22.01.2021, 12:08
Оқылды: 31

55 млн. теңге көлемінде субсидия төленді

Жәнібек ауданына қарасты Тау ауылдық округінің әкімі Нұрлыбек Төрешов және аудан әкімі Азамат Сафималиев өткен жылғы атқарған жұмыстары жөнінде тұрғындар алдында есеп берді.

IMG_2271

Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Асхат Молдағалиев, аудан әкімі аппаратының басшысы Нұрсұлтан Серік, аудандық электр торабы мен жер қатынастары бөлімдерінің басшылары Мейіржан Хаби мен Нұрболат Әбдірешов қатысты.

Кездесуге жиналған жұртшылық ауыл әкімінің баяндамасын тыңдады.

Оның айтуынша, 2020 жылы 23 шаруа қожалығына 55 млн. 570 мың теңге көлемінде субсидия төленді. Сонымен қатар, 3 кәсіпкер өз кәсібін дамыту үшін 10 млн. теңгені 6 пайыздық мөлшермен несие алды. Сондай-ақ ауылдың көшелеріне қосымша 10 дана күн қуаты арқылы жұмыс жасайтын жарық шам орнатылды.

IMG_2284

Ауыл әкімінің баяндамасынан кейін аудан әкімі жыл ішінде жүзеге асқан жұмысы жөнінде баяндап, биыл атқарылатын жұмыс пен жобаларды атап өтті. Жарыссөзге қатысқан Тау ауылының тұрғыны, зейнеткер Төлепқали Әзберген аудан басшысына ауылдың жолын салып, мектепті күрделі жөндеуден өткізіп бергені үшін алғысын білдіріп, интернет желісін реттеп беруді сұрады.

Сондай-ақ ол ауылға күрегі бар бір экскаватордың қажет екенін, су каналдарын тазалауды тілге тиек етті.

Ауыл тұрғыны Жамаш Есенов: «Ауылдың жағдайы жақсы, бірақ ауыл орталығында орналасқан «Қайрат» бөбекжайының салынғанына елу жылдан асты. Сол ғимаратты күрделі жөндеуден өткізіп берсеңіз, нұр үстіне нұр болар еді?! Атқарған жұмыстарыңа оң баға беремін» - деді.

Сондай-ақ «Сұңқар» шаруа қожалығының басшысы Таңат Сәриев су ұңғымаларын тазалап беруді сұрады.

Аудан басшысы тұрғындар тарапынан қойылған сауалдар мен айтылған пікірлерге жауап берді. Кездесу соңында ауыл тұрғындары ауыл, аудан әкімдерінің жыл бойғы жұмысына оң бағасын берді.

Гүлзара Мәди,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале