22.06.2020, 14:45
Оқылды: 229

Әдебиетке жаны құштар Жаннұр


23 маусым – Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілері күні.

A4B3D374-244F-473C-80A4-2A19963911C0 Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алған күнінен бастап мемлекет атынан халыққа қызмет көрсеткен мамандардың кәсіби мерекесі биыл жетінші жыл қатарынан аталып өтеді.

Елімізде мемлекеттік қызмет органдарының құрылғанына биыл 22 жыл толып отыр.

Қазталов ауданы Бостандық ауылы, 1986 жыл, ақпан айының 20-сы.  Бекбау мен Талшынның шаңырағында үш қыздан кейін дүниеге торсықтай ұл келді. Жас сәбидің есімін Жаннұр деп еншілепті. Оның асқар таудай әкесі – электрик, ардақты анасы – кітапханашы. Елге сыйлы екеуіне және  әпкелеріне еркелеп өскен бала Жаннұр 1992 жылы туған жеріндегі мектептің табалдырығын аттап, 2003 жылы оқуын тәмамдаған. Мектеп қабырғасында жүргенде ол көркем сөз оқудың шебері болған. Жаны әдебиетке құштар. Поэзия жанрында да қалам тербейді. Әртіс боламын деп армандаған ол қазіргі таңда мемлекеттік қызметші. Шаһардағы белді оқу орындарынан білім нәрімен сусындаған оның қос мамандығы бар. Экономист және жергілікті мемлекеттік өзін-өзі басқару магистрі. Қазіргі уақытта Теректі аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы. Абай Құнанбаевтың «Адам ғапыл дүниені дер менікі, менікі деп жүргеннің бәрі оныкі» деген сөзі – өмірлік ұраны.

7831B858-7C66-4280-AC58-A22C98F5306C

Сүйікті жары Анар екеуі Бексұлтан, Нығметолла, Айсара, Әлнұр есімді ұл-қыз тәрбиелеп отырған шаттыққа толы шаңырақ.

13181AA7-11EE-4621-87A8-903A87A7D312

Міне, Жаннұр Ахметовпен  мемлекеттік қызметші күні мерекесіне орай тілдескен едік. Айта кетейік, 2013 жылы бекітілген мерекеге биыл жеті жыл толып отыр.

7 жылдыққа 7 сауал

1. Жас Жаннұр қалайша мемлекеттік қызметші атанды?  Осы қызметті таңдауға не түрткі болды?

–Неге екенін білмеймін, анам Талшынға рухани жақын болдым. Бар сырымды сол кісіге айтатынмын. Ол кісі Алматыдағы ЖенПИ-ден кітапханашы мамандығын алып шыққан жан еді. Үнемі мені қолдап, жігерлендіріп жүре-тұғын. Мемлекеттік қызметті  таңдауыма анам түрткі болды. Жалпы, бұл қызметке әу баста 2007 жылы бет бұрып едім, кейін жеке компанияда жұмыс істедім. 2012 жылы анам мәңгілік мекеніне аттанды.  Сол кезде анам:  «Балам, мемлекеттік қызмет жақсы, мен сені сол қызметте жүргеніңді қалаймын. Сенің қолынан бәрі келеді» деген сөзі өмір бойы жадымда жатталып қалды. Жалпы, өзім де «елге пайдамды тигізейін, жақсылық жасайын» деп ылғи ойлаушы едім. Әрі анамның сөзі де маған дем берді. Сөйтіп, 2012 жылдан бері осы салада жүрмін.

2. Мемлекеттік қызметші терең білім мен біліктілікті, төзімділікті талап етеді дейді. Қаншалықты сабырлы, төзімдісіз?

– Дұрыс айтасыз,  төзімділікті талап ететіні рас. Мен сабырлы әрі қарапайым болуды анамнан үйрендім. Марқұм анам жер қозғалмаса, қозғала қоймайтын жан еді. Болмашы нәрсеге күйіп-піспеуді үйретті. Қандай да болмасын орын алған жағдайға сабырлылық танытқан кезде ғана, бәрі жақсы болатынын санама құйып өсірді. Қит етсе ашуға міне жөнелетін жандарға жаным қас.

3. Қоғамдық өмірдегі саясаттың жаршысы ретінде ауданда қандай іс атқарылды? Қазір сізді қандай ой мазалап жүр?

–Теректі аудандық ішкі саясат бөліміне жұмысқа келгеніме бір жыл жарым болды. «Бәрін жасадым, өзгерттім» деп ештеңе айта алмаймын. Осы уақытқа дейін атқарылған жұмыс және болашақта жүзеге асуға тиіс шаруалардың бәрі де көпшілікпен бірлесе һәм ымырашылдықтың арқасында жалғасын таппақ. Қазіргі таңда Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауданда бірқатар шаруа қолға алынды. Енді осыны одан әрі дамытсам деген ойда жүрмін. Жалпы, азаматтардың елге, туған жерге деген патриоттық сезімі оянып, кіндік қаны тамған жерге пайдалы іс атқарса деймін.

4. Ел тағдыры сіздей мемлекеттік қызметшілерге сеніп тапсырылды. Өзіңізге жүктелген жауапкершілікті сезінесіз бе?

–Жауапкершілігі зор жұмыс істеп жүргенімді сезінемін. Мемлекеттік қызметші мемлекеттік биліктің айнасы іспетті. Халық сенімі мемлекеттік қызметшінің жұмысты сапалы атқаруына қарап нығаяды.  Халық сенім артса, олардың үмітін ақтауға тиіспін.

5. Халық Сіздерден көп нәрсені күтеді. Мәселен, адамгершілікті, қарапайымдылықты, сондай-ақ әділдікті. Ал Сіздер халықтан не күтесіздер?

– Елімізде, аудан, ауылымызда түрлі бағытта мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асып жатқаны мәлім. Бір сөзбен айтқанда, ел үшін бұл бағдарламалардың берері мол. Үкіметтен қолдау бар, демек тұрғындардың сүйікті кәсіппен шұғылданып, нәпақа табуларына мүмкіндіктері де шаш-етектен. Ал мұны кей адамдар түсінбейді. Дайындап берген жұмысты да одан әрі дөңгелете алмай қалады. Мінекей, осындайларды көргенде, халқымыз ерінбей, жалқаулыққа салынбай белсенді болса екен деп тілеймін.«Ерінбей еңбек етсең егер, тікен де гүлге айналып шыға келер» демекші, еңбекқорлықтың туын нық ұстаса игі!

6. Мемлекеттік қызметші десе, сыбайлас жемқорлық еске түседі. Неге?

–Егіз ұғым секілді қатар жүретіні өкінішті-ақ, әрине. Мемлекеттік қызметке келдің бе, онда сыбайлас жемқорлыққа жол бермеуің тиіс. Жұмыс барысында қызметінді асыра қолданып, «қосымша» пайда табамын деуге мүлдем болмайды. Мысалы, өзім сәл ертеректе атқарған қызметіме 47 мың теңге алып жүрдім. Соны  қанағат тұттым. Көпке топырақ шашудан аулақпын, кей адамдарда қанағат жоқ. Ашкөздіктің кесірінен сыбайлас  жемқорлықтың жетегінде кетеді, әттең...

7. Мемлекеттік қызметшіге өтірік айтуға болады ма?

–«Өтіріктің балын жалап тірі жүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық». Тек мемлекеттік қызметші ғана емес, жалпы адамзат баласы өтіріктен мың шақырым аулақ жүргені абзал.

Самал Жолдығалиқызы,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале