6.02.2017, 19:43
Оқылды: 25

Ақсайда құрылыс индустриясы қарқын алуда

Aksai Бүгін Бөрлі ауданының әкімі Алдияр Халелов өткен жыл қорытындысы бойынша тұрғындар алдында есеп беру жиынына арнайы келген облыс әкімі Алтай Көлгінов алдымен бірнеше нысанда болды.

  Бас мердігер «УральскСтройИнвест» салып жатқан 10-шы шағын аудандағы 320 орындық балабақшаның құрылысын көрген соң, Алтай Сейдірұлы жақында ғана іске қосылған 1-ші ,4-ші және 5-ші шағын аудандарын жылумен қамту қазандығының жұмысымен де танысты.


  Сонымен қатар өңір басшысы күрделі жөндеуден кейін қайта ашылған «Ақсай» спорт кешенінде болып, атқарылған жұмыстарды көрді.

  Өнерлі балалардың қолынан шыққан керемет туындылар мен ауданымыздағы ірілі-ұсақты кəсіпорындардың өнімдері қойылған көрмені тамашалады.

  Аудандық Мәдениет үйінде өткен есеп беру жиналысында аудан әкімі Алдияр Халелов былтырғы жыл ішіндегі атқарылған бірқатар істерге тоқталды.

  Айта кетсек, өткен жылы ауданда 1,3 трлн. теңгенің өнімі өндіріліп, инвестиция көлемі 217 млрд. теңгені құраған. Ауданда 198 агроқұрылым тіркелсе, оның ішінде 135 шаруа қожалық бар. 102 қожалық мал шаруашылығымен шұғылданады.

  "Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы аясында жалпы сомасы 2 млрд. 287 млн. теңгені құрайтын 19 жоба жүзеге асып, 66 жаңа жұмыс орыны ашылған. Жыл ішінде алты мәрте бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 384 адам жұмыспен қамтылған. Оның ішінде 33 адам - мүмкіндігі шектеулі жандар.

  Соңғы жылдар бедерінде Бөрлі ауданының орталығы Ақсай қаласының 12 көшесіне асфальт төселіп, басқалай да көркейту-көріктендіру жұмыстары жүргізілді. Ақсайлықтарды баспанамен қамтуды жақсарту мақсатында 10 көп қабатты тұрғын үй салынып, 632 пәтер баспана кезегінде тұрғандарға берілді. Шаһарда екі мектеп, екі  балабақша салынды. Сондай-ақ аудандық өлкетану музейі, Достық үйі, халыққа қызмет көрсету орталығы, спорт кешені мен көп салалы спорттық алаңдар да бой көтерді. Бұл нысандардың салынуы Ақсайда құрылыс индустриясының қарқын алуына және жергілікті жұртты жұмыспен қамтуды жақсартуға оң ықпал етті.

  Ақсай қаласының 1-ші, 4-ші және 5-ші шағын аудандарын жылумен қамтамасыз етуді жақсарту үшін қолға алынған орталық қазандық құрылысы аяқталып, тұрғындар игілігі үшін пайдалануға берілді. Жолаушы және жүк тасымалын жақсарту бағытында Бөрлі-Ақсай, Ақсай-Шыңғырлау жолдарына күрделі жөндеу жүргізілді. Тәуелсіздіктің мерейтойына тарту ретінде Ақсай қаласының үш көшесіне жалпы ұзындығы 8,2 шақырым жол тартылып, көше бойына жарықтар орнатылды.

  Мемлекеттік бағдарламалар аясында да көпген іс-шара атқарылды. Мәселен, «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде ел тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Ақсайда пайдалануға берілген 144 пәтерлі тұрғын үйге қоныстанғандардың басым бөлігі білім беру, денсаулық сақтау, ішкі істер және спорт саласының мамандары мен мемлекеттік қызметкерлер. Осы бағдарлама бойынша қаладағы «Қарашығанақ-1» шағын ауданында 10 көп қабатты тұрғын үй мен бірқатар әлеуметтік нысандар салу үшін инженерлік инфрақұрылымдар желісі тартылды. Сонымен қатар Ақсай қаласын ауыз сумен қамтамасыз етіп тұрған Бестау су тоғанын қайта қалпына келтіру жұмысы басталды. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде Ақсайдағы Совет көшесінің бойындағы көп қабатты тұрғын үйлерді өздігінен ағатын кәріз жүйесіне қосу жұмыстары қолға алынды. Бұған қоса аудан орталығындағы Халықтар достығы көшесінен бастап Утва көшесімен өздігінен ағатын кәріз жүйесі қалпына келтірілді. Ақсайдың Қызылтал шағын ауданына қарасты 40 жер теліміне инфрақұрылым тартылды. Ал «Тұрғын үй қорын жаңғырту» бағдарламасы бойынша Ақсай қаласындағы көп қабатты үйлерге тиесілі 11 лифт жөнделді. Жалпы алғанда осы бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғаса бермек.

  Осы секілді бірқатар атқарылған жұмыстарға тоқталған аудан басшысы алдағы жылдың еншісіндегі істерді де тізбектеп өтті.

  Есеп беру жиынында сөз алған аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ибрагим Измағанбетов, аудандық мәслихат депутаты, "АқсайБизнесСтрой" ЖШС басшысы Анвар Агаев, Приуралье ауылының тұрғыны, зейнеткер Салиха Құлманғожиева секілді аудан тұрғындары елдегі, өңірдегі, қала берді аудан-ауылдарда атқарылған істерге алғыстарын айтып, аудан әкімінің жұмысына оң баға берді.

Айым Нұрғалиева

Нұрбек Оразаев

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале