19.02.2020, 20:28
Оқылды: 490

Абдолланың ерлігінің құнын сұрайық!

Абдолла Жұмағалиев туралы жазу үшін оның өлеңін оқу мен өмірдерегін білу аздық етеді. Абдолла жайлы жазушыға әуелі толғану керек. Ақын өлеңінің есігін толғаныс қана ашады. Бір кездері Абдолла да өмірдің күресіне, ерліктің жолына өлеңнің есігінен аттанған.

s4

Абдолла 1915 жылы қазіргі Сырым ауданы, Жосалы ауылдық округі, Былқылдық ауылында дүниеге келген.

- Қазіргі Сырым ауданы, Жосалы ауылдық округінде кіндік қаны тамған Абдолладай албырт ақынның ат жалын тартып мінген күнінен бастап – ақ әдебиеттің жолына түспеуі мүмкін емес – ті. Қоңыр мектебінде бастауыш білім алып, кейін Орынборда, ел астанасы болған Қызылордада оқуын жалғастырған жалынды жастың арманын аялап, қиялына қанат бітірген сол кезде, яғни 1932 жылы жаңадан ашылған өзіміздің Орал педогогикалық институты еді. – дейді «Алыс жолға аттанған ақын» атты мақаласында журналист, ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Ғайсағали Сейтақ.

Бұл сөзге титтей де дауымыз жоқ. Себебі, Халижан Беққожиннің өзі:

- Жас Абдолланың ақындығы осы институтта жүргенде – ақ сезіле бастайды. Ол жылдары Орал институтында әдебиет кружогы болатын. Ол кружокті көтеріп жүрген жас ақындар да өлеңге жанымен берілген қызулы жастар еді. Кейін солардың арасынан жақсы – жақсы ақындар шықты. Абдолланың ерекшелігі – оның сол кезде жазған әлі жас, піспеген өлеңдерінің өзінде – ақ, біреуге еліктегіш, даурықпалық, қызбалық көп кездеспейтін. Қайта оның орынына іздену, лиризмге талпыну, барлығы айқын сезіліп тұрды. – деп дәйектей түседі.

Жас Абдолланың студенттік дәуреніне куә болып, «Өлең жазғанша, біткенше ғана ақындікі, Жұрт алдында оқығаннан кейін – ақ, ол – халықтікі!» деп ақын жанына жігер, өлеңіне бата берген адам – Орал пединститутындағы ұстазы Қажым Жұмалиев еді.

Абдолла 1936 жылы Алматыдағы Қазақ Педогогика институтына оқуға түсті. Әдебиет факультетінде оқып жүріп, Алматының белгілі ақындарымен араласты. Табиғи ақындық болмыс пен әдеби орта өз дегенін жасады. Ол ақындыққа әбден берілді. 1937 – 1938 жылдары қазақ әдебиеті мен журналында «Лениншіл жас», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде оның өлеңдері басыла бастады. Қызылордада мұғалім болып қызмет еткен уақыттары да әдеби серіктер жинап, өзінің ғана емес, Сыр өлкесіндегі әдебиеттің өркендеуіне де үлес қосып көрді. Өлеңдерінен бөлек, «Токиодағы дауыс», «Шығыс қызы» сияқты поэмалары оны шығармашылық шыңынан көрсетті. Байронда, Лермонтовты қазақша сөйлетем деп жүріп өзі де байтақ Қазақияның Байронына айналды.

Әрине, Абдолла ақын болған жерде, әрі әдеби ортаны оны көріп, мойындағаннан кейін де ол туралы естеліктердің мол әрі тұщымды болуы заңды. Ақынның өмірінде өлең мен ерліктен басқа да ерекше оқиғалар бар. Соның бірі – Абдолланың майданға аттанар тұста әйгілі Жамбыл мен күш атасы Қажымұқаннан бата алуы.

2015 жылы Сырым ауданы Әбу Сәрсенбаевтың Абдолла Жұмағалиев жөніндегі жинағын кітап етіп қайта бастыртты. Абдолланың Жамбылмен және Қажымұқанмен

кездесуі жайлы «Абдолла» атты сол кітаптың ішінде, Мәрия Хәкімжанованың естелігінде аздап айтылады.

- Майданға аттанар қаламдастарымызбен қоштасуға арналған мәжіліске Жамбыл ақсақал мен Қажымұқан палуан қатысқан болатын. Қоштасу мәжілісін Жәкең жырмен ашқан - ды. Ол жауынгер ұлдарына жақсы тілеу тілеген ұзақ жырын:

«Елін есен сақтаған,

Арын жауға сатпаған,

Ана сүтін ақтаған,

Балаларын сүйер шал!» - деген шумақпен дауысын қалтырата барып аяқтағанда Абдолла жүгіріп барып атасының ақ сақалын сүйді. Жәкең жас ақынды қаусыра құшақтап, қолын қысты: «Абыроймен орал, күнім!»

Мәрия Хәкімжанова – Жазушылар Одағында Абдолламен әріптес болған адам. Ақын оны ерекше сыйлап, туған апасындай жақсы көрген. Майданға аттанарда да бар қолжазбасын осы кісінің қолына қалдырған.

Айтайын дегеніміз, «Абдолла» кітабына Мәрия Хакімжанованың естелігі толық басылмаған екен. Осы жерде «Естеліктің толық мәтіні қайда?» деген сұрақ туады. Толық мәтін ақынның туғанына 60 жыл толуына орай 1970 жылы «Өмірінің өзі өлең еді...» деген тақырыппен «Жұлдыз» журналында жарық көрген. Оны С. Датұлы атындағы тарихи – өлкетану музейінің директоры Айнагүл Ойшыбаева Атырауға Н. Үлкенбаев атындағы музейлер байқауына барғанда кездейсоқ анықтайды. Сөйтсе, Ыбырай Алтынсариннің Қостанай облыстық мемориалдық мұражайында М. Хәкімжановаға арналған арнайы экспозиция әрі тектік қор бар екен. Мәрия ханымның қолжазбалары, Абдолла туралы «Жұлдыз» журналына шыққан естелігі де сол музейде тұр екен. Оны Айнагүл Ойшыбаеваның Қостанай қаласынан келген әріптесі айтыпты. Кейін журналдың көшірмесін аудандық музейге жолдаған. Абдолланың Жамбылмен және Қажымұқанмен кездесуі бұл жерде толығырырақ баяндалады.

- Келесі күні біз қызметке ертемен келдік. Келсек есіктің алдында Абдолла тұр. Оның қасында бейтаныс тағы бір жігіт бар. Екеуінің де иығында әскер дорбасы. Екеуінің де шаштарын алып тастаған. Абдолланың үстінде сол жазда киіп жүрген сұр жолақ әдемі костюмі...Осы кезде қазақ совет әдебиетінің атасы, ұлы ақын Жамбыл келіп, машинадан түсіп жатты. Қарт ақынның мұнша суыт жүргеніне бәріміз де үдере қалған едік. Сөйтсек, «Ақындарымыздың бір тобы майданға аттанғалы жатыр. Жәкең келіп, балаларына ақ батасын беріп, ақ тілеп шығарып салсын!» - деп бастығымыз Сәбит ағай телефон соққан екен.

Жұрт Жәкең кірген бөлмеге жиналды. Жұрт жиналып бола берген кезде, Қалмақан Әбдіқадыровтың үйіне келіп жатқан атақты палуан Қажымұқан келіп кірді. Палуан төрде отырған Жәкеңнің қолын алып көрісті де, басқалармен жалпы амандасты. Содан кейін Жәкеңе қарай: «Е, Жәке! Ел басына күн туды, ер азамат жарақтанып бел буды. Қайратты, қайсар ұлдарыңды майданға аттандырғалы жатыр деп естіп келдім. Қайырлы сапар болсын! Ер жігіт үйінен шықса, үйіріне қосылады деген ғой атам қазақ. ...» - деп Қажымұқан біраз толғаныпты.

Осы естелікте Жамбылдың ақындарды қайраған жыры да кітаптағыдай 4 жол емес, 24 жол толғау етіп, толығырақ беріледі. Мына бір сәт Абдолланы туған ел үшін сүйсінерлік сәт деп ойладық.

- Дәл осыны (жаңағы толғауын авт.) айтқанда Жәкеңнің дауысы қалтырап, көзінің жасы сорғалап, өксіп шыққан болатын. Әке жүрегін ұққан Абдолла

орнынан атып тұрған күйі Жәкеңнің қолын қысып тұрып, сақалынан сүйді. Жәкең Абдолланы айқара құшақтап, оның маңдайынан, бетінен, екі көзінен сүйген еді. Жәкеңнен босаған Абдолланы Қажымұқан сүйіп: «Берік бол, белді бекем бу шырағым! Ерлік сапарға ерлерше аттану керек!» - деп қайрап жатты. Қараңызшы, біздің Жосалының баласына Жамбыл мен Қажымұқанның өзі құшақтап, сүйіп, тілеуін тілеп, бата берген.

Иә, «ерлік сапарға ерлерше аттануға» Абдолла онсыз да дайын болатын. Өзі айтқандай «жүрегін ту қылып ұстап» аттанды. Өзінің өлімге бара жатқанын сезіп, «Мүмкін кері қайтпаспын, жоғалармын!» деді. Бірақ, оған бола жігері жасыған жоқ, қайта жанары лапылдап жанды.

- «Анам жырмен тербеген бесігімді,

Жырмен жазам тарихқа есімімді,

Жылдар жылжып өтсе де, талай ұрпақ,

Өз жырыммен қағар кеп есігімді.» - деп серт қойды.

Өзін ғана емес, жүрегін де қайрады.

- «Ақын жүрек, от жүрек,

Асығып неге туладың.

Білемін ғой сырыңды,

Жасық боп рас тумадың,

«Айқас» деп соқтым әзірге,

Қалдырып жастық думанын.

Жарылсаң жауға бомба боп,

Жарадың, жүрек туғаным!

Сонда саған адамзат,

Иер, әділет туларын! – деген оның жүрегі шынымен де жауға болып жарылды.

Абдолла Жұмағалиев 1941 жылы асқан ерлік көрсетіп, Мәскеу түбінде фашистермен айқасу үстінде өртеніп өлді. Ақынның осы ерлігін Әбу Сәрсенбаев «Ақын жүрегінің алауы» атты әңгімесіне арқау қылды.

- ... Абдолла жау бағытына көз тікті. Қаптап келе жатқаны рас екен. Бұл жолы бейқам емес, жорғалай жүгірісіп оқ төгіп келеді. Әбіл тағы да дауыстады: « - Аға шегінбейміз бе? Рота орныққан болар!..» Шошынған, жалбарынған үн...

- Командир әмірін орындамау Отанға қиянат! Шегінуге белгі берілген кезде ғана... Дайындалыңдар! Әбден жақындасын.

Дұшпан оқ жетер тұсқа таянды. Үш автомат бір мезгілде атылды. Басқыншылар тағы да тосын оққа кездесіп, бөгеле берді.

Осы сәт Абдолланың өз жілігіне де оқ қадалды...

Абдолла жаралы аяғын сүйрете жорғалап, шатырдың шығыс кемеріне барды.Бір взводтай фриц сарайдан бері еңбектеп келеді екен. Шеткеріректе қарына свастика байлаған бір жирен фашист айқайлап тұр. «Маскоу капут... Рус здавай!» Абдолла сұрлана тістеніп, нысанаға тосты. «Гитлер күшігі! Қорлатпаймын денемді... Келекелемек пе ең?» Дереу орнын өзгертіп, пулеметке сөз берді.»

Арпалыстың немен біткені белгілі. Абдолла тағы жараланды. Немістер ол бекінген үйге от қойды. Оттың арасынан оқ сақылдатып ақын жатты. Сосын граната...Жұдырық жүрегіндей ғана граната. Өзі айтқандай, Абдолланың жүрегі «бомба болып жарылды.»

- Волокалам тас жолының үстінде түн қараңғылығын қақырата сөгіп, күрең алау толқиды. Бұл – ақын жүрегінің алауы. Ол ешқашан да өшпейді. Ол

қызыл тудай жайқалып, әділетті күреске шақырады. – деп аяқтайды Сәрсенбаев әңгімесін.

Досының осы ерлігін «Ақыны өлімі туралы аңыз!» поэмасында «От ұстаған Прометейім!» - деп Қасым Аманжолов та жырлады.

Бір түсінгеніміз, Абдолла Жұмағалиевтің ерлігін дәлелдейтін нақты құжат жоқ, тек әдеби туындылар ғана бар. Әдеби туындыда әдеби реңнің, бояудың болатынын жасыра алмаймыз. Бұл дүниелер ақынның ерлігінің дәрпі бола алды, ал дәлелі бола ма? Меніңше, панфиловшы Абдолла Жұмағалиевтің немістің бір взводымен жалғыз шайқасып, өртеніп, алайда намысын бермей өлгені жайлы нақты дәлелдің бірі – Абдолла болған бөлімшенің командирі, офицер В. Григорьевтің «Писатель – герой!» атты майдан поштасынан газеттерге жолдаған мақаласы. Ерлікті көзімен көрген командирдің орысша мақаласының көшірмесі, қазақша аудармасы Әбу Сәрсенбаев құрастырған кітапта бар.

2015 ы ұстазым Бауыржан Халиоллаға ілесіп, Алматы қаласына барғанмын. Сол жолы Алматыдағы ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасына соғып, ескі газеттерді парақтағаным бар. «Социалистік Қазақстан» газетінің соғыс жылдарындағы сандарын ақтарып отырып, газеттің 1943 жылы 13 қаңтарда шыққан №10 (6240) санындағы «Герой – ақын!» деген мақалаға көзім түсті. Абдолла жайлы екенін бірден сездім. Дереу мақаланың астыңғы жағына қарай қарап, авторын білгім келді. «Гвардия капитаны В. Григорьев. Майдандағы Армия!» деп жазылыпты. Дереу газеттің бетін суретке түсіріп алдым. Сол құжаттай құнды мақаланы аудандық газетке жариялаудың реті міне 5 жылдан кейін келіп отыр.

- Деревня бізге дөң басынан айқын көрініп тұр, әсіресе, самаладай жалғыз үйдің жалыны аспанға шығады. Жалын ішінде автомат дауысы естіледі.

Соғыс үстінде біз қаһармандық пен ерліктің талай үлгісін көріп жүрміз. Бірақ, жау қолында қалған жалғыз үйдің ішінде арыстандай алысқан айбатты ақынды көз алдымызға келтірге оның ерлік қимылы бізге батырлықтың асқар шыңындай сезілді. Ол өзінің өлерін білді. Ақтық сағат үстінде зор даңқпен өлуді тіледі. – деп тамсанады гвардия капитаны В. Григорьев жолдас біздің батырға.

Иә, Әбудің әңгімесі мен Қасымның өлеңі өз алдына, Абдолланың командирі, гвардия капитаны В. Григорьевтің осы мақаласы да ақынның ерлігін дәлелдеуге әрі бағалауға нақты себеп деп ойлаймыз. Дәлел бар, енді бағалау керек. Абдолла Жұмағалиев «Халық қаһарманы» атағына лайықты бірден - бір батыр.

Аудандық газетке мақала жазумен Абдоллаға атақ алып бере алмасымыз анық. Соны ойлап, күні кеше Орал қаласындағы есептік кездесуде аңыз ақын, нағыз батыр Абдолла Жұмағалиевке «Халық қаһарманы» атағын беру мәселесін Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиевтің өзіне айттық.

- Сырым елінің сізге жіберген сәлемі де, қалың қазақтың қолқасы да осы. Абдолланың ерлігінің құнын сұраңыз. Оған «Халық қаһарманы» атағын алып беріңіз. Жер бетінде адамды мәңгі алып қала алмаймыз, ал ерлігін алып қалуға болады. Абдолланың ерлігін алып қалайық! – деген біздің сауалға Есқалиев мырза:

- А. Жұмағалиевке атақ алып беру үшін зиялы қауым өкілдерімен бірлесіп ұсыныс берсеңіздер, мен Президенттің атына хат жазуға дайынмын! – деп жауап берді.

Міне, сол ұсынысты Сырым елінің атынан біз бастап отырмыз. Қозғалысқа өңірдің зиялы қауымы, тарихшылары, әдебиет өкілдері қосылса екен. Абдолла туралы қоғамдық дүмпу тоқтамауы керек! Ақынның қай жерде өлгені,

командирдің қай деревняны айтып тұрғанының өзі де бөлек сауал, бөлек мақала. Бұл жөнінде кім не айтар екен?

Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале