6.12.2016, 12:36
Оқылды: 55

Ақжайық ауданында ерекше байқау өтті

«25 жұлдызды күн» акциясы аясында Ақжайық ауданында бала жастан мүгедектерге және 18 жастан асқан психоневрологиялық ауытқуы бар мүгедектерге, қарияларға қызмет көрсетушілер арасында өткен «Менің әлеуметтік қызметім» атты аудандық байқау сол еңбектің ауқымын, күрделілігін, бұл қызметкерлердің ізденісін сөзсіз көрсетіп берді.

Ауданда 200 жалғызбасты қария болса, 1454 мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың қиындығын барынша жеңілдетіп, қуаныштарына ортақтасып жүргендердің әрине, еңбегі ұшан-теңіз. Сегіз ауылдық округтен байқауға келген 8 қызметкерді құттықтай келіп, аудан әкімі Әділ Жоламанов оларға шексіз алғыс сезімін білдірді. «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын орнықтыруда өз істеріңізде асқан шыдамдылық пен төзімділік көрсетіп жүрген сіздердің өнегелеріңізді аса бағалаймыз, құрметтейміз»,-деді.

Қатысушылар бірнеше бөлімнен тұрған байқауда нағыз бір үлкен сыннан өтті деп айтуға болады. Мысалы, мүгедекке арба қанша жылға берілетіні, оған көмектің түрлері, амандасып, тілдесе білу, арадағы кездейсоқ жағдаяттардан шыға білу бойынша сұрақтарды жеңіл-желпі деп айтуға болмас еді. Олар патриоттық тақырыпта ән шырқауда болсын, көркемсөз оқуда болсын, таланттарын көрсете білуі де, мысалы, алғабастық Гүлбар Байзуллинаның «Қазақстан» атты өлеңі жиналғандарды ерекше қуантты. Еліміздегі белгілі қаламгерлердің туындыларынан жақсы хабардар болулары да бір ғанибет қой. Базаршоландық Жеміс Құспанова «Мәңгі балалық шақ» (авторы Роза Мұқашева) монологын талғаммен оқып шықты. Чапаевтық Гүлназ Елубаева «Соқыр ана» монологын сахналағанда залдың ерекше толқығанын байқадық. Тайпақ округі бойынша он әлеуметтік қызметкердің бірі Айнагүл Есқазиева ақын Сағынтай Бисенғалиевтың Тәуелсіздікке арнаған жырын келістіре оқыды. Базартөбелік Гүлайша Бисенова, алғабастық Гүлбар Байзуллина және есенсайлық Дана Сәрсенғалиева айналадағы қамқорлыққа мұқтаждарға мейірім шуағын төгу тақырыбына қойылымды өздері жазып шыққан. Соны сахналап жеткізуі де тіпті әсерлі болды. Көнеккеткендік Кенжегүл Хайруллина белгілі ақын Ұлықбек Есдәулетовтың «Қара пима» поэмасынан көрініс қойғанда, жанарларға жас үйірді.

Шара қорытындысында қазылар алқасы тайпақтық Айнагүл Есқазиеваға І орын (суретте), көнеккеткендік Кенжегүл Хайруллинаға ІІ орын, базаршоландық Жеміс Құспановаға ІІІ орын берді. Барлық қатысушыға бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Суретке түсірген Нұрбек ИХСАН

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале