8.05.2019, 17:03
Оқылды: 39

Аға буынға құрмет көрсетілді

Мереке қарсаңында Бөкей ордасы ауданы әкімі Нұрлан Рахымжанов, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Тілеген Арыстанбеков, аудандық мәслихат хатшысы Ерболат Таңатов Хан ордасына арнайы барып, аудандағы жалғыз майдангер Нәсіпқали Жұмағалиевке құрмет көрсетті.

orda (3)

– Бүгінгі берекелі де бейбіт өміріміз үшін сіздей майдангерлер алдында қарыздармыз. Қандай құрмет көрсетсек те, қандай керемет ескерткіш тұрғызып, музей ашсақ та, қан майданда қыршынынан қиылған солдаттардың, баласын, жарын, әкесін жоқтаған ана, жесір мен жетімдердің алдындағы парызымыз еш өтелмейді. Бүгінгі бейбіт өмір тұрғындары атынан басымызды иіп тұрып, алғысымызды айтамыз,- деп аудан басшысы Нұрлан Рахымжанов облыс әкімі Алтай Көлгіновтің арнайы сыйлығын да табыс етті.

Сыйлықтың бас-аяғы бұл болмады. «Uniserv» ЖШС басшысы Нұрғазы Сәтбаевтің ақшалай сыйлығын және өз атынан заттай сыйлықты тапсырды.

Ерболат Таңатов пен Тілеген Арыстанбеков те ата-аналарының көзін көрген ауыл ақсақалына ақ тілектерін айтып, «Жеңістің 75 жылдығында да осы шаңырақта бас аман, төрт көз түгел көрісуге жазсын» деп тілек білдірді.

Майдангер Жұмағалиев те өз кезегінде құрмет көрсете келген қонақтарға алғысын білдірді.

Аудан басшысы Нұрлан Рахымжанов, аудандық мәслихат хатшысы Ерболат Таңатов пен Сайқын ауылдық округінің әкімі Мейрамбек Аққалиев ауыл тұрғыны, тыл ардагері Бақыт Әженоваға да құрмет көрсетті.

Бақыт анамыз – тоқсаныншы көктемін қарсы алып, шөбере-шөпшегінің алақанынан су ішіп отырған ақ жаулықты әже.

– Ел басына күн туғанда он екіңізде еңбекке араласып, ерте есейдіңіз. Көп қиындықты көрсеңіз де, «Елмен көрген – ұлы той» деп мойымаған буыннансыз. Сіздей аға-апаларымыздың қажыр-қайраты, ерік-жігері кейінгі буынға үлгі-өнеге. Әулетіңіздің тілекшісі боп, аман отырыңыз, -деп тілегін білдірді.

Ақ жаулықты әжеміз де торқалы тоқсанын құттықтап, арнайы келген қонақтарға алғыс айтты.

Ұлпан Жакина,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

orda (1)

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале