21.01.2021, 10:59
Оқылды: 92

Ақсоғымда ауқымды жобалар көп

Ақсоғым ауылдық округі әкімі Амангелді Ахметовтің халық алдындағы есептік кездесуі ауылдық клуб ғимаратында өтті. Есептік кездесуге арнайы аудан басшысы Арман Өтеғұлов келді.

ED6E0EC7-208D-4E31-B218-FD4D53ED6B55

1418 адам қоныстанған Ақсоғым ауылдық округі құрамына Үлкен Еңбек, Бозай, Табынбай және Ақсоғым ауылдары кіреді. Округ тұрғындарының дені мал шаруашылығымен айналысады. Тіркелген 43 қожалықтың барлығы мал шаруашылығы бағытында жұмыстанып жатқандығы сөзімізге дәлел.

Есепті кезеңде округ бойынша 3 млн. теңге көлемінде салық жиналған. Ал тұқымдық түрлендіру бағытында «Ажкеев» шаруа қожалығы 15 бас, «Жұмашев» шаруа қожалығы 10 бас асыл тұқымды қошқар сатып алған. Сонымен қатар, «Мұра», «Серік», «Жұмашев», «Марал-Бах», «Гүлсім» және «Есентаев» шаруа қожалықтары ірі қараны асылдандыру мақсатында жалға асыл тұқымды бұқалар алыпты.

Өткен жылы елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру аясында 6 млн. теңгеге Үлкен Еңбек ауылында шағын спорттық алаң, жергілікті қаражат есебінен 7 млн. теңгеге Ақсоғым ауылында шағын спорттық алаң салынған.

2020 жылы мемлекеттік қайтарымсыз грантқа 6 адам ие болып, өз кәсіптерін ашып, бүгінгі таңда жемісті еңбек етуде.

Округ әкімі баяндамасы аяқталысымен аудан басшысы Арман Өтеғұлов сөз алып, жылды қорытындылады.

- Ауылға көгілдір отын әкелу, не болмаса таза ауыз су тарту – ол кезең-кезеңімен, мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асатын жұмыстар. Округ әкімінің жұмысы шағын және орта бизнесті дамытуда, жұмыссыздар санын азайтумен көрінеді. Жоғарыда алты адам грантқа қол жеткізді деп айтылды. Олар сол қаржыны алып, өз кәсібін шынымен дөңгелетіп әкете алды ма? Міне, сұрақ. Мал алған, құс алған, кәсіп ашқан тұрғындар бар ма қазір ортамызда? Округ әкімі олармен қаншалықты тығыз жұмыс жасауда? «Маған сәл демеу болса өз кәсібімді ашып, қоғаммен біте қайнасып кете алар едім» дейтін жандарға қолдау таныту керекпіз,-деді өз сөзінде Арман Кәрімұлы.

Иә, жерлестерінен үлгі алып, тың жобаларын жүзеге асырғысы келетін ақсоғымдықтар да табылды. Мысалы, алдағы жылы тігін ательесін, шаштараз ашам дейтін тұрғындар, құс фермасы, алма не болмаса шие бағын «дүниеге әкелемін» дейтін шаруалардың бар екендігі қуантты.

 Әділет Орынбасарұлы,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале