22.09.2017, 15:19
Оқылды: 18

Ақпараттық жұмыс тобының кеңесі

 

Ақжайық ауданының орталығы – Чапаевта  «Тұрақтылық кепілі – қауіпсіздік» жобасы аясында ақпараттық жұмыс тобының кеңесі өтті.

Жиынға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Орынша Бақтығалиева, аталмыш топ өкілдері өңірімізге танымал блогерлер - «Жайық Пресс» ЖШС ақпарат орталығының жетекшісі Нұрлыбек Рахманов, облыстық «Орал өңірі» газетінің тілшісі Нұртай Текебаев, белсенді жастар мен мектеп оқушылары қатысты.

-Қазіргі таңда күрделі мәселеге айналып отырған діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында жіті жұмыстана түсуіміз керек. Әсіресе, қоғамдық пікір тудыратын түйткілді тақырыптар жайында ақпарат таратуда сақтық қажет,-деді Орынша Бақтығалиева.

Нұрлыбек Рахманов алдымен блогерлер туралы түсіндіре келіп, олардың виртуалды әлемдегі жұмысы мен қоғамдағы орны, интернет ресурстарын талғаммен пайдалану жайында кеңінен әңгімеледі. «Бүгінгі таңда интернет қолданушылардың жас ерекшелігінде шектеу жоқ. Ізденген әр адамның ғаламторға жүгінетіні сөзсіз. Дей тұрғанмен, әлдебір арандатушылардың сөзіне ермей, әлеуметтік желілерді мақсатты түрде пайдалансақ қана санамыз артық, пайдасыз ақпараттармен уланбас еді»,-деді ол өз сөзінде. Сонымен қатар ол желілердегі түрлі зорлық-зомбылыққа, бөтен идеологиясына төтеп берудің төте жолы – қазақы  салт-дәстүріміз бен тамыры терең тарихымызды білу екенін баса айтты. Н.Рахманов жиынға қатысушыларды ақпараттық қауіпсіздікпен қатар сауатты жазуға, ғаламторға қажетті деректерді барынша өз тілімізде жүктеуде  шақырды.

«Орал өңірі»  газетінің тілшісі Нұртай Текебаев түрлі теріс діни ағымдардың әлеуметтік желілер арқылы үгіт-насихат жүргізіп отырғанын сөз ете келіп, аса сақтық керек екенін еске салды. «Ақпараттық қауіпсіздік бірінші орынға қойылуы керек деп ойлаймын. Бұрыс деректің салдарынан жалған ағымның жетегіне кеткен жандардың көбі ата салтымызды мойындамай, дәстүрлі емес діни шарттардың шеңберінен шыға алмай жүр. Бұл тұрғыда өзімізді-өзіміз қадағалауымыз қажет»,-деді ол.

Шараға қатысқан ақын Мәлік Берді Әлі, кәсіпкерлік бөлімінің бас маманы Жәлел Жолдығалиев басқосудың маңыздылығына тоқталып, толғамдарымен бөлісті. Айта кетейік, «Тұрақтылық кепілі – қауіпсіздік» жобасының төртінші бағыты саналатын бұл ақпараттық жұмыс кеңесінен басқа бес бағыты бойынша түрлі басқосулар ұйымдастырылып, жоба жұмыстары жалғасын табатын болады.

Бекболат ҚАЛЕНОВ

Ақжайық ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале