15.05.2019, 10:54
Оқылды: 62

50 адам тұрақты жұмыспен қамтылады

Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін Қазталов ауданында мал шаруашылығы әлеуетін арттыруға инвесторларды тарту, екпелі шөптерді егу, асыл тұқымды мал басын арттыру басымдық болып белгіленді. Ауданға инвестор тарту жұмысы да жүзеге асып жатыр.

qaztalov (2)

         Нәтижесінде ауданда ірі мал бордақылау кешені салыну жоспарланған болатын. Бұл туралы былтыр облыс басшысы Алтай Көлгіновтың төрағалық етуімен өткен инвестиция тарту жөніндегі кеңес отырысында айтылды. Қостанайлық «Ет индустриясы» агрохолдингі ұсынған жоба өңірге инвестиция тарту жөніндегі кеңесте бірауыздан қолдау тауып, келісім-шарт жасалды.

         Мал бордақылау кешені ауданға қарасты Талдыапан ауылдық округі аумағында салынуда. Қолға алынған жобаның жалпы құны 2,5 млрд. теңге. 5 мың бас ірі қараға арналған бұл кешенде жылына екі рет мал бордақыланады. Яғни, екі есе етті бұқашықтар бордақыланып, жоғары сортты ет өндірілмек.

         Аталмыш шараларды жүзеге асыру үшін суармалы жерлер мен көлдетіп суару алқаптарының мүмкіндіктерін толық пайдалануды қажет етеді.
Осы мақсатта Талдыапан ауылындағы «Лиман 55» су жүргізу каналы күрделі жөндеуден өтті. Дөңгелек су қоймасынан келетін су қоры округке қарасты Қайшақұдық ауылы маңындағы суармалы жерлер мен көлдетіп суару алқаптарына молынан жетпек.

         Бүгінгі таңда ірі жобаны қолға алған инвестор осы аумақта мал бордақылау кешенінің құрылысымен қатар суармалы жерлерді өңдеп жатыр. Яғни, «Лиман 55» су жүргізу каналы бойында орналасқан 512 гектар суармалы жерді жыртып, оның 166 гектарына суданка, 42 гектарына сұлы, эспарцет, кострец, 70 гектарына жүгері сияқты мал азықтарын егіп тастаған. 16-17 мамыр күні бұл суармалы жерлерге Дөңгелек су қоймасынан су жіберіледі деп күтілуде.
Бір айта кетерлігі, мал ұстайтын шарбақ, бес мал бордақылау кешені, мал азығын сақтайтын қойма сияқты маңызды нысандардың құрылысы басталды.

         Құрылыс жұмысына 1 млрд. теңге қаражат жұмсалмақ. Ал қалған қаржыға мал сатылып алынбақ. Бой көтеретін агрокешенде 100 адам құрылыс жұмысына тартылса, 50 адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.
Жаңа мал бордақылау кешенінде салмағы 600 келіге дейін тартатын ірі қара малы өсірілмек. Алдағы уақытта жоба толық іске асырылса, кешенде мал тірілей сойылып, өндіріске еттің жарты немесе 4/1 бөлігі және кесілген түрінде шығарылады. Кешенде бордақыланатын малдың негізін өзіміздің облыс аумағынан сатып алу көзделуде.

         Инвестордың айтуынша, шетелде бордақыланған малға деген сұраныс ерекше. Былтыр кәсіпорын Ресей мен Өзбекстанға ет экспорттаған. Ендігі меже – Қытай мен Иран елдерін қамту екен.

Қайрат Жақып,

Қазталов ауданы

zhaikpress.kz

qaztalov (1) qaztalov (4) qaztalov (5) qaztalov (6) qaztalov (7) qaztalov (8)

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале