1.02.2019, 11:48
Оқылды: 35

Әкім «Өрімтал» өрендерімен кездесті

Бөкей Ордасы ауданының әкімі Нұрлан Рахымжанов облыста тұңғыш рет өткізілген «Өрімтал» жас тілшілер фестивалінің жүлдегерлері мен жетекшілерін қабылдады.

 orimtal (2)

«Жайық Пресс» медиахолдингінің ұйымдастыруымен өткен шығармашылық байқауда Бөкей Ордасы ауданы бойынша 47 өрен, облыс бойынша 2000-ға жуық талапты бақ сынаған болатын. Осы байқауда бағы мен бабы қатар шапқан ордалық Талант Уәлиев (жетекшісі Айнұр Наурызова) Мұқағали атындағы жүлденің, бисендік Ақнұр Махамбет (жетекшісі Жаңылсын Отарбаева) «Қазақстан әйелдері» журналы тағайындаған Мария Қарақунақова атындағы жүлденің, сайқындық Нұршат Мұханбетқалиева (жетекшісі Бұлбұл Құбаева) «Балдырған» журналы тағайындаған Б.Соқпақбаев атындағы жүлденің иегері атанды.

Аудан әкімі Нұрлан Рахымжанов талапты өрендерді марапаттарымен құттықтап, ақ жол тіледі. Балғын тілшілер мен жетекшілеріне сыйлық тарту етті.

Аудан әкімінің орынбасары Лариса Қайырғалиева:

– Шығармашылық байқауға 47 оқушымыздың қатысуы көңілге қуаныш ұялатады. Жастарды сөз өнеріне баулитын осындай шара жалғасты болғай. Артур Мағзомов, Нартай Аралбайұлы бастаған ағаларының жолын жалғауға ниеттілердің көптігіне қуанамыз. Ата-аналарының қуанышы, елдің мақтанышы болыңдар,-деп тілегін арнады.

Аудандық редакция атынан сөз алған Ұлпан Жакина мұндай шараның шәкірттерге үлкен серпін беретін тағылымды шара екенін айтып, уақыт тауып, көңіл бөліп, өрімталдық өрендерге құрмет көрсеткені үшін аудан әкімшілігіне рахметін айтты.

Өрімталдықтар атынан Нұршат Мұханбетқалиева алғысын айтып, артқан сенімді ақтап, тұңғыштар мекені Нарынның атын аспандатуға тырысамыз деп сендірді.

orimtal (1) orimtal (3) orimtal (4)

Ұлпан Жакина,

Бөкей Ордасы ауданы

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале