11.08.2020, 11:28
Оқылды: 35

Абай мұрасы Казталовта да насихатталуда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 30 мамырда ақын, ойшыл, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өту туралы Жарлыққа қол қойды.

B35FC435-AB57-4F56-97C9-C5D253AEB9FC

Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкіметке бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, биыл 1 шілдеге дейін Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылуы тиіс. Ал 1 қазанға дейін мерейтойдың жалпы республикалық жоспары бекітілуі керек, - деді ол өз сөзінде.

Бұдан өзге Мемлекет басшысы «Жидебай-Бөрлі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейін жаңғыртуды, Абайдың мерейтойына арналған халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізуді, ақын еңбектерін шет тілдерге сапалы аудару сияқты шараларды іске асыруды тапсырды. Абай жылы – ел тарихында өшпес із қалдырған ұлы ойшылымыздың рухын асқақтату үшін қолға алынған игі бастама.

Осыған орай жылдың басынан бері ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Абай мұрасы жан-жақты насихатталып, халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде бірқатар байқаулар ұйымдастырылды. Жастар жылымен тұспа-тұс келген Ұлы ақынның жылы әр жасқа рух сыйлап, шабыттандыра білді. Ауданымыздың Абайтанушылары да, талантты жастар да түрлі байқаулардан қалыс қалмады. Нақтырақ айтсақ, www. qalamger.kz сайтында өткен «Абай әлемі» онлайн байқауында үздік нәтиже көрсеткені үшін А.Оразбаева мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері Мирболат Мырзағалиев пен Бақытханым Мырзағалиева марапатталды. Ж.Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап кітапханасы «Абай жолы» роман-эпопеясына қашықтан байқау Жұмағазиевтер отбасы І орынға ие болды. Сондай-ақ БҚО тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өткен «EGEMEN QAZAQSTAN» газетінің 100 жылдық жылнамасына және Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған «Тіл көпірі: жүз жылдық жылнама» атты сырттай байқауында еркін тақырыптағы өз мақаласымен Бірік орта жалпы білім беретін мектебінің түлегі Аяжан Ғаппар ІІ орын алды. Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар-жасөспірімдер кітапханасында өткен «Менің Абайым» атты ұлы ақын Абайдың 175 жылдығына арналған облыстық мәнерлеп оқу байқауында Нұрайна Аманғалиева ІІ орынды (Көктерек орта жалпы білім беретін мектебі), Әділжан Хайреденов ІІІ орынды (А.Хұсайынов мектебі) иеленсе, Қарақат Самиғоллина «Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» (Сатыбалды негізгі жалпы білім беретін мектебі) аталымына ие болды. «KKO.KZ» бев-сайтының ұйымдастыруымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына орай өткізілген республикалық, халықаралық шығармашылық байқауында Бірік мектебінің оқушысы Самира Марат І дәрежелі дипломмен марапатталды.

-Жалпы, біз Абайдың мерейтойына қоғамдық сананы жаңғыртатын өте маңызды шара ретінде мән береміз.

Абай мұрасы – жаңа Қазақстанның одан әрі өсіп-өркендеуіне жол ашатын баға жетпес құндылық. Халқымыздың бойтұмары – Абайдың өнегесін өскелең ұрпақтың бойына сіңіру – баршамызға парыз. Әр ұлттың өмірінде сол ұлттың кешегісін бүгінге байланыстырып, бүгінгі күнін ертеңге жалғайтын тұлғамыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінің бетінде жарияланған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында айтылғандай, «Абай – адамгершілікті, ізгілікті, өркениетті аңсаған. Біз сол Абай армандаған жан-жақты өркениетті қоғам құруға ұмтылуымыз керек. Оған Абайды күретамыр етіп аламыз» деген ойға саятын пікірін ұлы сөз дер едім. Бүгінгідей ұрпағы бар да Ұлы ақынның шығармалары ешқашан маңызын жоймайды - деді Бақытқаным Мырзағалиева. Ауданымыздың жас депутаты Гүлфия Көшбаева:

- Ауданымызда Абай көшесі жұртшылық көп баратын орталық аурухананың қарсы алдында. Бір қуанарлығы, жаяу жүргіншілер үшін тротуар салынған. Көше бойы таза. Ендігі айтпағымыз, бұл көшеге Ұлы Абайдың кеуде тұғырын орнату мүмкін емес екені белгілі. Өйткені ол көп қаражатты қажет етеді. Алайда С.Даниялов көшесімен қиылысқан тұсында Ұлы Абайдың бір нақыл сөзі жазылған билборд орнатса нұр үстіне нұр болар еді. Ұлы Абаймен әлемге мақтанатын біздер, соның ішінде сол ұлы есіммен аталатын көше тұрғындары өздері қаражат жинаса, тіпті керемет болып кетер еді. Осындай жанашырлық бастама болып жатса, нағыз үлгі етерлік іс осындайдан көрінеді ғой, - деген ұсынысын жеткізді.

Көп адам дүниеге бой алдырған, Бой алдырып, аяғын көп шалдырған,

Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, - демекші, Абай бізбен мәңгі өмір сүре бермек.

 Қайрат Жақып,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале