17.08.2017, 11:27
Оқылды: 29

Ақсайда еліміздің педагогтары бас қосты

 

Қазақстанның мектепке дейінгі білім беруіне 100 жыл. Ұрпақ тәрбиесінің негізі болып саналатын мектепке дейінгі тәрбие жұйесі жыл сайын жаңарып келеді.

Осыған байланысты жаңа технологиялар мен тың істер қолға алынды. Айталық, ауданынмызда өткен республикалық тамыз конференциясы аясындағы мектепке дейінгі білім беру педагогтерінің секциялық отырысында  интерактивті оқу-танымдық кешенін пайдаланып, балаларды үш тілді білуге үйрету жөнінде сөз болып, еліміздің түкпір түкпірінен келген педагог мамандар өзара тәжірибе алмасты.

«Қазақстанның үшінші жаңғыруы – білімнің үлесі» деп аталған биылғы тамыз кеңесі  Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы білім беру жүйесінің қазіргі қызметі мен оны әрі қарай дамыту кеңінен талқыланды. Жаңа оқу жылы қарсаңындағы атқарған істі бағамдайтын негізгі басқосу Бөрлі жерінде өтуі тегін емес. Балабақша кезегін жою мәселесі толығымен шешілген ауданда бала тәрбиесіне зор көңіл бөлініп отыр. Шет ел инвистициясы есебінен аудан орталығында 320 орындық балабақша салынса, қаланың солтүстік бөлігі мен Кеңтүбек ауылында тағы екі бөбекжайдың құрылысы қарқынды жүргізілуде.

Шараға ҚР Білім және ғылым министрлігі, ЮНИСЕФ, «Мектепке дейінгі балалық шақ» республикалық орталығы, «НЗМ» ДББҰ, Үкіметтік емес ұйымдардың, баспалар, БАҚ,  ата-аналар қауымдастығының өкілдері, ЖОО, колледждердің оқытушылары, Облыстық, Астана және Алматы қалалары  басқармаларының басшылары, мамандары, мемлекеттік және жекеменшік мектепке дейінгі ұйым педагогтары мен еліміздің түкпір түкпірінен білім саласы қызметкерлері жиналды. Алдымен қаладағы бөбекжайлардың жұмысымен танысқан олар, өңір бөбектеріне жасалып жатқан жұмыстарға қанықты. Жаңа оқу жылына білек сыбана кіріспес бұрын жылдың айтулы жиыны алдында тағы мәрте білімдерін пысықтаған педагогтар түрлі секцияларға бас сұқты. Мектепке дейінгі жастағы балаларды оқытуда инновациялық технологияларды қолданудың маңыздылығын тоқталған олар,  тәрбие мен оқытудың сапасын арттыру құралы ретінде педагог-психологтың кәсіби қалыптасуы жәйінде де сөз қозғады. Бөбектердің ойын арқылы дамуына көбірек мән берілді. Өйткені ойын технологиясын қолдану арқылы ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған психологиялық көмек қажет ақ.

Ал жарқын болашаққа негіздейтін үш тілділікті дамытуды дұрыс жолға қойған бөрлілік педагогтардың әдіс тәсілдеріне көпшілік риза болды.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуын дамыту бұл мемлекеттік саясаттың басым бағыты болып табылады. Мектепке дейінгі сапалы білім мен баланың қабілеттерін толықтай дамыту қоғам үшін маңызды. Себебі мектепке дейінгі тәрбие білім берудің ең алғашқы баспалдығы болып табылады. Еліміз бойынша 2020 жылғы дейін  3-6 жас аралығындағы балаларды толық балабақшамен қамту жоспарланған шаруа болса, біздің облыстағы көрсеткіш 99,7 пайызды құрайды. Облыс көлемінде 28 жеке балабақша жұмыс жасаса, алдағы жылдары 1500 орындық 6 жеке балабақша салынады деп жоспарлануда. Елбасы тапсырған мемлекеттік жекеменшік серіктестікті аясында облыста  4 балабақша құрылысын салу үшін құжаттар дайындалуда.

Жиында аудан әкімі Алдияр Халелов қатысып, басқосу маңыздылығына тоқталды.  Жиналғандар мектепке дейінгі ұйым педагогтарын қағазбастылықтан арылтып, балаға көбірек көңіл бөлу үшін арнайы бағдарламаның іске асатындығы айтылып, педагог мамандардың жалақысын көтеру жөнінде де сөз қозғалды.

Айым Нұрғалиева

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале