29.01.2018, 15:29
Оқылды: 126

БҚО-да Алаш тарихына қатысты қос кітап жарық көрді

Ақжайық ауданында қос кітаптың тұсауы кесілді. Олар Алаш қозғалысының 100 жылдығына арналып өткен жылы Чапаевта ұйымдастырылған ғылыми-танымдық конференцияның материалдары жинақталған «Ақжайықтағы Алаш іздері», өлкетанушы, журналистика ардагері Бақтығали Қоспаев пен мұғалім Айнат Әнесованың авторлығымен шыққан «Ақжайықтық Алаш арыстары» атты кітаптары.

Кітаптар Көкшетау қаласындағы «Көкше-Полиграфияда» басылған, таралымы – 500 данадан. Алаш дегенде алдымен ойымызға бірден қозғалыстың көсемдері елестейтіні мәлім. Ал осындай ел тағдырына алаңдап, құрбан болып кете барған беймәлім жандар қаншама? Авторлар «Ақжайықтық Алаш арыстарында» ауданымыз аумағынан шыққан тұлғаларды қамтуға тырысқан. Мұнда Бақтығали Бисенов, Дәулетше Күсепқалиев, Айтқали Аблаев, Иса Қашқынбаев, Мұхаммед-Хафиз Мырзағалиев, Есенғали Қасаболатов, Молдағали Жолдыбаев, Дүйсенбай Асанов сынды аяулыларға қатысты бұрын жарияланған материалдармен қоса жаңа деректер жинақталған.

«Қазақтың өз алдына ел болғанын көреміз бе?», «Алаштың бақытын армандаған», «Ату жазасына кесілген арыс», «Первый комендант столицы Западной Алаш-Орды», «С верой в лучшую жизнь», «Мечту о свободе в душе храня» атты мақалалар, зерттеулер топтастырылған басылымның өлке тарихына қызығушылық танытқандар үшін орны бөлек.

Тұсаукесерге арнайы ат басын бұрған М.Өтемісов атындағы БҚМУ-нің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Жаңабек Жақсығалиев жарық көрген кітаптар жайында жылы лебізін арнады. Ол ұлттық санамыз көмескі тартпау үшін мұндай қадамдардың әлі де керек екенін жеткізді. М.Әуезов атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Алдаберген Сәрсеков, Абай атындағы мектеп-гимназияның мұғалімі Гүлмира Мырзағали Алаш тарихына қатысты баяндамалар оқыды.

Бекболат ҚАЛЕНОВ

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген Нұрбек ИХСАН

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале