11.06.2018, 18:04
Оқылды: 25

Ақсайда 100 отбасыға көмек көрсетілді

Ақсай мешітінің қызметкерлері өңірдегі көп балалы, аз қамтылған және жалғыз ілікті қарияларға азық-түлік таратты. Барлығы 100 отбасы ізгі амалдың қолдауын көрді. «Рамазан сыйы» деп аталған қайырымдылық шарасы осымен төртінші жыл өтіп отыр.

«Халықтан жиналған пітір садақа есебінен мүмкіндігі шектеулі, жағдайы төмен отбасыларға көмек беріп отырмыз. Жыл сайын оздырылып отырған шара мақсаты - қасиетті Рамазан айында мұқтаж отбасыларға аз да болса көмек көрсету. Қайырымдылық ісі мұнымен тоқтамайды. Әлі де болса мұқтаж жандарға азық-түлікпен көмектескісі келетен жомарт жандардың қарасы көп. Яғни ігі іс жалғаса береді. Ал мұқтаж жандардың тізімін аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінен алдық», дейдіАқсай мұсылмандар мешітінің бас имамы Қанат Жәкенов.

Шынар Жұмалиева (фотосы бар) қайырымдылық шарасына келген жан. Үш баланың анасы. Балаларының алды отау құрса, ортаншысы студент, кенжесі оқушы. Көмекке мұқтаж жан жыл сайын мешіт қызметкерлерінің игі ісіне алғысын айтып келеді.

«Отбасымның жағдайы төмен. Өзім қазір еңбек ете алмаймын. Осы жағдайымды біліп, маған жыл сайын азық-түлікпен көмектеседі. Барша жомарт адамдарға алғысым шексіз. Еліміз аман, оразамыз қабыл болсын!» дейді Шынар Жұмалиева.

Қайырымдылық шарасы Ақсай мешіті ауласында өтіп, оған жетпіске жуық отбасы келсе, қалған отыз отбасыға берілетін көмекті мешіт қызметкерлері үйлеріне апарып берді.

Айым Нұрғалиева

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале