27.11.2017, 16:06
Оқылды: 16

Ақтайсайда жерлестер форумы өтті

Елбасының бағдарламалық мақаласынан туындайтын «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Қаратөбе ауданының Ақтайсай ауылдық округінде жерлестер форумы өтті.

Форумға қатысушы меймандар, ауыл ақсақалдары, мектеп оқушылары алдымен ауыл орталығындағы Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапқан боздақтарға арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, бабалар рухына тағзым етті.

Тағзым шарасынан соң орталық саябақ пен мектеп ауласына жас көшеттер отырғызылды. Жерлестердің басын қосқан шарада «Туған жерім – атамекенім» тақырыбында өлкетанулық шолу жасаған ауылдық мәдениет үйінің директоры Ерболат Рамазанов өлке тарихы, округтен шыққан белгілі түлғалар, табиғи ерекшеліктері, қазба байлықтары туралы жинақ шығару жұмыстарына тоқталып өтті.

Түс ауа Қаракөл ЖОББ мектеп-балабақшасында жалғасқан жерлестер форумы «Елім деп соғады жүрегім...» атты дөңгелек үстелде маңызды мәселелер талқыға түсті.

Дөңгелек үстелде сөз сөйлеген Қаракөл ауылдық округінің әкімі Нұржан Сахипов:

– Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдардарламалық мақаласы аясында 5 жоба жасақталды. Ауылдың кіреберісіне сәні мен сәулеті келіскен қақпа орнатуды жоспарлап, сызбасы дайындалды. Алакөл елді мекені көшесін жарықтандыру бойынша электр желісі мекемесінен рұқсат алынып, алакөлдік шаруа қожалығы жетекшілерінің демеушілігімен іске асыру жоспарланды. Ақтайсай ауылындағы спорттық алаңын жарықтандыру жобасы бойынша 6-8 дана шам  орнатуды жоспарлап отырмыз. Орал қаласындағы  ағайынды кәсіпкерлер Қуандық, Руслан Нұғымановтар осы жобаны жүзеге асыруға көмек беруге келісті, - деді ол.

Ауылдық мәдениет үйінде жерлестер форумы қорытындыланып, ауылдың әлеуметтік дамуына еңбегі сіңген бірқатар азаматтар округ әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Жерлестерді жинап, ауылдастардың сағынышын басқан шара ауыл көркемөнерпаздарының концертімен мәреге жетті.

Серікбай ХАСАНОВ,

Қаратөбе ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале