14.11.2019, 11:49
Оқылды: 1241

Айтыс мектебі не үшін керек?

Даланың жаны дархан болғанмен, заңы қатал. Тарих тағында ханы бар жұрттың бәрін ел деп есептеді. Біздің далада ел болудың ерекше белгісі ол болмаған. Қазақ ішінде молдасы, сыртында батыры, палуаны, жүйрігі және ақыны болмаған елді ел деп есептемеген. Себебі елдің билік ханның қолында болғанмен, намысы - батырдың жүрегінде, палуанынның білегінде, жүйріктің тұяғында және ақынның тілінде еді. біздің ұлт үшін сөздің құны қандай биік, ал сөз ұстаған ақындар қандай құрметті болған десеңізші?

Қазақпен қазақтың сөйлесуінің өзі – айтыс

Дала ақындарының даңқын жайған өнер – айтыс. Айтыста тек ақын мен ақын сайыспаған. Ол жерде елдің намысы мен ары сынға түскен. Сол абырой мен арды сөздің сынынан аман алып шыққан ақынды халық расында ақын деп ардақтап, басынан сипап өсірген баладай қылып баптапты.

Алаш қайраткері, ұлттың ұстазы Ахмет Байтұрсынов айтысқа:

-Айтыс – екі палуан күрескені, екі ойыншы ұтысқаны сияқты, екі батыр жекпе-жек ұрысқаны сияқты, екі ақынның бірін-бірі сөз жүзінде аңдып, бірінің бірі қапысын тауып жеңу үшін айтатын өлеңдері. Ақындар әдісін сөз арқылы жұмсап, бірін-бірі сөзбен шаншып жеңеді. Әрқайсысы сөзбен шаншуға қолайлы, осал – оңтай жерін іздейді. Басында, ісінде, жұртында, ұлтында болған осалдық, кемшіліктерді айтып, сөзбен ұялтып, яки сөзбен қамап, жан-жағын бөгеп тоқтатады.» - деп мінездеме берген.

Айтыс ақыннан ақындықты ғана емес, әншілікті, актерлікті, домбыра, баян секілді аспаптарда ойнай алатын мықты музыкалық қабілетті, оның бер жағында діни әрі дүнияуи білімді, талап етеді. «Батыр ақын болмаса, батырлыққа мін емес, ақын батыр болмаса, көрген күні күн емес» деген сөз тағы бар. Намыс үшін сөйлейтін жүректің батырлықты байқатпауы, ерлік көрсетпеуі тағы мүмкін емес. Жігіттіктің желі, жырдың жалыны күнінде қай жігітті жүйрікке мінгізбеді? Былай айтқандай, ән мен сөз өнері арқылы қазақ даласында өзі ақын, өзі әнші, күйші, елдің назарын аудармай қоймайтын болмысты, күреске түссе палуан, жекпе-жекке салса батыр, атқа мінсе арқа бітетін әмбебап тұлғалар – сал-серілер пайда болды.

Байтақ Қазақияның басқа өңірлері секілді, Сырым өңірінде де сөз әуелден салтанат құрған. Айтыстың ақ байрағы бұл жақта баяғыдан желбіреп тұр. Айтысты тек сахналық өнер десек, оның халықтың сипатын кемітіп әрі өнер деген аясын тарылтып аларымыз анық. Қазақтың қазақпен сөйлесуінің өзі – айтыс.

Алысқа бармай-ақ, сөзімізге айқын дәлелді батыр, шешен Сырымның ауызынан да табамыз.

«Сырым он бес жасында бір құшақ отын құшақтап, Нұралы ханның ауылының сыртынан өтіп бар жатса, иығына шапан жамылып, далада тұрған хан баланы шақырып алып:

-Үй ішінің кемдігі отын-сумен жетіледі, ауыл сыртынан отын ұрлап, есің неден кетіп еді? - дейді.

-Тақсыр! Даланың отыны - олжа, суы – нұрлық. Біреудің малы мен ақысын жеу – ұрлық! - деп жөніне жүре беріпті».

Немесе:

«Сырым жолаушылап келе жатып бір үйге түседі. Бойжеткен қызды сынау үшін сөзбен қағытады. Сырым:

-Мынау үйдің мінсізін-ай, Тек шаңырағы шалқақтау екен! - десе, қыз:

-Шаңырағы шалқақ болғанмен, Түтіні тура шығады мырза! - депті.           Міне, Сырымның Нұралы ханмен сөз қайтарысып, ой тірестіруі, бойжеткенге өрнекті сөзбен сауал тастауы, бойжеткеннің өткірлеу етіп жауап беруі - бәрі де айтыс. Айтыс осылай қазақтың өнеріне ғана емес, өміріне айналып кетті.

Жамбылмен айтысқан Мүбіш ақын

Шынын айту керек, Сырым өңірінде сөз ұстаған шешен-билер, батырлар туралы естігенмен, айтысып, дәл сал-серілік дәстүрді ұстанған жандардың атын анабір білмейді екенбіз. Бұл 19 ғасырдың соңына қатысты әңгіме. Осы айналада, кешегі ғасырдың басында Мүбіш деген ақын болған екен. Оны күнінде Жымпитының аудан ақыны болған айтыскер, бүгінгі Жосалы ауылдық округі Қоңыр ауылының тұрғыны Закария Молдағалиев айтты.

-Мүбіш деген ақын Тана руының Бессары бөлімінен шыққан. Әуелде Бессары Таналар Шыңғырлаудың Шаңды деген жеріне қоныстаныпты. Мүбіш сол жақтың бір ақынымен айтысып, қарсыласы оған «Сен түгілі, Таналардың менің бетіме келетін жөні жоқ! Көшіп келіп, жеріме малыңды қаптатып отырсың. Неге күпсисің? Біздің суды ішіп отырсыңдар!» деп жері мен суын бұлдайды.

Намыс деген қоя ма, Мүбіш: «Бұлдап отырғаның жер мен су болса, сол суыңды ішпей-ақ қойдым, жеріңе тұрмай-ақ қойдым!» деп, бір түнде ауылын жинап, көшіп кетіпті. Біздің аталарымыз Жосалының Тұйық деген жеріне солай келген, - дейді Закария ақын.

Мүбіш шынында да өте қабілетті ақын болған. Тіпті ел арасында оның Алматыға барып, жыр алыбы Жамбыл Жабаевпен айтысты деген әңгіме де бар.

-Мүбіш ақын және Жуынбай деген домбырашы 1930 жылдардың басында Алматыға барған. Жуынбайдың руы - Масқар, өзі домбыраны қолдан жасайтын шебер болыпты. Фестивальде екеуі де керемет өнер көрсетіпті. Екеуінің өнеріне разы болғандар, «Мұндай таланттарды Алматыға алып қалу керек!» деп шулапты. Ауылдан шығып көрмеген даланың қазақтары Алматыға қалып қоюдан қорқып, қулыққа басыпты. Жуынбай домбыраны дұрыс ойнамай, Мүбіш болса айтысында екі сөздің арасында «Құдай, Алла» деген сөздерді қоса берген. Ол уақыт «Құдай жоқ!» деп үйреткен қызыл империяның дәурені жүріп тұрған кез. Содан ұйымдастырушылар «Күйші домбыраға шебер емес, ал ақыны - құдайшыл! Мұндай адамдар керек емес!» - деп оларды елге қайтарыпты. Екеуі мәз болып ауылған келген.

Мүбіш сол сапарында әйгілі Жамбылмен айтысқан. Білуімізше, біраз тұқыртқан. Бірақ Алматыға алып қалар деген қорқыныш оның кең көсілуіне кедергі болған. Мүбіш ақынның өлеңдері аз сақталған. Ақын, жазушы Асқар Тоқмағамбетовтың қызыл түсті «Айтыс ақындары» кітабында «Маркс ауылдық советінің ақыны Мүбіш Қуанышәлиевтің өлеңі» деген бірер шумақ өлең бар. Біз оны оқыдық, - дейді Закария Молдағалив.

Мүбіш Қуанышәлиев деген ақынның болғандығы, оның Жамбылмен айтысқаны – біз үшін керемет жаңалық әрі зерттейтін тақырып болды. 1920-30 жылдары халық арасындағы талантты орындаушыларды іздеп тауып, кеңестік музыкалық ұжымдарға тарту үшін слеттер мен байқаулар көп өткені белгілі. Шамасы, Мүбіш пен Жуынбай сол слеттердің біріне қатысқан болуы керек.

Шыңғырлаулық әріптесіміз, журналист Қаршыға Елемесовпен хабарласып, Шаңды деген жердің әлі бар екенін, сол айнала бұрын су бөгеген бөгеттің болғанын білдік. Шаңды Шыңғырлау ауданы, Ақтау ауылдық округінің иелігіне кіреді екен. Сол жақтағы шалдармен сұхбаттасып, Мүбіштің кіммен айтысқанын білу, Сырымның даласында Мүбіш ақынмен тұстас ақындар тағы болды ма, сол сұраққа жауап табу, А.Тоқмағамбетов құрастырған «Ақындар айтысы» деген кітапты тауып, Мүбіштің басқа да баспаға түскен өлеңдерін жинау, Алматы қаласында өткен слеттер мен байқауларына қатысқан таланттардың тізімін табу, олардың арасында Мүбіш ақын мен Жуынбай домбырашының болғанын анықтау, Мүбіштің Жамбылмен айтысқанын дәлелдеу – біздің мойынымыздағы шаруа. Оған қуана-қуана кірісетін ойымыз бар.

Жосалыдан табылған «олжа»

Сырым өңіріндегі дала ақындарының дүбірін соғыстан кейінгі жылдары сол кездегі аудандық «Қызыл ту» газетінің редакторы, ақын Қуан Тастайбеков тірілтті. Жымпитыдағы ең бірінші ресми айтысты Қуан Тастайбеков ұйымдастырды.

-60-70 жылдары Жымпитыдағы айтыс өнерінің дамыған, өркендеген шағы деп ойлаймын. Сол уақытта Қаратөбе ауданындағы айтысқа Жымпитының атынан Жаңыл Жұрмағанбетова, Асқар Сұлтанов, Энгельс Шыңғали және Ғафур Құсайынов төрт ақын барыпты. Бір ауданнан төрт ақынның облыстық додаға қатысуы – ауданда айтыстың жиі өткендігін, іріктеу кезеңдерінің де сапалы болғанын білдіреді.

суретте Ғафур Құсайынов

суретте Ғафур Құсайынов

 Ғафур Құсайынов – мықты ақын ғана емес, сал-серілердің сарқытындай сан өнерге ие жан еді. Ол мықты сазгер, әнші, тіпті талантты күйші болатын. «Солдат сағынышы» деген әннің авторы өзіміздің әріптес ағамыз Ғафур екенін естігенде таң қалдым. Өйткені, бұл ән сол уақытта жастардың сүйікті әніне айналып кетіп еді. Кейіннен Ғафур партиялық мектепте оқып жүргенде академик Ахмет Жұбановпен танысты. Оның вторлық күйлері мен әндерін, Тайыр Жароков, Тұманбай Молдағалиевтардың сөзіне әндерін естіген Ахмет алтын тапқандай қуанып, Ғафурды өнердің орталығы Алматыда қалдырғысы келді. Ғафур ауылда жүргенді қалады, - дейді өзінің естелігінде белгілі ақын, Жымпитыдағы 70 жылдардағы айтыс толқынының белді өкілі, бірнеше жыл аудандық газетті басқарған ардагер журналист, ҚР Журналистер Одағының мүшесі Махмет Қажиахметов.

суретте Қыдырбай Ерғалиев

суретте Қыдырбай Ерғалиев

«Сырым елі» сол кездегі Жымпиты аудандық «Қызыл ту» газеті – өңірдегі айтысты дамыту мен айтыс ақындарының шығармашылық мұраларын халыққа насихаттауда үлкен еңбек атқарған. Бір кездегі редактор Қуан Тастайбековтың Жымпитыдағы бірінші ресми айтысты ұйымдастыруы, Ғ.Құсайынов, Қ.Ерғалиев, О.БисенғалиевЭ.Шыңғали, бертін келе М.Қажиахметов секілді айтыс жұлдыздарының газеттің шаңырағынан шығуы осыны көрсетеді.

суретте Оңғарбай Бисенғалив

суретте Оңғарбай Бисенғалиев

Жетпісінші жылдардың ортасында Жымпитыдағы айтыстың жалауын «Қызыл ту» газетінің бас редакторы Бақтығұл Ойшыбаев алды. Ол кездегі айтыстар «Бақтығұл ұйымдастырған айтыстар» деген атпен тарихқа енді.

Өңірдегі айтыстың тарихын түгендеп жүріп, Жосалы ауылдық округі, Қоңыр ауылында тұратын кезіндегі аудан ақыны, бүгінде жасы 80-нен асқан ақсақал Закария Молдағалиевке арнайы барып сұхбаттасқанымызды сөз басында айттық. Аудандық айтысқа алғаш шыққанында жырдың жүйрігі Жаңыл Жұрмағанбетоваға қарсылас болған Закария ақын Жаңылмен болған айтысын өнеріндегі өрнекті сәттің бірі деп есептейді.

1987. Qaratobe audanyndagy aitys. sol jaqtan ekinshi aqyn M.Qajiahmetov. Syrym

Қаратөбе ауданындағы айтыс. 1987 жыл. Сол жақтан екінші тұрған ақын Махмет Қажиахметов.

Закария ақынның үйіне барып, олжалы қайттық. Ақынның қолжазбалары мен баспаға шыққан айтыстарын жары Нұрсұлу әжей мен келіні Жанна Ахмедиярова мұқият сақтаған екен. Сары қағаздардың арасынан «Қызыл ту» газетінің ауданда өткен ақындардың айтыстары басылған сандарын тауып алдық. «Газеттің бұл сандары таптыра ма, таптырмай ма?» деп жүрген біз бұл табысқа қатты қуандық. «Қызыл тудың» 1976 жылдың 17 ақпанында жарық көрген №21 (6309) санында «Ақындар шықты айтысқа» атты тақырыппен екі бетке Тасқұдық совхозының ақыны Қыдырбай Ерғалиев пен Жымпиты совхозының ақыны Қанатқали Рахметовтың айтысы басылыпты. Айтыс мәтінінен кейін редакцияның:

-Осымен аудандық ақындар айтысының шымылдығы жабылды. Олар туған жер байлықтарын жырлаумен бірге көптеген кемшіліктерді орынды сынады. Бұл жолы бұрын айтысқа қатыспаған Кәкім Самихов пен баспасөз қызметкері Қыдырбай Ерғалиев өздерінің ақындық жарқын таланттарын танытты. Сондықтан бұл екеуіне де аудан ақыны деген атақ берілді. Ақындардың барлығына да бағалы заттай сыйлық берілді, - деген шағын хабары жазылыпты. Газеттің 1979 жылғы санында сұрапыл ақын, Қызыл ту колхозының ақыны Асқар Сұлтанов пен Жетікөл совхозының ақыны Кәкім Самиховтың айтысы жарияланған. Осы жылдың 26 мамырында шыққан газетке Абай атындағы совхоздың ақыны Махмет Қажиахметов пен Жосалы колхозының ақыны Закария Молдағалиевтің айтысы берілген.

1982 жылы Жымпитыда КСРО-ның құрылуының 60 жылдығы мен Қазақстанның Ресейге өз еркімен қосылуының 250 жылдығы қарсаңында аудандық ақындар айтысы өтті. Ол айтысқа іріктеу сайысы өте жоғары деңгейде жүрді. Фермалардың ақындары өзара айтысып, совхоздың ақынын анықтады. Совхоз бен колхоздың таңдаулы ақындары аудандық айтысқа қатысты. Олардың айтыстары «Қызыл ту» газетіне басылды. Аудандық газет айтысты басу арқылы ауыз әдебиетінің құнды саласын болашаққа өткір жүзімен, өшпес даңқымен жеткізді.

Айтыс нақты қай күні өтті? Кім деген ақындар қатысты? Егер «Қызыл ту» жазбағанда оны да білмеуші едік. Газеттің 13 мамырдағы санында «Аудандық ақындар айтысы» деген мақала басылыпты.

-10 майда «Самал» кинотеатрында аудандық ақындар айтысы өтті. Айтысты аудандық «Қызыл ту» газетінің редакторы, жюри председателі Б.Ойшыбаев жолдас қысқаша сөз сөйлеп ашты.

-...Халқымыз ежелден айтыс өнерін қадірлеген. Ақындар сөз сайыстырғанда мерекедей қабылдаған. Айтыс кешіне қатысушылардың барлығын осы мерекелі оқиғамен жюридің атынан құттықтаймын.

Міне, сахна шымылдығы ашылды. Қазақтың жасыл жамылған кең даласында киіз үйі тігілген көрінісі бейнеленген полотно ілінген. Сахна төріне төселген кілем үстінде домбыра ұстап, қатар отырған ақын-әншілер.
Айтыстың беташарын Қанатқали Рахметов жырмен толғап, ашты.

«Алғашқы айтыс кезегін Еңбек Қызыл ту орденді, Коммунистік еңбек коллективі «Правда» газеті атындағы совхоздың ақыны Жібек Қажығалиева мен Бүкілодақтық Социалистік жарыстың озаты КПСС XXV съезі атындағы совхоздың ақыны Бақытжан Мырзахмет алды. Одан соң Қызыл Ақырап колхозының ақыны Меңдігүл Есенғалиева мен Қызыл ту колхозының атынан Асқар Сұлтанов шықты.

Келесі сөз кезегін Жымпиты совхозының ақыны Әлима Сабирова мен Тасқұдық совхозының ақыны Орынғали Молдагереев алды. Қособа совхозының ақыны Амандық Абызбаев қарсыласы КПСС ХХІІ атындағы совхоздың ақыны шықпай қалуына байланысты, өз совхозының табыстары жөнінде жыр толғады. Ең соңғы кезекте Бұлдырты совхозы атынан облысымыздың жезтаңдай ақыны Жаңыл Жұрмағамбетова мен Жосалы совхозы атынан аудан ақыны Закария Молдағалиев айтысқа түсті. Айтыс үстінде жыр нөсерін бірінен бірі асыра толғады», - делінген мақалада. Мақаланың соңында Шідерті мал бордақылау бірлестігі, КПСС ХХІІ атындағы және Абай, Жетікөл совхоздары ақындарын қатыстырмағаны үшін сыналған.

Газеттің бір пайдасы, ауданның айтысына қатысқан біраз ақынның аты-жөнін анықтай алдық. Бұлардан бөлек, әйгілі «О.Бисенғалиев» атанған Оңғарбай Бисенғалиевтың да айтысқанын, оның жары – Қапия Сармолдинаның актриса, әнші, ақын болғанын, Жымпиты айтысының тарихында Есен Баймұхамбетов, Тарғын Қошқарбаев, қыз бен жігіт айтысының көркі болған – Ғалымжан Шоқанов, Гүлнар Сариева, Аманбек Өтешов, Қуаныш Қапанов, Жанат Сайғожиева деген есімдердің бар екенін айта кеткен жөн.

Сырым өңірінің айтыс мектебі Қособа ауылының тумасы, белгілі ақыны Бауыржан Халиолланың айтысқа келуімен қалың қазақтың алдында биіктеді. Бауыржан Халиолланың сауатты өлең құрауымен әрі өр екпінімен санаулы жылдардың ішінде айтыс көрермендерімен қатар қазақ әдебиетінің мүйізі қарағайдай өкілдерін мойындатты. Ол батыл сөйлеп, батырып сөйлеп қалың қазақтың жырдағы жауынгеріне айналды. Бүгінде Қ.Мырзалиев атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры қызметін атқаратын ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі Бауыржан Халиолла қазақ айтысының өркендеуіне, жас айтыскерлердің жарыққа шығуы жолында жойқын қызмет қылып жүр.

Мақаланы дайындай жүріп, елге белгілі айтыс ақыны, Жайық айтысының жұлдызы Шолпан Қыдырниязовамен де сұхбаттастық.

-Жымпитыдағы айтыс десе, менің ойыма бірден Жаңыл апамыз келеді. Жаңыл – қазақ айтысының қасиетті аналарының бірі. «Жыр жампозы - Жаңыл» деген тіркес те болды айтыста. Біздің облыстың ақындары Қостанайға жолдастық кездесу өткізуге барғанда ақындар көшін Жаңыл бастаған. Жымпитыдағы айтыстың мінезі – Жаңылда, сатирасы мен юморы – Асқар Сұлтановта еді. Асқар мен Нығмет Нағымов Батыс Қазақстанда айтыстың сатирасын дамытты. Ал сахналық сән мен мәдениет – Қанатқали Рахметовта болатын. Сахнаға Қанатқалимен бірге мәдениет шығатын. Бауыржан Халиолла – Батыстағы айтыстың табысы деп санаймын. Ол қазақ айтысына құбылыс болып келді, - деді Шолпан ақын.

Иә, бір Бауыржанның өзіне еліктеп соңғы жылдары Санат Кәрімов, Бекболат Хайруллин, Мақсат Тұяқ секілді ақындар айтысқа шықты.

Менің өзіме де Бауыржан Халиолланың шәкірті болу бақыты бұйырды. Бүгінде айтыстың атасы Жүрсін Ерманның жүйріктерінің арасында Сырым ауданының жыр жалауын көтеріп жүрген жайымыз бар.

Айтыс мектебі не үшін керек?

Айтыс, соның ішінде Сырымдағы айтыс мектебі осы күнге абыроймен жетті. Ол мектепті жалғастыру – бізге борыш. Дүбір жалғасып, даңқ жайылуы үшін жаңа буын керек. Ол буын Сырым топырағының өзінен шығуы және керек. Осы уайыммен Сырым ауданынан айтыс мектебінің жұмысын бастауды ойлағанымызға да біраз болған. Ұсынысты алдыңғы буынмен ақылдастық, атқамінерлермен кеңестік. Ешкім қарсы болмады. Закария қарт:

Ақын болу табиғаттан екені даусыз. Десекте, біз ақындық қабілетті оятуға міндеттіміз. Ол үшін әр ауылда домбыра үйірмесі жұмыс жасаса ғой. Домбыраның дүбірі жүректегі жырды да оятпай қоймайды, - деді.

Шолпан апамыз:

 Ақындар мектебінде оқығанның бәрі ақын болмауы мүмкін, бірақ бәрі адам болады. Ақындық адамды тәрбиелейді. Айтыс – бұлақ. Сол бұлақтың көзі елдің ішінде бар, тек іздеу керек. Айтыс деген бұлақтың көзі ашылса, асыл мұраға айналады. Бұрындары партия ақындарды идеологиялық құрал есебінде пайдаланды. Ел қазіргідей биліктің бетін жыртқан жоқ. Бірақ ақиқат айтылды. Халықтың сөзі ақындардың ауызымен айтылды. Бізге сол мәдениетті дамыту керек. Айтысты «Nur Otan» қолдайды деп қуанудамыз. Партия айтысты мансап жинайтын шара емес, елді біріктіретін демократиялық күш деп түсінсе деймін», - деп толғанды.

Сабақты ине сәтімен болып, осы айдың аяғында Жымпитыда ақындар мектебі ашылмақ. Сол мектеп айтыстың жаңа буынын тәрбиелейтін шаңырақ болсын, сол буын арқылы айтыс көші жалғассын деп тілеп отырмыз. Бастаманы жергілікті билік қолдап, аудандық мәдениет бөлімі бар жағдайды жасауға уәде берді. Қолдау мен жағдай болса, нәтиже де болады деп ниеттеніп біз отырмыз. Закария қарттың сөзі де ойлантты. Расымен де, айтыс мектебіне тек өлең шығарып үйрететін ақын емес, домбыра үйрететін маман да керек-ау. Себебі айтыс сөздің сиқыры мен домбыраның дүбірі қосылғанда да ажарлы, базарлы өнер болмай ма?

Бауыржан Ширмединұлы

айтыскер ақын, халықаралық, республикалық айтыстардың жүлдегері,

Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер Одағының мүшесі

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале