және тағылым» тақырыбындағы баяндамасын жақсы қабылдады. Ғалым өзінің сөзінде Алашорда үкіметінің қайраткерлері қазақ мемлекеттілігінің саяси шаруаларын сауатты жүргізіп қана қоймай, қоғам, мәдениет, әдебиет пен өнер салаларында да салмақты жұмыстарды жасағанын айтты.

Кеңес барысында баяндамашылар бірқатар мәселе көтерді. Оның ішінде, өңірде Алаш тақырыбы үшін арнайы ғылыми орталық ашу жайы бар. Бұл - соңғы онжылжықтың ішінде жиі көтеріліп, бірақ жүзеге аспай келе жатқан мәселе.

Музей қызметкерлері облыс көлеміндегі мектептердегі музейлерде Алаш тақырыбына бұрыштар ұйымдастыру керек деген ұсыныс айтты.

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале