5.04.2017, 11:18
Оқылды: 149

Ақын Сағынтай асқаралы 60-та

Ақын Сағынтай Бисенғалиевтің мерейлі 60 жасына арналған осы аптада Алмалыда басталған жарқын жүздесу Ақсуат пен Ілбішінде жалғасты. Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің жоспарына сәйкес ұйымдастырылған бұл кездесулерде ақынын қошеметтеп келген жұрттың қарасы көп болды.

Дидарласуларда Алмалы, Ақсуат және Ақжол ауылдық округтерінің әкімдері Армат Хайруллин, Дәмелі Бекен, Тәтжан Өтемісов құттықтау сөз сөйлеп, ғұмырдариядағы талтүс жасын қарсылап жатқан ақынға естелік сыйлықтар тапсырды.

Алмалы кітапханасында С.Бисенғалиевтің осыдан бірнеше жыл бұрын жарық көрген «Жадырап жеткен жаз» атты жыр жинағына арналған әдеби-сазды кеште оның шығармашылығына шолу жасалды.

Алмалылық қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі Жасталап Бекешов, ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы Жарқынғали Ахметов, Алмалы орта мектебінің директоры Самал Дошанова құрметті қонаққа жүрекжарды тілектерін арнады.

Жұлдыз Мерекеева, Әрсен Сағынғали, Мансұр Абаев, Айкен Бекешева, Ақбота Серікова сынды оқушылар Сағынтай Орынғалиұлының «Адамдар, Ана-жүрек жыламасын!» «Тіл тағдыры», «Мәдениет меккесі» және басқа өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Оқушы Амангелді Ділдәбек, мәдениет қызметекері Ұлбазар Нұрмаханова әуелетіп ән салса, Мәдениет үйінің меңгерушісі Біржан Өмірәлі күмбірлетіп күй төкті. Ақынға көптеген сұрақ қойылып, өнер, білім, ұрпақ сабақтастығы жайында әңгіме өрбіді.

Ақсуат ауылында жастар жетекшісі Шырайлым Бақтығалиева поэзия құдіреті туралы сөз саптаса, оқушылар Әсет Кенжемұрат пен Мүсіреп Ернұр ән шырқап, кештің көрігін қыздырды.

Ал Ілбішін ауылындағы моделді кітапханада өткен «Көсем жырдан көрік іздеген» атты кеш те жоғары деңгейде өтті. Кітапханашы Айбөбек Наушева С.Бисенғалиевтың жырдәптеріндегі соңғы кездегі өлеңдерін талдады. Дильназ Назарова, Наталья Брызгина, Аяжан Мұратова, Әрсен Балғабаев сияқты әдебиетке жақын оқушылар жерлес ақын ағасының өлеңдерін нақышына келтіріп оқыды. Зейнеткер Атолла Нұрмұқанов күй тартып, Бауыржан Рысқалиев, Жасұлан Патшағұлов ән әуелетті.

Бекболат ҚАЛЕНОВ

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале