14.02.2015, 9:05
Оқылды: 14

«Теректінің әлеуетіне сенеміз»


Теректіліктерді табиғи құбылыстар салдарынан электр желілерінің істен шығуы және елді мекендерді газдандыру жайы толғандырады екен.


Бұл мәселелер есептік кездесулерде тұрғындар тарапынан жиі қозғалды. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген қағиданы ұстанған жергілікті атқарушы билік мұны назардан тыс қалдырмақ емес. Бұл жөнінде аудан әкімі Жеңіс Серікқалиев тұрғындар алындағы есебі кезінде баяндады. Аталмыш жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов пен облыстық мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар қатысты.


Облыс әкімінің бірінші орынбасарының ауданға сапары Юбилейный ауылы аумағындағы көкөніс қоймасын аралаудан басталды. Сыйымдылығы үш тоннаға жуықтайтын бұл нысанды «Балакирев» ШҚ өткен жылы 110 млн. теңге өз қаражатына салған. Мемлекет тарапынан жеңілдіктерді пайдалануда. Енді қоймадағы ішкі температураны сақтау қондырғыларын алуға кеткен шығыны үшін демеуқаржы алмақ. Шаруашылық жетекшілері осы жобаны жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсеткен облыс, аудан, ауыл басшыларына ризашылығын білдірді. Осындай қуаныштарын Подстепный ауылында жөндеуден өткен кітапхана мен полиция бекетінің ұжымдары да жеткізді. Аудан басшысының сөзіне қарағанда, ауданда құқықбұзушылық пен қылмыс деңгейі азаймай отыр. Егер 2013 жылы 363 дерек тіркелген болса, былтыр бұл көрсеткіш 9,6%-ға артқан. Оның көпшілігі Федоров пен Подстепное ауылдарына тиесілі. Сондықтан былтыр осындағы полиция бөлімшесінің ғимараты кеңейтіліп, жөнделіп, материалдық-техникалық әлеуеті нығайтылды. 8 полиция қызметкері жұмыс жасайтын бөлімшеге облыстық ішкі істер департаменті 2 аутокөлік берді.

Есептік кездесу алдында Арман Кәрімұлы слайд арқылы аудандағы мекеме-кәсіпорындардың, этномәдени бірлестіктердің жай-күйімен танысты.

Теректінің былтырғы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі бейнефильмнен соң мінберге көтерілген аудан әкімі Жеңіс Серікқалиев өткен жыл қауырт шаруаға толы болғанын айтты. Есесіне маңдай тердің қайтымы бар. Былтыр аудандық бюджет 5,4 млрд. теңгені құрады. Оның ішінде ауданның өз кірісі де айтарлықтай, яғни қазынаға жоспарланған 887,4 млн. теңгенің орнына 1,2 млрд. теңгеден астам қаржы құйылды.

Ауыл шаруашылығы саласына тоқталсақ, былтыр 71,4 мың га алқапқа егін егіп, 102,6 мың гектарға ылғал жабылып, 46,8 мың га жерге өңдеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде гектарынан 6,4 центнер өнімділікпен 44,7 мың тонна түрлі дақылдар жиналды. Ол 2013 жылы алынған өнімнен әлдеқайда көп. 8,5 мың га судан шөбі, азықтық қара бидай, еркек шөп, жүгері сынды мал азығына қажет өсімдіктер егілді. 213,1 мың гектар шабындықтан 109 мың тонна шөп дайындалып, мал азығының мол қоры жасақталды. Былтыр 726 га жерге салынған бақшадан 10862 тонна өнім алынды. Бұл салыстырмалы кезеңнен 110%-ға артық. «ОралАгроСервис» ЖШС 1,3 млн. теңгеге тамшылатып суару қондырғысын сатып алып, 315 га жерді жаңа технология бойынша өңдеуге қол жеткізді. Ал мал шаруашылығында 269,4 тонна сүт, 50,6 тонна ет, 5,3 млн. дана жұмыртқа өндірілді. Қыстаққа 37 668 бас ірі қара, 55 424 бас қой-ешкі, 7 794 бас жылқы, 48 түйе кірді.

«Сыбаға» бағдарламасымен былтыр 442 бас ірі қара алынып, жоспар 103 басқа артық орындалды. Ал «Покатиловка» ЖШС өз қаражатына Ресейден 25 бас сүтті бағыттағы симментал, 25 бас етті бағыттағы ақ бас тұқымдарын алса, «Махорин» ШҚ 50 бас отандық етті бағыттағы қазақтың ақбас тұқымына қол жеткізді. «Ринго Орал» ШҚ 176 бас етті асыл тұқымды «Герефорд» малын Челябинск облысынан әкелді. Жалпы, өткен жылы мал шаруашылығын дамытуға 134,9 млн. теңге жеке инвестиция жұмсалды. Оның үстіне, былтыр қожалықтар өз қаржысына 70 бас асыл тұқымды өндіргіш бұқа сатып алғанын да айта кетейік. «Шалқар» шаруа қожалығы қой санын жүз бас асыл тұқымды қошқармен толықтырды. «Құлан» бағдарламасына қатысқан «Уахит» ШҚ 14,0 млн. теңге несиеге 70 бас тауарлы жылқы алды. «Агробизнес - 2020» бағдарламасы аясында бес бағыт бойынша 308,5 млн. теңгеге тоғыз шеберлік жоспар жасақталды. Осы уақытқа дейін соның сегізі орындалды.

Бүгінгі таңда ауданда 1590 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Есептік жылы белсенді кәсіпкерлер саны 1437-ге жетіп, 6,5%-ға артып отыр. Олармен 3,1 млрд. теңгенің өнімі өндірілген. Бұл көрсеткіш есепті кезеңнен 4,6%-ға көп. «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының «Жеке кәсіпкерлік бастаманы қолдау» бағыты бойынша несие беруге бөлінген 93,0 млн. теңге толығымен игерілді. Несие алған 47 адам, негізінен мал шаруашылығын дамыту бағытында жұмыстануда. Сонымен бірге дәнекерлеу, құлпытас жасау цехтары да ашылды.

«Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша «Д. Абуов» ЖК «Металл прокаттарын салқын күйде өңдеу» жобасымен 1,2 млн. теңге грантқа қол жеткізіп, ісін бастап кетті. Грант қаржысына құрал-сайман сатып алған кәсіпкер металдан салқын күйде қақпа, баспалдақ қоршаулар, есіктер т.б. бұйымдар жасайды. Ислам банкінің «Мурабаха» бағдарламасы шеңберінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ БҚФ арқылы төрт жеке кәсіпкер 10 млн. 865 мың теңге көлемінде несие алып, істерін ашты.

Өткен жылы жұмыспен қамту бөліміне 965 адам келіп жолықса, оның 911-і жұмыспен қамтылды. Тіркелген жұмыссыздар саны - 142 адам, яғни тұрғындардың 0,6%-ы. Ақылы қоғамдық жұмысқа жіберілгендер саны 333 адамды құрады. Былтыр үш мәрте бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өткізіліп, 55 адам тұрақты жұмысқа орналасты. Әлеуметтік жобаларды іске асыру мақсатында 14 меморандум жасалып, мекеме-кәсіпорындар арасында 41 ұжымдық келісімшартқа қол қойылды.

Бүгінгі таңда Теректіде білім сапасы жоғары. Былтырғы ҰБТ-да мектеп түлектері орта есеппен 87,9 балл жинап, облысымызда көшбастады. 36 мектептегі 5062 оқушы ыссы тамақпен қамтылған. Өткен жылы «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша Ақжайық, Шаған мектептері күрделі жөндеуден өтті. Апатты және үш ауысымда оқитын мектептер мәселесін шешу жөніндегі Елбасы тапсырмасын орындау мақсатында Новопавлов білім ұжымы күрделі жөндеу жүргізді. Юбилейный ауылында 180 орындық жаңа мектептің құрылысы басталды.

Денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Жыл ішінде 12 аутокөлік алынды. Жаңаөмір ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория халық игілігіне берілді.

«Қазақстан Республикасының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011–2020» бағдарламасы шеңберінде республикалық бюджеттен ауданға 45,6 млн. теңге қарастырылып, көп пәтерлі 6 үй күрделі жөндеуден өткізілді. Ағымдағы жылы Федоров ауылындағы көп қабатты екі үйді 14,7 млн. теңгеге жөндеу жоспарда бар.

– Өткен жылы осындай көрсеткіштерге қол жеткізіп, аудан экономикасын, ел байлығын еселедік. Биыл да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Яғни Ұзынкөл ауылының әлеуметтік нысандары газ жүйесіне қосылады. 16 елді мекенді газдандыру және Подстепное ауылында мәдениет үйін салу бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалады. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша Федоров ауылында жүргізіліп жатқан су құбырын жаңғырту аяқталып, 2016 жылы осындай жұмыстарды Ақжайық және Ақсуат ауылдарында жүргізу жоспарға енгізіледі. Ұзынкөл ауылы маңынан өтетін Барбастау өзеніндегі су қоймасының бөгеті мен оның тірек бағандары күрделі жөндеуден өтеді. Самара – Ақтөбе күрежолынан Аңқаты ауылына дейінгі жол жөнделмек. Сондай-ақ аудан орталығында ардагерлер үйін ашуды көздеп отырмыз, – деді Жеңіс Серікқалиұлы.

Өз кезегінде сөз алған теректіліктер аудан экономикасы дамып, тұрғындардың әл-ауқаты жыл өткен сайын жақсарып келе жатқанын жеткізді. «Алдымен шүкірлік ете білу керек. Барлық мәселе бірден шешіле қоймайды. Ойлап көріңіздерші, бұрын қандай едік, қазір қандаймыз? Әр үйде көгілдір отын, таза ауыз су бар. Мекендеп отырған жеріміз шұрайлы, облыс орталығына жақын. Мұның өзі бір бақыт қой, - деді аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Мұсағали Төлегенов. - Ауданымыз көп ұлтты. Бәрі тату-тәтті өмір сүруде. Әр мерекені бір атаның балаларындай бірлесіп, жоғары деңгейде өткізудеміз. Елбасы тапсырмасына сәйкес ауданымыз ең алғашқылардың бірі болып қоғамдық келісім кеңесін құрып, оның бірінші форумын да өткізді».

«Еднання» украин этномәдени орталығының жетекшісі Надежда Рунова биылғы жыл Ассамблея жылы деп жариялануы үлкен жауапкершілік жүктейтінін, соған орай тиісті іс-шаралар жоспары жасақталғанын айтты. Новопавлов орта мектебінің мұғалімі Болатбек Байсақалов аудан басшылығы тарапынан жас мамандарды қолдау бағытында айтарлықтай істер жүргізіліп жатқанына тоқталды.

- Қазақта «Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде» деген тәмсіл бар. Қазіргі дағдарыс іргесі мығым елдерге де оңайға соғып отырған жоқ. Ал Қазақстан бүгінде дамудың даңғыл жолына түсіп, іргесін бекемдеп, дағдарысқа қарсы тұрудың амалын жан-жақты қолға алуда.

Облысымызда былтыр көп жұмыс атқарылды. Мәселен, өңір экономикасына бағытталған инвестициялар 263,9 млрд. теңгені құрап, 34,1%-ға өсті. Бұл көрсеткіш бойынша республикада 1-орынға иеміз. Ауыл шаруашылығы саласында 83,6 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Бүгінгі күнге 1990,5 тонна ет және ет өнімдері экспортталды. Бұл жағынан да көш басында келеміз. Аталмыш салада жалпы құны 3,8 млрд. теңгенің 6 инвестициялық жобасы жүзеге асырылуда. Өңірімізде 257,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл салыстырмалы кезеңнен 4,1%-ға артық. Теректіде де жүзеге асқан жоба көп. Мұны бейнефильмнен көріп, әкім баяндамасынан білдік. Мұндай жұмыстар биыл да жалғасын табады. Оларды жүзеге асыруға ауданның әлеуеті толығымен жетеріне сенеміз, - деді жиынды қорытындылаған Арман Өтеғұлов.


 

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ,

“Орал өңірі”

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале