30.07.2019, 16:45
Оқылды: 237

Ақсуатта ойын алаңы пайдалануға берілді  

Ақжайық ауданындағы Ақсуат ауылдық округі орталығында «Балдәурен» балалар ойыны алаңы пайдалануға берілді. Бұл алаңды салып берген осы ауылдың түлегі, бүгінде Бударин ауылдық округіндегі «Аманер» шаруа қожалығының жетекшісі Қанат Досқалиев. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясындағы «Туған жер» жобасына үн қосқан кәсіпкер азаматтың бұл ісіне ауылдастары дән риза болып, алғыстарын жаудырды.

Aksuat alan (3)

Алаңның ашылу салтанатына аудан әкімі Қалияр Айтмұхамбетов, аудандық мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражев, Бөкей ордасы, Жаңақала, Сырым аудандарынан ақжайықтық шаруа азаматтың тұстастары, тілектестері болып табылатын белгілі кәсіпкерлер  қатысты.

Aksuat alan (4)

– Міне, елім, жерім деген азаматтар туған ауылының түлеуіне зор үлес қосуда. Елбасымыздың бағдарламалық мақаласы осындай жаны жомарт кәсіпкерлерге бағыт меңзегені анық. Аты алысқа кеткен «Аманер» шаруа қожалығының жетістіктерін, оның жетекшісі Қанат Бақтығалиұлының шаруашылықтағы зор еңбегін әрдайым бағалаймыз. Еліне қарайласып, ақсуаттықтарға қуаныш сыйлап жатқан оған алғысымыз шексіз. Қашанда табысқа жетіп, өрлей беріңіз,-деді аудан әкімі Қ.Ш.Айтмұхамбетов кәсіпкерге алғысхат табыстап тұрып. Сонымен қатар ол «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша аудан көлемінде атқарылып жатқан ауқымды жобаларды атап, демеуші кәсіпкерлердің атқарған өнегелі істерін ризашылықпен әңгімеледі.

Aksuat alan (6)

Аумағы 20х25 метр болатын балалар ойын алаңы бүлдіршіндер үшін керемет орынға айналмақ. Қ. Досқалиев құны 6 млн. теңге тұратын алаңды құрылысшылармен, ауыл жігіттерінің көмегімен 2 ай уақыт ішінде салып бітірген. Мұнда  әткеншектің түр-түрі, сырғанақтар, кермелер, құм төселген үйшіктер, демалыс орындықтары, сәнді темір қоршаулар, жарық бағаналары орнатылған. Ортасына жасанды шөп төселіп, айналасы қиынды таспен абаттанған. Осы орынға бүлдіршіндермен қатар мектеп жанындағы шағын орталықтың тәрбиеленушілері де қызықты уақыттарын өткізбек.

Aksuat alan (2)

–Ауылға көмек қолын созуға әрдайым дайынбыз. Осы нысанды салу көптен ойда жүр еді. Отбасымызбен ақылдаса келіп, ақсуаттық балаларға осындай сый жасадық. Олар үшін де қаладағы балалардай, түрлі ойын алаңдары барған сайын көбейіп, кішкентайлар асыр салып ойнап өсуі керек. Қуаныш құтты болсын,-деді сөзден гөрі іске бейім Қ.Досқалиев.

Aksuat alan (5)

Осында ауылдық округ әкімі Ақан Ғұбайдуллин құттықтау сөз сөйлеп, кәсіпкерге естелік сыйлық табыстады. Аудандық мәслихат депутаты, қыр төсін еңбегімен түлеткен ақсуаттық тағы бір танымал кәсіпкер Ақылбек Сағитов, ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Әбухан Шоқалақов Қ.Досқалиевтің іскерлігін, туған еліне жанашырлығын, бұған дейін де қомақты қаржымен ауылға көмектесіп тұрғанын әңгімеледі. Ә.Шоқалақов ауылдастарына осындай керемет алаңды күтіп ұстау керегін баса айтты.

Aksuat alan (1)

Осы күн құрметіне орай аудандық «Балдәурен» ән байқауының жеңімпазы Гүлдария Тілекқабыл әннен шашу шашып, бүлдіршіндер би биледі. Ақылбек Сағитов алаңға жиналған балғындардың бәріне балмұздақ, түрлі тәттілерді тегін таратты.

Рахмет ҚАЛИ

Ақжайық ауданы

Суреттерді түсірген автор

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале