2.12.2020, 9:39
Оқылды: 59

Аққала тұрғыздыңыз ба?

Қыс. Кеше ғана қара суық өңменнен өтіп, табиғаттың бұл өтпелі кейпіне де ет үйрене бастаған. Мына қалың жауған қар қыс келбетін одан әрі сұлуландырып жібергендей.

аққала (1)

Біздің бала кезіміздегідей қар қасиеті білінбей жатқан сияқты көрінді маған. Айнала ақ мамыққа оранғанда, алдымен бала көңіл ерекше қуанушы еді ғой. Терезе пердесін ысырып тастап, алақайлап далаға желең атып шығатын сол бір кездер қандай таза, пәк еді десеңізші?! Табиғаттың сұлулығын көру бала пейіліне ерекше құбылыс саналатын. Күні бойы маңдайымыз шып-шып терлеп жүріп, аққала тұрғызатынбыз. Көзіне көмір үгіндісін, мұрнына сәбіз салып, басына ескі шелекті төңкеріп, «енді іс бітті» дегенде, аққаламыз опырыла құлап түсетін. Одан кейін амалсыз ағалар көмегіне жүгінуші едік. Достары көп оның аққаласы әп-сәтте керемет боп бой көтеретін. Досым, сіңілім үшеуміз ақ тер, көк тер боп күні бойы қалаған өзімізден (бойымыздан) көп аса қоймайтын, бір бұрылғанда сұлап түсетін Аяз ата бейнесі емес, кәдімгі алдын ала су құйып, орын дайындап, әдемі етіп жасаған аққаласы мұрты қисаймай, бірнеше күн сақталып тұратын. Содан соң, ең бірінші басындағы шелегі қисайып, мұрны (сәбіз) «ұшып» түсетін. Енді бір қарағанда бойы отырып, күннен-күнге «шөгіп», бір күндері домаланған денесі ғана қалатын.

Биыл да қар қалың түсті. Күн жарым бойы толассыз жауып, айналаны аппақ көрпеге орады. Заман өзгерді ме, әлде біздің бала кездегі риясыз сезім азайды ма, қар домалақтап немесе аққала тұрғызып жатқандар аса байқала қоймайды. Мүмкін, адамдардың уақыттары жоқ шығар. Әлде бала көңілге табиғаттың сұлу бейнесі үйреншікті боп кетті ме екен?!

Әйтеуір, қыс кейпіндегі беті нарттай жанып, екі езуі құлаққа жеткен аңғал балалықты таппай-ақ қойдым. Жалаңаш теректерге қонақтаған ұлпа қар боямасыз ғұмырдың қайталанбас күндерінен сыр шертетіндей. Айналадан аққала тұрғызған бала пейілді жандарды іздедім. Таба алмадым. Бәлкім, менің көзіме көрінбеген болар-ау. Асығып жүрген бір адам. Зымырап жатқан өмір. Айтпақшы, сіз аққала тұрғыздыңыз ба?..

Гүлнар Тасболатқызы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале