9.08.2017, 16:57
Оқылды: 42

Ақсай қаласына  - 50 жыл  

 

Қала күні 16 қыркүйекте тойланбақ. Шаһарда мерейтойға әзірлік шаралары жүруде. Әкімшілік қала тұрғындары мен қонақтары қызықтайтын әсем жерлер мен тың жобалардың дайындалып жатқандығын айтады.


Ақсайдың негізі тура жарты ғасыр бұрын қаланды. Осы аралықта шағын бекеттен сәні мен салтанаты жарасқан шаһарға айналды. Бұл әлемге әйгілі Қарашығанақ кенішін игерудің нәтижесінде мүмкін болды. Қазір де қала заман ағымымен бірге адымдап, қарыштап дамып келеді.      Инфрақұрылымы жақсарып, жаңадан тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Биыл 17 көше жөнделіп, арықтар мен жаяу жүргіншілер жолдары жаңғыртылды.

Көктем шыға басталған мерейтойға әзірлік аяқтала келді. Бүгінде қала көшелерін безендіру қарқын алған. Сегіз көп қабатты үй қазақы нақышта әрленсе, көшелер мен аулаларға жалаушалар мен гүлді аркалар орнатылуда. Одан бөлек қала көшелеріне арқар, барыс тәрізді түрлі жануарлардың мүсіндері қойылуда. Мерейтойда тұрғындарды тосын жаңалақтар күтіп тұр дейді шаһар басшылығы.

«Ақсайдың мерейтойын тойлауға әзірлік жұмыстары қарқынды. Шағын археологиялық жобалар да жоспарда бар. Тұрғындар мен қала меймандары тынығатын саябақтар жылдағыдан ерекшеленіп тұратын болады. Бағандарға «50» деген жазуы бар жалаушалар ілінеді. Себебі қала мерейтойына әзірленіп жатқандығын тұрғындар мен қала қонақтары білуі тиіс», - деді қала басшысы Бегімжан Жармұхамбетов.

Қыркүйектің он алтысына межеленген қала күніне байланысты түрлі мерекелік бағдарламалар жоспарланып отыр.

Айым НҰРҒАЛИЕВА

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале